Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудің, сондай-ақ оларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуді ұсынудың өзекті проблемаларын талқылауға арналған кеңейтілген отырысы өтті.
Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтановтың төрағалығымен өткен жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Ішкі істер министрлігінің өкілі Арыстанғали Сапаров тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралардың іске асырылуын баяндап, сөз сөйледі.
Комиссия отырысының жұмысына заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-құрылымдардың өкілдері, заңгерлер қатысты.
Талқылау барысында комиссия мүшелері адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтынын, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайтындығын тағы бір атап өтті. Сенат депутаты Андрей Лукин бүгінде еліміздегі отбасыларда қаржылық әлімжеттік деген түсініктің де қалыптасқанын мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, отбасы асыраушысы жұмыс істемей, отбасы материалдық жетіспеушілік, мұқтаждық көреді.
Сөз сөйлеген сарапшылар «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуде халықаралық тәжірибені ескеру қажеттігін ескертті.
Талқылауға қатысқан сарапшылар қатыгез қарым-қатынасқа қарсы іс-қимыл саласындағы проблемалар мен міндеттердің ведомстволық қана емес, қоғамдық, мемлекеттік сипатқа ие екенін, азаматтық қоғамның белсенді қатысуымен биліктің барлық тармақтарының күш салуы, тығыз өзара іс-қимылы қажет екенін атап өтті.
Комиссияның отырысында тұжырымдалған оның ұсынымдары Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкіметтің назарына жеткізілетін болады.