Рухани кемелдік пен тереңдікке дәстүрлі дінді дұрыс ұстана білу арқылы жетуге болатыны ешқандай талас туғызбайды. Газетімізде бұған дейін жазылғанындай – дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің емес пе? Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамымызда осы қағиданы елемей, ескермей жүргендер де табылады. Сөйтіп олар теріс ағымдардың жетегінде кетіп, белгілі бір өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығына сызат түсіреді.
Осындай көріністер бүгінгі күні Ақтөбе аймағында да байқалады. Мұны да бейне бір дерттің алғашқы көрінісі десек, сол дертті асқындырмай, ушықтырмай дер уақытында уытын қайтарудың жолдарын іздестіре білгеннің пайдасы мол болмақ. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжановтың айтуынша, биыл бұл мәселеге қатысты жұмыстарды үш бағытта атқару көзделген.
Оның алғашқысы болуы мүмкін теріс құбылыстардың алдын ала білу болса, екіншісі ретінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының мазмұнын байыта түсу белгіленген. Ал үшінші кезекте оңтайландыруға қатысты жүргізілетін істерді бір ізге түсіру қарастырылған. Теріс діни ағымда адасып жүрген жандардың бетін бері бұру, олармен ортақ тіл табысып сөйлесе білу үстірттікті көтере алмайды. Бұған да арнайы әзірлік, терең дүниетаным және деректерді жан-жақты зерделей білу қажет.
Тиісті түсіндіру жұмыстары сенімді, орнықты әрі дәлелді болған жағдайда ғана сапалық қасиетке ие бола алады. Әйтсе де өңірде дін істерін қадағалап, оған тікелей жетекшілік жасайтындар көп жағдайларда сапалық деңгейді алдыңғы кезекке қоюдан гөрі, «өткен жылы пәленбай адамды қамтыған пәленбай іс-шара мен кездесулер өткізіліп, биыл мұншама іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз», деген сынайдағы сан қуалау аясынан аса алмай жүргені де қынжылтпай қоймайды.
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей, өңірде теріс жолға түскендердің арасында дәстүрлі Ислам дініне қайтадан бет бұрып жатқандар да бар. Әйтсе де аймақта деструктивті діни ағымда жүргендердің жалпы нобайы бойынша алғанда, бұл бөрікті аспанға ата қоятындай жоғары нәтиже емес.
Бұған дейінгі жасалған журналистік зерттеулер мен талдаулар «қайтып үйірін тапқандардың» дені негізінен Ақтөбе қаласында екенін көрсетеді. Алайда тұтастай облыс аумағында, соның ішінде Мәртөк, Ойыл, Әйтеке би және Қобда аудандарында деструктивті діни ағымды ұстанып жүрген бірде-бір адамның дәстүрлі дінге қайтадан кірмегені тиісті түсінік жұмыстарының жартыкештігін көрсетеді. Осы орайда облыстың Темір, Хромтау және Байғанин аудандарында да діни ахуал әзірге күрделі күйінде қалып отыр.
Жүргізілетін іс-шаралардың ықпалды әсері мен тигізетін пайдасын тереңдете түсудің қажеттілігі де осында. Мұндай кезде аталған іс менің құзыретіме кірмейді, бұл теологтың атқаратын шаруасы деп жауапкершілікті өздерінен ала қашатын өкілетті органдардың өкілдері де кездеспей қалмайды. Мұндай сыңаржақ көзқарас жағдайында өңірдегі діни ахуалды саралау ісі толыққанды бола алмайтыны Аллаға да, әмбеге де аян болса керек. Әрине ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен әртүрлі әлеуметтік топтарды неғұрлым көбірек қамти білу ешқандай артықтық етпейді. Бұл ретте облыстағы «Ансар» ақпараттық-талдау орталығының атқарып жүрген қызметі құптауға тұрарлықтай.
Оның жетекшісі Нұрсұлтан Жаншиннің айтуынша, бұл бағыттағы атқарылатын істердің арнасы тартылып көрмепті. Оған жастар мен жасөспірімдер, базарда сауда жасайтындар, сауда-саттықпен айналысатын өзге де жеке тұлғалар, оралмандар мен сырттан келген жұмысшылар, вахталық әдіспен еңбек ететіндер және түзету мекемелеріндегі жазасын өтеп жүргендер қамтылған екен.
Бүгінгі күні тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік желіні пайдаланатыны белгілі. Осы кеңістікке де орталық үні тұрақты түрде естіліп тұрады. Сөйтіп «Ансардың» мамандары ВКонтакте, Instagram желілеріне бақылау жүргізуді қолға алыпты. Бұл істе орталық парақшасының тигізіп жүрген пайдасы да аз емес. Осы арқылы тұрғындар діни қарым-қатынастарда өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар беріп, кеңестер ала алады. Сондай-ақ ақпараттық топтың атқарылған шаралары да желі парақшаларынан көрініс тауып тұрады.
Орталықтың деструктивті діни көзқарастағы азаматтармен жүргізілетін жұмыстары тек мұнымен шектелмейді. Сондай-ақ олар мұндай топқа кіретіндер арасында спорттық сайыстар ұйымдастыру ісіне де ұйытқы бола біліпті. Осылайша «ансарлықтар» теріс жолда жүргендермен жете танысып, олармен тереңірек түрде түсінісуді мақсат етіпті.
Өңірде дін істерін үйлестіріп отыратын ұйымдар тарапынан: облыста діни ахуал тұрақты деген тұжырымдар үнемі айтылып жүр. Расында да солай ма? Әрине діни ахуал мен қарым-қатынастардың тұрақты болғанына не жетсін? Барша тұрғындар мен жұртшылық және жергілікті атқарушы органдардың көздеп жүрген басты мақсаты да осы емес пе? Әйтсе де діни ахуал тұрақты дей тұрсақ да, бұл мәселеде жоғарыда айтылғандай әлі де болса шешімін таба алмай жүрген жайттар мен мәселелер бар екені назардан тыс қалмаса болғаны да.
АҚТӨБЕ