• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2020

Таразда «Бақытты отбасы» орталығы ашылды

1197 рет
көрсетілді

Тұрғындар арасындағы түрлі әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында Тараз қаласында «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Аталған орталық бір күнде 100 адамға қызмет көрсетеді. Отбасы институтын қолдау орталығы 2020-2021 жылдарға арналған Жамбыл облысының жол картасын жүзеге асыру мақсатында «Nur Оtan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асып отыр. 

Орталықтың мақсаты – облыстағы осал топтағы отбасыларға барлық бағытта кешенді көмек көрсету. Нысанның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, өз сөзінде «Nur Оtan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асқан отбасы орталығының осал топтарға озық үлгіде қызмет көрсететінін әрі табысы төмен отбасыларға тиімді ұсыныстар беретінін айтты. Аталған кешен 4 бағытта жұмыс істейді. Психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңес бағыты бойынша мұнда тұрғындар керек кеңестерін алса, «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы бойынша жұмыстарды үйлестіру, жұмыспен қамту шараларын қамтамасыз ету, жомарт жандардың қайырымдылық көмектерін ұйымдастыру шаралары іске асырылатын болады. Орталықтағы психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен медиаторлар халыққа керекті көмектерді көрсетеді. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие,  қайта даярлау және жұмысқа орналасу, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар төлеу мәселелері бойынша түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. 

Тұрғындар үшін тағы бір тиімділік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өңірдегі табысы төмен отбасыларға «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2 пайыздық ипотекалық несие алуға көмек көрсетіледі. Бүгінде облыста 32,6 мың көпбалалы, 15 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмекке зәру отбасылар және 45,9 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.

Жамбыл облысы