• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:00

Есірткі өндірушілерге жаза қатаңдатылады

39 рет
көрсетілді

Мәжілісте «Amanat» фракциясының жиыны барысында депутаттар есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселесін қарады. Негізгі талқылау тақырыбы – осы салаға қатысты заңнаманы қайта қарау, яғни есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға тағайындалатын жазаны қатаңдату.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам дертіне айналған осы қатерлі індетке, яғни есірткіге қарсы күрес жүргізу қажет екенін бірнеше рет айтқан еді. Атап айтқанда, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент есірткі өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту міндетін қойып, олардың әрекетін аса ауыр қылмыстарға теңестірді.

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, осы мақсатта есірткі айналымына қарсы іс-қимыл бойынша түзетулер әзірленіп, бірінші оқылымда қабылданды. Атап айтқанда, есірткі қылмысының, әсіресе, есірткі өндірушілер мен «наркобарондардың» жазасын қатаңдату ұсынылады. Бұл ретте Мемлекет басшысы айтқандай, ірі есірткі қылмыс­керлері мен ұсақ кепілгерлерге бірдей көзқарас танытуға жол берілмейді. Бүгінде есірткі қылмысы үшін сотталған 4 мыңнан аса адамның 1 300-ге жуығы кепілгер саналады. Сондықтан Мәжіліс спикері алғаш рет қылмыс жасаған есірткі курьерлерінің жазасын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Олардың арасында жас­өс­пірім балалар, қаржы қыспа­ғына іліккен жастар көп. Аталғандардың алды 10 жылдан аса бас бостандығынан айы­рылып отыр. Шынтуайтында, оларды осы заңсыз іске тарт­қан есірткі өндірушілер мен кепілгер-жеткізушілердің жазасы пара-пар емес. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, олардың әрқайсысын бөлек қарап, жазаларының деңгейін заң жобасының екінші оқы­лымына дейін қарастыру қажет. Бұл ретте есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар құқық қорғаушыларды нарко­барондарға теңестіруді және оларға өмір бойы бас бостан­дығынан айыруға дейін ең ауыр жаза қолдануды ұсынамыз», деді ол.

Мәжіліс спикері бүгінде Қазақ­стан есірткіні заңсыз тұты­ну деңгейі жоғары елдердің қатары­на кіретінін айтты. Жыл басы­нан бері 1 тоннадан аса «син­тетика» тәркіленді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 56%-ға артық.

«Amanat» партиясының төрағасы есірткі қылмыскерлері жаңа ақпараттық технологияларды белсенді қолданатынына назар аударып, кибербақылау жүйесін күшейту мәселесі аса маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар халық арасында, әсіресе, жастар арасында түсіндіру жұмысы айтарлықтай «ақсап» тұр.

«Жас азаматтар жеңіл жол­мен ақша табуды ойлап, тағды­рына балта шабады. Олар есірткі таратқаны, «закладка» жасырғаны үшін 10 жыл мер­зімге бас бостандығынан айырылу қаупі бар екенін білмей, бас бостандығынан айыру орындарына түседі. Өткен апта басында «Закладка» деректі фильмі жарыққа шықты. Оны осы уақыт аралығында миллиондаған адам тамашалады. Мұндай фильм­дер мектептерде, колледждерде және университеттерде көр­сеті­ліп, есірткінің қаупін ескер­ту керек. «Мектептен үнемдеген­дер түрме тұрғызады» деп бекер айтыл­маған. Бүтіндей бір ұр­пақ­тың шы­ңырауға құлауы­на жол беруге болмайды», деді Е.Қошанов.

Мәжіліс депутаты, «Amanat» фрак­циясының мүшесі Сне­жанна Имашева есірткі, психо­т­роптық заттар мен прекур­сор­лардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бо­йынша заң жобасында ат­қа­рыл­ған жұмыстарға тоқталды. Халық қалаулылары 50-ге жуық түзетулер енгізді, құжат сарапшылармен, ҮЕҰ өкілдерімен және Мәжіліс жанындағы Қоғам­дық палата мүшелерімен кеңінен талқыланды.

«Біз Қылмыстық кодекске есірт­кі құралдарын, психо­т­роптық заттарды, олар­­дың аналогтарын заңсыз өндіру, прекурсорлардың заңсыз ай­налымы және өзге де әрекет­тер үшін жауапкершілікті кү­шейту­ді көздейтін бірқатар өзге­ріс­ті тұжырымдамалық түрде мақұлдадық. Бұл ретте қо­ғам­дық емес орындарда есірт­кі құралдарын медициналық тұрғыдан тыс пайдалануға ты­йым салу белгіленді. Заң жобасын қабылдау нашақорлыққа, жалпы есірткі бизнесіне мемлекеттік және қоғамдық қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді», деді ол.

Фракция жиынында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жыл басынан бері 3,5 мың есірткі қылмысы тіркелгенін айтты. Министрдің айтуынша, синтетикалық есірткілердің таралу көрсеткіші артып келеді. Егер 5 жыл бұрын заңсыз айналымнан 10 кг синтетика тәркіленсе, биыл бұл көрсеткіш 1,3 тоннаға жетті. Мұндай есірткілер көбіне интернет арқылы сатылады. Сондықтан тәртіп сақшылары сайттар мен Telegram-арна­лардағы жарнамаларды бұғаттау үшін «Кибербақылау» жүйесін қолдануда.

Ұлттық құрылтай мүшесі, адвокат Айман Омарова ірі есірткі өндірушілер мен делдал­дарға тағайындалатын жаза­ның теңдей болуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір заңнаманы әлеумет­тік әділеттілік қағидаттарына сәйкестендіру қажет. Сонымен қатар ол қазіргі түзету жүйесінің тиімділігіне қатысты мәселе қозғап, оның қыл­мыскерлерді қоғамнан оқшау­лаумен ғана шектеліп, оларды тәрбиелеуге тым аз ықпал ететінін атап өтті.

Үкімет және құқық қорғау органдарының өкілдері депутаттармен бірге есірткіге қарсы күрес саласындағы өзекті мәселелер­ді шешуге арналған заң жобасында қарастырылған тәсілдер мен нақты нормаларды талқылады. Олардың ішінде тақырыптық әлеуметтік зерттеулер жүргізу, кибербақылау жүргізу үшін жасанды интеллектіні пайдалану, есірткіге тәуелділерді оңалтуға көмек көрсету және басқа да мәселелер бар.

Жиынды қорытындылай келе, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов барлық ұсыныс ескеріл­ген заң жобасы Мәжілістің алдағы пленарлық отырысында талқыланатынын атап өтті.