Оңтүстік Кореядағы коронавирус жұқтырған қазақстандық туралы ақпарат жалған болып шықты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында хабарлады.
«2020 жылдың 3 наурызында Оңтүстік Кореяның әлеуметтік желілерінің орыс тілді топтарында Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан азаматы коронавирус жұқтырғаны туралы ақпарат таралды. Сонымен бірге науқастың клиникадан қашып кеткені, қазіргі уақытта полиция іздеу жариялағаны да айтылған. Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі тиісті шаралар жүргізіп, нәтижесінде ақпараттың жалған екенін анықтады», деді А.Смадияров.
Корей полициясының ақпаратына сәйкес, осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық азамат коронавируске шалдыққан бірнеше адам барған қоғамдық орында болған. Одан кейін белгіленген тәртіпке сәйкес, оған және сол орында болған барлық адамдарға аурудың сыртқы белгілері байқалған жағдайда вирустың бар-жоғын анықтау тестін тапсыру қажеттігі ескертілген. «Отандасымыз барлық қажетті медициналық процедуралардан өтуге және жергілікті билікпен ынтымақтасуға дайын. Біздің Елшілік коронавирус Оңтүстік Корея аумағында анықталған алғашқы күннен бастап жергілікті Ішкі істер министрлігімен және Ауруларды бақылау, алдын алу корей орталығымен тығыз жұмыс істеп келеді. Аталған орталықтың ұсынысы бойынша біздің отандасымыз телефон арқылы күнделікті денсаулығына бақылау жүргізіп, үй карантинінде болуы қажет», деді А.Смадияров.
Жергілікті полицияда біздің азаматпен байланыс орнатылған. Ол бұған дейін клиникаға бармағанын және коронавирус бар-жоғын анықтайтын қандайда бір сараптама тапсырмағанын жеткізген. Ресми өкіл Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі бұл мәселені тұрақты бақылауға алғанын хабарлады.
Сонымен қатар жиында Оңтүстік Кореядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесі қарастырылмағаны белгілі болды. «Өздеріңіз де білесіздер, ол жақта 35 мың азаматымыз бар. Әзірге оларды эвакуациялау мәселесі көтеріліп отырған жоқ. Азаматтарымыздың кейбірі Корея аймағында заңсыз жүр. Олардың да қауіпсіздігі үшін медициналық орталықтармен келіссөз жүргізіп жатырмыз», деді А.Смадияров. Бұған дейін Корея мен Қазақстан арасындағы әуе рейстерінің қысқартылғаны хабарланған болатын.