Біздің қаланың өмірін трамвайсыз көзге елестету мүмкін емес. Дүрс-дүрс тынымсыз тіршілікке қалалықтар та әбден үйренген. Өйткені трамвай – облыс орталығындағы сұранысқа ие қоғамдық көлік. Қала тұрғындарына 40 жылдан аса қызмет етуде. Жалпы, трамвай күніне 47 мыңдай жолаушыны тасымалдайды. Түнде де жүреді. Рельсті жол бойына 67 вагон шығады.
Қазір трамвай басқармасы көлік паркін жаңартуда. Соңғы екі жылда Беларусь елінен дыбыссыз жүретін 20 жаңа трамвай сатып алынды. Бұған қала тұрғындары қуанышты. Биыл 1 наурыздан бастап трамвайдағы жол жүру билеттерінің бағасы арзандады. Бұған дейін бір ай бойы жүруге арналған билетті тұрғындар 6500 теңгеге сатып алса, енді оның бағасы 5 мың теңге болады.
Басқарма төрағасы Муслим Махмудовтың мәлімдеуінше, тұрғындардың трамвай қызметін пайдалануда дифференциалды жүйе түрі енгізілді. Бұл жаңашылдықтың мәні бұрын бір айға берілетін жүру билеттері әр айдың 25-і мен келесі айдың 5-і аралығында сатылатын. Енді осы аралықта трамвайдың бір айлық жол жүру билеттерін сатып алуға үлгермеген тұрғындар айдың кез келген күнінде алуына мүмкіндік бар.
Тағы бір жаңашылдық – бір жылдық жол жүру билеттері күн сайын трамвай қызметін пайдаланатын көп балалы отбасыларға да беріледі. Кәсіпорын Nur Otan партиясымен бірлесіп, көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуде.
– Қазір тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік санаттарына арналған билеттер шығарылады. Бұрын оқушыларға, студенттерге және зейнеткерлерге арналған арнайы билеттер болған жоқ. Алдағы айларда оқушылар мен зейнеткерлерге арналған бір айлық билет бағасы 2500 теңге, студенттердің билеттері 3 мың теңге болмақ, – дейді басқарма төрағасы.
ПАВЛОДАР