• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Наурыз, 2020

Талап – жеке гигиенаны сақтау

492 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында коронавирустан сақтануға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы Бас директоры Арнұр Нұртаев дені сау адамдарға медициналық маска кию қажет емес екенін атап өтті.

«Ақпан айының басында дәріханалардың бөлшек желілеріндегі медициналық маскалардың қалдығы 9 миллионнан астам болды. Алайда коронавирустық инфекцияның айналасында пайда болған дүрлігуге байланысты оған деген қажеттілік 30 миллионға дейін артты. Бүгінде отандық өндірушілердің медициналық мас­калар өндірісінің айлық көлемі 6 млн бірлікті құрайды. Бірінші кезекте алушылар – Мемлекеттік медициналық мекемелер. Мас­каларды жаппай сатып алуға байланысты ведомствоаралық комиссия өнімнің экспортына тыйым салды. Медициналық мас­калар негізінен ауру жұқтыр­ған пациенттен аурудың таралуын болдырмауға арналған. Сон­дықтан дені сау адамдарға меди­циналық маска кию қажет емес», деді А.Нұртаев.

Ал жұқпалы аурулар бойын­ша жетекші маман Динагүл Бае­шева дүрлігу жағдайын қолдан тудырудың қажеті жоқ дейді.

«ДДҰ және коронавирус бо­йынша жұмыс істейтін ұйымдар бұл дерттен қорғанудың ең басты амалы маска тағу емес екенін айтады. Себебі бұл – ауа­да ұшып жұғатын ауру емес. Ең бастысы, жеке бас гигиенасын дұрыс сақтау керек. Медициналық маска ауру адам түшкірген кезде сілекейін шашпауы үшін және науқастармен жұмыс істейтін медициналық қызметкерлерге керек. Вирус жақын байланыс болған кезде жұғады. Жасанды дүрлігу жағдайын тудырудың қажеті жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекші мамандары айтып жатқандай, бұл вирустан сақтанудың ең тиімді жолы маскалар емес, басты профилактикалық құрал – жеке гигиенаны сақтау, қо­ғамдық орындарға бармау, ауру тараған елдерге шықпау. Аурудың 80%-ы оңай дәрежеде жұғады. Біздің басты міндет – профилактиканы ұмытпау. Себебі індет жұқ­тырмаудың 50%-ы өзіміздің сақтық шараларын сақтауымызға байланысты. Осыны есте ұстасақ вируспен күресе аламыз», деді маман.

Ал Фармацевтикалық қыз­метті қолдау және дамыту қа­уымдастығының президенті Марина Дурманова вирустық аурулардың алдын алу үшін тиісті препараттар барын тілге тиек етті.

«Оның ішінде парацетамол, ацикловир, оксалин жақпасы бар. Дегенмен, жеке гигиенаның мәні зор. Маскаларға байланыс­ты айтатын болсақ, маска емес оксалин жағу тиімді. Аптекалық ұйымдарда вирусқа қарсы және дезинфекциялық препараттар да жеткілікті», деді ол.