Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында коронавирустан сақтануға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы Бас директоры Арнұр Нұртаев дені сау адамдарға медициналық маска кию қажет емес екенін атап өтті.
«Ақпан айының басында дәріханалардың бөлшек желілеріндегі медициналық маскалардың қалдығы 9 миллионнан астам болды. Алайда коронавирустық инфекцияның айналасында пайда болған дүрлігуге байланысты оған деген қажеттілік 30 миллионға дейін артты. Бүгінде отандық өндірушілердің медициналық маскалар өндірісінің айлық көлемі 6 млн бірлікті құрайды. Бірінші кезекте алушылар – Мемлекеттік медициналық мекемелер. Маскаларды жаппай сатып алуға байланысты ведомствоаралық комиссия өнімнің экспортына тыйым салды. Медициналық маскалар негізінен ауру жұқтырған пациенттен аурудың таралуын болдырмауға арналған. Сондықтан дені сау адамдарға медициналық маска кию қажет емес», деді А.Нұртаев.
Ал жұқпалы аурулар бойынша жетекші маман Динагүл Баешева дүрлігу жағдайын қолдан тудырудың қажеті жоқ дейді.
«ДДҰ және коронавирус бойынша жұмыс істейтін ұйымдар бұл дерттен қорғанудың ең басты амалы маска тағу емес екенін айтады. Себебі бұл – ауада ұшып жұғатын ауру емес. Ең бастысы, жеке бас гигиенасын дұрыс сақтау керек. Медициналық маска ауру адам түшкірген кезде сілекейін шашпауы үшін және науқастармен жұмыс істейтін медициналық қызметкерлерге керек. Вирус жақын байланыс болған кезде жұғады. Жасанды дүрлігу жағдайын тудырудың қажеті жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекші мамандары айтып жатқандай, бұл вирустан сақтанудың ең тиімді жолы маскалар емес, басты профилактикалық құрал – жеке гигиенаны сақтау, қоғамдық орындарға бармау, ауру тараған елдерге шықпау. Аурудың 80%-ы оңай дәрежеде жұғады. Біздің басты міндет – профилактиканы ұмытпау. Себебі індет жұқтырмаудың 50%-ы өзіміздің сақтық шараларын сақтауымызға байланысты. Осыны есте ұстасақ вируспен күресе аламыз», деді маман.
Ал Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова вирустық аурулардың алдын алу үшін тиісті препараттар барын тілге тиек етті.
«Оның ішінде парацетамол, ацикловир, оксалин жақпасы бар. Дегенмен, жеке гигиенаның мәні зор. Маскаларға байланысты айтатын болсақ, маска емес оксалин жағу тиімді. Аптекалық ұйымдарда вирусқа қарсы және дезинфекциялық препараттар да жеткілікті», деді ол.