• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Жастар 23 Қараша, 2024

Түркі жастарының басқосуы: болашақта бауырластық нығая түсетінін көрсетті

177 рет
көрсетілді

Түбі бір түркі мемлекеттерінің жастары Алматыда бас қосты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен ауқымды форумға 25 мемлекеттен 200-ге жуық жас қатысты. Бауырластық, достық туын желбіреткен жиын елдер арасындағы мәдени, тарихи, ғылыми ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуды әрі оны жаңа белеске көтеруді көздейді.

Елімізде тұңғыш рет ұйым­дас­тырылып отырған іс-шараға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мы мен ҚазҰУ мұрындық болды. Осы­лайша, І Халықаралық түркі дүниесі жас­тарының басқосуы үш күнге созылды. Бағдарлама бойынша алдымен өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен ұлттық құндылықтарынан сыр шертетін көрме өтті. Кейін қатысушылар дөңгелек үстел аясында пікір алмасып, әлем жастарын толғандырған өткір мәселелерді талқылады.

Форумның салтанатты ашылуына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Дархан Ахмет-Заки, ТүркПА-ның бас хатшысы Мехмет Сурейя, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бас­қарма төрағасы – ректор Жансейіт Түй­мебаев, «Отандастар қоры» халықара­лық ынтымақтастық департаментінің басқарушы директоры Ержан Мұқаш, Алматы қаласы Жастар саяса­ты басқар­масының басшысы Әзиз Қаж­ден­бек, Түркі дүниесіне белгілі жазушылар мен белсенді студенттер қатысты.

Халықаралық іс-шараны Сұлтан Раев құттықтау сөзбен ашып, түркі әлемін­дегі жастардың игілігі үшін ТҮРКСОЙ ұйымы жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Түркі дүниесі жастарына арналған форумның Қазақстанда өтуінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Себебі Қазақстан – күллі түркі дүниесінің кіндігі, қасиетті қарашаңырағы. Баршамыздың тамырымыз көне түркілерге барып тіреледі. Түркі дүниесінің өзіндік мол тарихы мен мәдениеті бар. Қазіргі жастар осы мәдениет пен тарихты, өркениетті, ата-баба жолын білуі қажет. Сондай-ақ бар­лық мүмкіндікті пайдалана отырып, біз түркі дүниесін дамытуды ойластыруымыз керек. Осы жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыруда форумның маңызы жоғары, – деді С.Раев.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев АҚШ, Германия, Швейцария, Нидер­ланд, Түркия, Румыния, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Әзербайжан сынды мемлекеттердің жастары бас қосқан жиынның мән-маңызына тоқталып, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жас буынға ерекше назар аударып, үлкен үміт артып отырғанын жеткізді.

– Бүгінде түркі халықтарының ынты­мақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Әсіресе гуманитарлық байланыс, білім, ғылым, мәдениет саласындағы ықпал­дастық ерекше дамып жатыр. Президент Түркі мемлекеттері ұйымы­ның саммитінде: «Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым, білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн», деген еді. Біз ортақ мақсатқа жету жолында біріксек, үлкен жетістіктерге жетеміз. Бүгінде түркі елдері арасындағы қарым-қатынасты дамытуда және жандандыруда жастарға артылар жауапкершілік жоғары. XXI ғасыр – заманауи технология мен ғылыми прогрестің кезеңі. Креативті идеялар мен жаңа бастамалардың қозғаушы күші де – жастар. Түркі әлемінің интеллектуал жастарының жиналуы бұл форумның маңыздылығын көрсетеді. Әрбір елдің өз тәжірибесі мен бірегей әлеуеті бар. Түркі әлемінің ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» деп ұран тастаған еді. Осы бірауыз сөз әлі де жастардың жүрегіне от беріп, кемел келешекке деген сенімдерін оятады, – деді Ж.Түймебаев.

Іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек­тің құттықтау хатын Дархан Ахмет-Заки оқып берді.

«Форум жастар арасында білім, ғы­лым, инновация және мәдениет алмасу саласындағы мәселелерді талқылау үшін ерекше мүмкіндік береді. Түркі әлемінің жастары – біздің ортақ мұра­мыз. Қазіргі таңда әлемде түрлі әлеу­меттік, экономикалық және мәдени өзге­рістер орын алуда. Сондықтан жаңа заманауи білім мен ғылымның талап­тарына сай саналы, ой-өрісі кең, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу өте маңызды. Министрлік тарапынан түркі елдеріндегі ЖОО арасындағы әріп­тестікті нығайту, тәжірибе алмасу және жастардың бір-бірімен байланысын арттыру үшін барлық жағдайды жасап келеді», делінген.

Осынау форумға Моңғолиядан келген Абай Мұратұлы түркі жастарының басын қосатын мұндай халықаралық жиындар мен конференциялар жиі өткізілуі қажет екенін айтты.

– Форум жоғары деңгейде өтіп жатыр. Үш күнге жоспарланған іс-шарада өзге елдің жастарымен пікір алмасып қана қоймай, түркі әлемінің тарихымен танысуға мол мүмкіндік алдық. Әр ел өзінің болашағын өскелең ұрпақ­пен байланыстырады. Осы жас өскінге үміт артып, түрлі мемлекеттік қолдау іс-шара­ларын ұйымдастырады. Қаны бір киіз туырлықты түркі жұртының бар­лығында дерлік ұстанатын құн­ды­­лықтары сәйкес келеді. Түркі ынты­мақтастығына ұйытқы болған ұйым­дардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Демек жастардың бір арна да болуы да қалыпты, – деді А.Мұратұлы.

Сонымен қатар оқу орны базасын­да­ғы Журналистика факультетінде ТҮРКСОЙ медиа білім беру және зерт­теу орталығы ашылды. Мұнда БАҚ сала­сындағы өзекті мәселелер зерттеліп, сараптамалар жасалады. Түркі әлемінің медиа өкілдерін жұмылдыратын орталықта ғылыми-тәжі­ри­белік дөңгелек үстел, конференция, бас­пасөз мәслихаты, ғылыми-әдістемелік мә­жі­лістер өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Жан-жақтан жиылған жастарға Ала­тау бөктеріндегі Алматының көрікті жерлеріне саяхат та ұйымдастырылды.