Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы саласына қолайлы аймақ болғанымен, бүгінде тұрғындарға қажетті көптеген өнімді өзге өңірлерден тасымалдап келеді. Облыс орталығындағы «Ауыл-Береке» базарында саудаланып жатқан бірқатар өнім жергілікті емес. Бұл ретте саудагерлер өзге өңірдің өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін айтады.
Ішкі нарықта Павлодар, Қарағанды облыстары мен көрші Қырғызстан мемлекетінің үлесі бәрібір жоғары екен. Мәселен, Павлодар картобын ұзақ сақтауға болады дейді олар. Қырғызстан картобы да солай. Ал Павлодардан келген сәбіздің түсі де, дәмі де бөлек деседі. Сондықтан да аталған өңірлерден келетін өнімге деген халықтың сұранысы жоғары. Осы мәселе төңірегінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев есепті кездесуінде «Басқа өңірлерден келетін азық-түлікті азайту керек. Жексенбі күні базарда болдым. Пияздан басқа Жамбыл өңірінде өсірілген өнім жоқ. Бәрі сырттан келеді. Павлодардан картоп алатын болсақ, онда не болғанымыз?», деген еді. Енді бұл бірден шешіліп кетпесе де, біртіндеп шешілуі тиіс мәселелердің бірі. Алайда бұған облыстың әлеуеті жете ме, бүгінгі таңдағы өнім көрсеткіші қандай деген мәселеге тоқталып көрейік.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Жамбыл облысы пияз өсіруден алдыңғы орынға шықты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылы өңірде 20 095 гектар жерге пияз егіліп, одан орташа есеппен 803 мың тонна өнім жиналған. Ал осы егілген пияздың 19 294 гектары агроқұрылымдарға тиесілі болса, 801 гектары шаруашылықтарда өсірілген. Пияз өсіруден қазір Шу, Қордай және Жамбыл аудандары көш бастап тұр. Қордай ауданындағы Масанчи, Сортөбе және Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе (бұрынғы Дунгановка) ауылында тұратындар пияз егумен жыл сайын әрі тұрақты түрде айналысады.
Мәліметке сүйенсек, өңірде өткен жылы 10,1 мың гектар алқапқа картоп, 3,6 мың гектарға сәбіз және 1,4 мың гектарға қырыққабат егілген. Бірақ бұл көрсеткіш пиязға қарағанда төмен. Дегенмен, басқарма берген мәлімет бойынша облыстағы негізгі көкөніс өнімдері ішкі тұтыну нормасын артығымен қамтиды екен. Мәселен, өңірде жылына шамамен 234 мың тонна картоп өндіріледі. Бұл ішкі сұранысты 2,2 есе артығымен қамтиды. Сол сияқты, өңірдегі қырыққабат, картоп, сәбіз сияқты өнімдер де діттеген мөлшерде өндірілсе, сұранысты өз деңгейінде қанағаттандырады.
Негізі жыл сайын желтоқсан мен қаңтар айларының аралығында, ірі базарларда көкөніс саудасы қала тұрғындарының сұранысына сай жүргізіледі екен. Жамбыл облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, бұл кезеңде Павлодар, Қарағанды облыстарының және Қырғызстан өнімдерінің үлесі артады. Ал ауыл тұрғындарының сұранысы күз мезгілінде жинақталған қосалқы шаруашылықтағы жергілікті қор есебінен қамтылады. «Сырттан келетін көкөністің ішкі нарықтағы үлесі жергілікті тұрғындардың тағамдық сұраныс ерекшелігіне де байланысты. Оның айырмашылығы – Павлодар мен қырғыз картобының сыртқы пішінінің тартымдылығы мен сақтаудағы төзімділігінде болса, Павлодардың сәбізі түсімен және дәмімен ерекшеленеді. Облыста 1 127,3 мың тонна көкөніс өндірілсе, ішкі тұтыну нормасы 197,8 мың тонна. Ал сыртқа 929,4 мың тонна өнім шығарылса, наурыз-маусым айларындағы тәуелділік 22,1 мың тоннаны және өңірлермен өзара тауар алмасу көлемі 66 мың тоннаны құрайды», дейді Берік Нығмашев.
Жамбыл облысының бірқатар аумағын картоп өнімімен қамтамасыз етіп отырған «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев бүгінде сапалы тұқымның жоқтығын айтады. Бұл үшін сапалы тұқымды тағы да Павлодар өңірінен әкелу керек. Осы сияқты кейбір мәселелер өңірде өнім өнімділігін арттыруға, жалпы халықтың сұранысын қанағаттандыруға кедергі келтіруде. Әйтпесе, «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, сонау қиырдағы солтүстіктен емес, картоп және сәбіз өнімдерінің жергілікті жерде жеткілікті өндірілгені де экономиканың одан әрі дамып, жетілуіне жағдай жасайтын еді...
Жамбыл облысы