• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2013

Бізге бітімгершілік керек пе?

520 рет
көрсетілді

Бізде кезінде атауының өзі үлкен дау туғызып, әрі-тарт, бері тартпен біраз жұлмаланғаннан кейін барып қана қабылданған бітімгершілік туралы заң бар. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталды» дегендей, депутаттардың бір тобы медиация деген сөзден үркіп, қазақша баламасын ұсынып, ақ тер, көк тер болған.

 

Бізде кезінде атауының өзі үлкен дау туғызып, әрі-тарт, бері тартпен біраз жұлмаланғаннан кейін барып қана қабылданған бітімгершілік туралы заң бар. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталды» дегендей, депутаттардың бір тобы медиация деген сөзден үркіп, қазақша баламасын ұсынып, ақ тер, көк тер болған.

Алайда, «Ау, бұларың не? Қазақтың сөздік қоры бай емес пе, өз тілімізде, халыққа түсінікті тілде жазайық та» дегендерге ешкім құлақ асқан жоқ. Сөйтіп, 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне медиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдары өмірге келген-ді. Және олардың кіріспесінде бұл заң­дар Қазақстан Республикасында медиа­цияны ұйымдастыру саласындағы қо­ғам­дық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиаторлардың мәртебесін айқын­дайды деп шегелеп жазылды.

«Медиация» – латын сөзі. Делдал – екі тарапты мәмілеге келтіруші деген ұғымды білдіреді. Яғни, қара­пайым тілмен айтсақ, тараптарды қана­ғаттандыру мақсатында жүргі­зі­летін келіссөз, екіжақты татуластыру рәсімі. Аталған заңдар қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған. Қазақстан Республикасының заңдарында өз­геше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғаларға қатысты азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қаты­настарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды мәмілегерлік жолмен шешуді көздейді.

Жөн-ақ делік. Қазақстанның бүгінгі қылмыстық заңнамасындағы принциптер мен көзқарастардың ескіргені де, демек, қоғамды ізгілендіру мен нарықтық қатынастар жағдайында қылмыстық жауапкершілікті таға­йындау институтының жаңа алгоритмін дайындаудың қажеттілігі туындап отырғаны да рас шығар. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, өмірде кім қате­леспейді?! Солардың бәрін көзін жәудіретіп түрмеге тыға бергенмен мәселенің шешілмесі және анық. Одан шығар жолды кезінде ата-бабаларымыз да іздеген. Сөйтіп, олардың қатысуымен ұры-қарылардың істеріне, ауыл, ағайын арасындағы кішігірім келіспеушіліктерге, жер дауы, жесір дауларына сотқа жеткізілмей нүкте қойылып, бейбіт жолмен шешіліп отырылған. Өйткені, қазақ қай заман­да да сөзге тоқтаған, қара қылды қақ жарып айтқан билердің шешімін ая­қ­асты етпеген. Осы жайлардан хабары бар құқық саласының қыз­­мет­керлері «Медиация туралы» заң қабыл­данғанда, енді көп істерді уақыт созбай, жүйке тоздырмай шешетін болдық, көп уақытты алатын орташа және онша ауыр емес қылмыстар бойынша істер азаяды деп қуанған болатын. Заңдар күшіне енгеннен бергі уақытта олардың үміті ақталды ма, бұл жөнінде біздің қолымызда нақты деректер жоқ. Біздің білетініміз – кейбір ауыр қылмыс жасағандар осы заңдарды желеу етіп жауапкершіліктен жалтарып кетіп жатыр. Оған мысалдар жеткілікті. Жақында орталық газеттердің бірі бай баласының жүрдек көлікке мініп алып, жүйткіп жүріп, шиеттей үш сәбидің анасын басып өлтіргені туралы жазды. Аянышты жағдай. Енді не істемек керек? Қолмен істегенді мойынмен көтеру жөн. Заң органдары мәселенің ақ-қарасын анықтап, кінәліні жауапқа тартады, әрине. Жоқ, олай болмай шықты. Мұндай жағдайда күдіктінің де, құқық қорғаушылардың да есіне алдымен әлгі заң түскен сияқты.

Осыдан кейін әлгі бұзақының ата-анасы, туған- туысқандары ұбап -шұбап қара жамылып отырған үйге келеді. Өлердегі сөздерін айтады, аяқтарына жығылады, кешірім сұрайды. «Алдыңа келсе, әкеңнің құнын кеш» деген бар емес пе, қазақтың жүрегі тас емес... Осыны пайдаланып кінәлі жақ: «Алланың жазуы солай болған шығар, өлер адам өліп кетті, енді ол не істесең де қайтып келмейді, тірі адам тірлігін жасауы керек» деп көк қағаздың шетін қылтитады. Ақыры не керек, дегендеріне жетіп, 20 мың доллар беріп, балаларын түрмеден аман алып қалады. Бұл жайды көріп-біліп отырған заң күзетіндегілер: «Бұлай болмайды, бұл бітімгершілік заңының аясына сыймайтын ауыр қылмыс» демейді, тіпті, қасақана жол жүру ережесін сақтамай біреудің өмірін қиған жүргізушіні көлік айдау құқынан да айырмайды. Осының аяғы неге әкел іп соқтырды дейсіздер ғой, әлгі содыр жақында тағы бір адамды – он екі де бір гүлі ашылмаған жап-жас жігітті басып кетті. Тағы бір отбасы аңырап қалды. Бірақ одан қысылып жатқан ол жоқ, баяғы әніне басып, «кешіріңіздер, мұндай оқиға кімнің басында болмайды, жаздым-жаңылдым, бір бөлмелі пәтерімді алыңыздар, сотқа жүгіне көрмеңіздер» деп жүгіріп жүрген көрінеді.

Сонда қалай, қалтасы қалыңдар ойларына не келсе, соны істеп тайраңдай бере ме?! Әлде бұл заң тек байлар үшін ғана қабылданған ба?!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар