• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 08:40

Таудағы сейіл: қауіпсіздік қашанда маңызды

39 рет
көрсетілді

Қарашаның соңғы күндерінде «Шымбұлақ» тау шаңғы курортында қысқы маусым ашылады. Қала тұрғындары мен қонақта­рын қарсы алатын демалыс орнында қадағалануға тиіс басты талап – қауіпсіздік. Тауда сейіл құ­рып, серуендеу қаншалықты жан­­ға жай­лы болғанымен қатері де қа­­тар жүретінін ұмытпаған абзал.

Жыл сайын сырғанау маусымы кезінде жарақаттанатын, тіпті қар көшкінінің астында қалып жазым болған қайғылы оқиға да тіркеледі. Мұның барлығы да ең алдымен қауіпсіздік ережесін ескермеуден туындайды.

Тау туризмі – кейінгі жылдары қар­қын алған саланың бірі. Қала тұрғындары ­ғана емес, Алматыға арнайы келген қонақ­тар да жол дорбасын бөктеріп, Алатаудың ­сан салалы сілемдеріндегі сүрлеуге түсе­ді. Жылдың төрт мезгілінде де ақ бас­ты қарлы асуға қарай ұмтылған туристер­дің қатары жылдан-жылға артып келеді. Таби­ғат аясында сейілдеген жақсы-ақ, бірақ тосыннан төнетін қауіп-қатерге қам­сыз болмау керек.

«Шымбұлақ» тау шаңғы кешенінің мамандары тауға шығу кезіндегі қауіпсіздік шарасын туристер қаперіне салып, ар­найы семинар, жиын да өткізеді. Әлеу­меттік ақпараттандыру бағытында жүзеге асатын іс-шарада қала тұрғындары мен қо­нақ­тарына тау туризмі туралы жан-жақ­ты мәлімет беріледі. «Shymbulak Outdoor» бөлімінің мамандары тау спортының өкіл­дерімен бірге Алматы қаласындағы мектептерде, жоғары оқу орындарында, ұйымдарда кездесу өткізіп, маусымдық серуен кезіндегі қа­уіп­сіздік шарасы туралы ағартушылық жұмысты іске асырып ке­леді. Жақында осы ұжым «Таудағы қауіп­сіздік: қыс мезгілі» тақырыбы аясында конференция өткізді. Табиғат қатерінің алдын алатын құтқарушы мамандар, альпинизм нұсқаушылары, тау шаңғы­сын үйретушілер, тау туризмінің гидтері көпшілікті қауіпсіздік шарасы жөнінен құлағдар етті.

ІІІ санаттағы альпинизм нұсқаушысы, 3-сыныпты құтқарушы Бақыт Данабеков сейіл құрып тауға шыққан туристердің арасында қаза тапқандардың дені қа­уіпсіздік шарасын ұстанбағандықтан орын алатынын ескертті. «Алматы қала­сы­ның құтқару қызметінде жұмыс істеп келе жат­қаныма екі жылдың жүзі бол­ды. Осы жылдар ішінде түрлі оқиғаларды өткер­дік. Байқағаным, тауда көз жұмған жан­дардың басым көпшілігі – саяқ кетіп жан тапсырғандар. Бағытынан адасады, құздан құлайды, басқа да фактор әсерінен ажал құшады. Әсіресе қыс мезгілінде жалғыз кетіп, жолынан жаңылған жолаушы туристі табу қиындық тудырады. Оның үстіне, қысқа күн де ұясына тез қонады. Күн райы күрт бұзылып, қар жауса, олардың ізін жасырып, одан бетер қиындата түседі. Мысалы, «109» құтқару қызметінің нөміріне қоңырау түссе, жаз мезгілінде құтқарушылар 2 сағат мөлшерінде жететін жерге қыс күндері 4 сағат уақытыңды жұмсайсың. Бұл аралықта адасқан турист үсіп қалуы мүмкін. Қозғалыста болмаған соң суыққа да тез ұрынады», деді құтқарушы.

Б.Данабеков серуенге шыққанда жоспарды дұрыс құрмау, тіпті киген киімнің жұқалығы, ықшамды болмауы, ауа райына назар аудармау да қатерге ұрындыратынын атап өтті. Лажы болса, күннің көзі еңкеймей үйге ерте қайту қажет екенін алға тартты.

«Алматы туризмі бюросы» туризмді дамыту департаментінің бас менеджері Айбол Мұратхан тау бөктерлерін­дегі сүрлеу маңында адасқан адамдарға, тө­тенше жағдайға тап болған жандарға пана болар үйшіктердің соғылғанын жет­кізді. «Алматы қаласының туризм басқармасы мен «109» құтқару қызметі­нің мамандары бірлесіп орнатқан үйшікте туристерге қажеттінің бәрі бар. 3 адам­ға арналған төсек-орын, телефон қуатта­ғыш, қыс мезгілінде ішін жылы­татын құрылғы да қосылған. Егер жолаушылар жарақаттанса, алғашқы медициналық көмекке қажетті қобдишасы да тұрады», дейді А.Мұратхан.

Трекинг гид, «Almaty Trekking» ком­паниясының негізін қалаушы Махамбет Абдуллаев тауға шығуды көздегенде да­йындыққа баса мән беру қажеттігін қа­перге салды.

«Ғаламтордан дайындыққа қатысты мәліметті көптеп кезіктіруге болады. Ең алдымен жүретін бағытыңды зерт­теу қажет. Қайда баратыныңызды қасы­ңыздағы адамдарға ескерткен дұрыс. Ауа райын жіті зерттеу керек, өз күшіңді дұрыс бағамдай алу да маңызды. Өзіне қажетті құрал-жабдықты түгендеп алған дұрыс. Өйткені қатер төнгенде кез келген оқыс оқиғаға дайын болуы керек. Жүретін жолыңыздың қашықтығын, шығатын шыңның биіктігін мөлшермен бағамдап алған артық болмайды. Егер турист орта жолда өзін жайсыз сезінсе, кері қайтқаны абзал, болмаса өзгелерге шұғыл хабарласқаны дұрыс. Өйткені уақыт­тан кешігу қашанда опық жегізеді. Жорық кезінде жоспарлы бағыттан ауыт­қуға болмайды, себебі адасып кеткен жағ­дайда құтқарушылар сол бағыт сорабымен іздестіреді», деген М.Абдуллаев әр адам қашанда алдымен өзіне сенуі керек екенін ескертті.