• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:35

Бәсі жоғары жарыс

34 рет
көрсетілді

Қарасай ауданының «USHQONYR» спорт кешенінде таеквондодан республика чемпионаты (WT) басталды. Сайысқа жасы 18-ден асқан спортшылар қатысады. Дүбірлі жарысқа 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан барлығы 250-ден аса спортшы келді. Бірқатарының түрлі деңгейдегі белбеулері бар. Ерлер де, әйелдер де сегіз салмақ дәрежесінде бақ сынасады. Жарыс жеңімпаздары алдағы жылы өтетін халықаралық жарыстарға жолдама алады.

Еліміздің таеквондошы-лары бұған дейін де ірі жарыстарда ел атын әлемге танытып жүр. Алдағы уа­қытта да дәл осы қарқында ше­бер­ліктерін көрсететініне сенеді.

«Елімізде таеквондо спорты (WT) ересек спортшылар ара­сында да, балалар арасында да жақсы дамып келеді. Бұл жолғы чем­пионаттың ерекшелігі, жа­рыс­қа төрешілік етуге Ресей, Өз­бекстан, Тәжікстан, Моңғолия өкілдері келді. Қыркүйек айында Астанада халықаралық федерация мамандарымен бірлескен семинар өтті. Жиында елімізде төрешілерінің біліктілігін арттыру, халықаралық жарыстарда олардың санын көбейту жөнінде келіссөздер жүргіздік. Кез келген деңгейдегі жарысты әділ өткізу, әрбір спортшының толыққанды дайындығына қатысты барлық қажеттілікті қамтамасыз ету – міндетіміз», дейді таеквондо фе­дерациясының президенті Құдрат Шамиев.

Жарыс «керуги» форматында ұйымдастырылды. Бұл таек­вандоның басқа түрлеріне қара­ғанда ерекше. Онда тек физи­калық дайындық қана емес, психо­логиялық төзімділік те маңызды рөл атқарады. Сон­дық­тан әр спорт­шы өз ше­берлігін барынша көрсете алуға тиіс. Жарыстың мақсаты – ұлт­тық құрама сапына ерлер мен әйелдер, жастар арасынан кіл мықтыны іріктеу.

«Таеквондо спорты бүгінде мәдениетіміздің ажырамас бө­лігіне айналды. Еліміздің таеквондо федерациясына 20 өңірлік федерация кіреді. Жыл сайын ел көлемінде 100-ге жуық аймақтық, ұлттық, халықаралық деңгейдегі жарыстар өтеді. Таеквондомен елімізде 200 мыңнан аса адам айналысады. Олардың 116 мыңы – жас спортшылар. Сондай-ақ халық саны 500 мыңнан асатын мекендерде түрлі таеквондо секциялары жұмыс істейді», деп атап өтті таеквондо федерациясының бас хатшысы Айзат Қарашашев.

Жылдамдық, серпінділік, еп­тілік бұл спорт түрінде аса ма­ңызды. Өз бағытына ұқсас жарыс­тар түрлерінен ерекшелігі – әр спортшының киімі электрондық датчиктермен жабдықталады. Сондықтан соққылар автоматты түрде есептеледі. Бұл өте ыңғайлы жүйе. Ол жеңімпазды объективті анықтауға мүмкіндік береді.

Қаблан Бейбарыс Қарасай ауданының таеквондо секциясына 13 жыл бұрын келген. Жат­тықтырушылары бірден бала бойындағы жоғары әлеуетті бай­қайды. Қатарластарынан еңбек­қорлығымен, қиындықты еңсеруге деген ынтасымен ерекшеленеді.

«Жасым 19-да, оның 13 жылын таеквондоға арнадым. Б­и­ыл Индонезияның Тангеранг қаласында өткен ашық Азия чемпионатында G-2 турнирінің же­ңімпазы атандым. Жылдар бойы жаттығудың нәтижесінде өзімнің жекпе-жек тәсілімді қалып­тастырдым. Қандай жағ­дай болсын мойымауды, қайта тұрып әрекет етуді үйреткен жаттықтырушым Жалғаc Орын­басарұлына алғысым шексіз. Ал­дағы уақытта Олимпия ойындарында жеңіске жетсем деген арманым бар», дейді спорт шебері Қаблан Бейбарыс.

Турнирдің алғашқы жеңім­паздары да белгілі болды. Ерлер арасында Алматы қаласынан Та­мерлан Тілеулес, Жамбыл облысынан Бекасыл Ергеш, Шығыс Қазақстан облысынан Батырхан Төлеуғали жеңіс тұғырына кө­терілсе, әйелдер арасында алма­тылық Айдана Құмартаева, ас­таналық Айша Әділбекқызы, түркістандық Назым Махмутова чемпион атанды. Жекпе-жек жарысы жалғасып жатыр.

 

Алматы облысы