«ҚазТрансОйл» АҚ мен компания жұмыскерлері арасында Ұжымдық шартқа қол қойылды. 27 ақпанда «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов және компанияның барлық жұмыскерінің мүддесін білдіретін 5 жергілікті кәсіподақ өкілдері алдағы үш жылға Ұжымдық шартқа қол қойды. Қол қою барысында қатысушылар Ұжымдық шарттың заңды маңызы мен құқықтық сипатын растады, оны қолданылу мерзімі ішінде орындауға міндеттенді.
«Ұжымдық шарт – бұл компанияның әлеуметтік саясатының негізі. 2016 жылғы желтоқсанда қол қойылған бұрынғы Ұжымдық шарт өз қолданысын аяқтады. Шарттың жаңа редакциясы алдыңғы жылмен салыстырғанда жаңартылды. Бұған компанияның өндірістік бөлімшелерінің еңбек ұжымдары берген ұсыныстары ықпал етті», деп атап өтті «ҚазТрансОйл» АҚ-ның бас директоры Димаш Досанов.
«ҚазТрансОйл» АҚ Қазақстанның 11 өңірінде жұмыс істейді. Компанияның жұмыскерлері – жоғары бәсекелестік позицияларды қамтамасыз ететін негізгі стратегиялық капитал. Сондықтан еңбек жағдайларын, сыйақы және ынталандыру жүйесін үнемі жетілдіру, сондай-ақ жұмыскерлерді оқытуды дамыту және әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру компанияның кадр саясатының негізгі басымдықтары саналады.
Жаңа Ұжымдық шарттың негізгі айырмашылығы – еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі. Осы жүйе аясында 2020 жылғы 1 наурыздан бастап:
негізгі өндіріс жұмысшылары жалақысының өсуі; «ҚазТрансОйл» АҚ өндірістік бөлімшелері жұмыскерлерінің еңбекақысында бар сәйкессіздіктерді қысқарту; жұмыс кәсіптерін негізгі өндіріске, көлік саласына және қызмет көрсетуші ұжымға бөлу; «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға ұқсас компанияның өндірістік ұжымы үшін бірыңғай сыйақы жүйесін енгізу көзделеді.Ұжымдық шарт «ҚазТрансОйл» АҚ жұмыскерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген деңгейден төмен емес әлеуметтік қорғау кепілдігін қамтамасыз етеді. Онда мынадай негізгі әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған:
ерікті медициналық сақтандыру туралы шарт жасасу арқылы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі; бала 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша демалыстағы жұмыскерлерге ай сайынғы жәрдемақы төлеу; жас балалары бар әйелдерге жұмыс уақытының икемді кестесі; 1,5 жастан 6 жасқа дейінгі баланы (балаларды) асырауға ай сайынғы төлемдер; демалыс кезінде балалардың лагерьлердегі демалыс құнын бір ауысымда 30 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде өтеу; компанияның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен тұрғын үй жалдау бойынша шығыстарды өтеу.Аталған құжаттың қосымша жеңілдіктері ретінде мектепке дейінгі және (немесе) мектеп жасындағы балалары бар көп балалы жұмыскерлерге (заңды өкілдердің біріне) 2 күнге қосымша ақылы еңбек демалысын беру болды. Сондай-ақ 10 жылдан астам үздіксіз жұмыс өтілі бар жұмыскерлер компания қаражаты есебінен санаториялық-профилактикалық емдеуден өтуге мүмкіндігі бар.
Ұжымдық шартқа қол қою рәсімі аясында «ҚазТрансОйл» АҚ ұжымы «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің алғыс хатымен және «Әлеуметтік серіктестік үшін» арнайы сыйлығымен марапатталды.
Айта кетелік, «ҚазТрансОйл» АҚ – магистральды мұнай құбыры бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың шақырымды құрайтын магистральды мұнай құбырларының әртараптандырылған желісіне ие. «ҚазТрансОйл» АҚ-тың өндірістік нысандары Шымкент қаласы мен Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.
«ҚазТрансОйл» АҚ және оның жұмыскерлері арасындағы әлеуметтік қорғау саласында алғашқы Ұжымдық шартқа 2016 жылғы желтоқсанда қолдану мерзімі 2017-2020 жылдарға дейін қол қойылды.
Ұжымдық шарт компаниядағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейді және жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау, әлеуметтік әріптестік шеңберінде мүдделердің оңтайлы теңгерімін сақтау, «ҚазТрансОйл» АҚ қызметінің тиімділігін арттыру, компанияның өндірістік-экономикалық қызметінің нәтижелері үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында қабылданды.