Ұлтымыздың ісмер әйелдерінің бағзыдан келе жатқан бір өнері – тігіншілік. Осынау ежелгі кәсіпті еске салып, өскелең ұрпақты көркемдік мектебінен өткізу мақсатында Шымкентте «Көрпе Fest» мегафестивалі басталды.
Салт-дәстүр мерекесіне қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Көрме» орталығында ұйымдастырылған іс-шараға көп балалы аналар және тігін тігіп, өз кәсіпкерлігін бастауға ниет білдірген 300-ге тарта қыз-келіншек қатысты. Олар 6 наурызға дейін көрпе, құрақ құрау және өзге де қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын үйренеді.
Ал ақысыз шеберлік сағаттарын ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы, «Құрмет» орденінің иегері, Республикалық ақпараттық ағарту үгіт-насихат штабының төрайымы Ырза Тұрсынзада өткізеді. Бұл іс-шара қыз-келіншектерге ұлттық қолөнерді ғана үйретіп қоймай, әйелдер арасындағы жұмыссыздықты да азайтпақ.
Үш күндік фестивальде көрме-байқау жеңімпаздарына сыйлықтар, семинарға қатысушыларға арнайы сертификат және «Аманат» әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында тағайындалған «Аманат» сыйлығы тапсырылады.
Шымкент