Журналистерге арналған «Жаңа БАҚ» модульдік оқыту курсы өз мәресіне жетті. Медиа мамандар 5 күн бойы сандық медиа стратегиясын әзірлеу, жаңа медианың экономикалық модельдері және мультимедиялық жаңалықтар жасау әдістері жайында ақпарат алды.
Tika Turkey, «Қазақпарат» АҚ және «Медиа дамыту қорының» ұйымдастыруымен өткен «Жаңа БАҚ» модульдік оқыту курсы 2-6 наурыз аралығында өтті. Оқу барысында қатысушылар әлеуметтік желілер статистикасын пайдалану, желідегі қоғамдық басқару және SEO, подкаст арқылы жаңалық бағдарламасын жасау сынды түрлі тақырыпта дәрістер тыңдап, әлеуметтік желілерде креативті жаңалықтар беруді үйренді. Оқыту курсын TRT Istanbul Radiosu цифрлық медиада контентті басқару маманы Хале Айдомуш жүргізді.
Бүгін 5 күндік курстың нәтижесі шығарылып, қатысушыларға арнайы сертификат табысталды. Салтанатты шараға қатысқан Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экиджи осындай семинарлар екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытатынына сенім білдірді.
«Осы пайдалы семинарды ұйымдастырған Tika ұйымы мен «ҚазАқпарат» агенттігіне алғыс білдіремін. Модульдік оқыту курсына қатысқандар алған білімдерін тәжірибе жүзінде пайдаланады деп сенемін. Жалпы, медиа саласында тәлім алуға қатысты жас тілшілер тарапынан үлкен қызығушылықты байқап отырмыз. Алдағы уақытта Түркиядағы тиісті ұйымдармен бірлесіп, жылдық жоспарды хабарлайтын боламыз. Екі ел арасында осы салада байланысты нығайту, бір-біріміздің тәжірибелерімізді игеру өте маңызды деп білемін. Сондықтан Қазақстанда қызық жобаларды жоспарлайтын боламыз», деді Уфук Экиджи.
Сондай-ақ «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ басқарма төрағасы Асқар Умаров білікті мамандардың қатысуымен өткен тәжірибе алмасу курсының маңыздылығын атап өтті.
«Осы аптаның ішінде дәріс берген ұстаздар елеулі еңбек етті. Менің ойымша, білікті мамандардың қатысуымен өткен бұл тәжірибе алмасу өте маңызды болды. Түркияда медиа саласы өте дамыған. Біз Түркиядан үйренсек, сондай-ақ түркиялық мамандар біздің тәжірибемізді үйренсе – бұл өте жемісті ынтымақтастық болады. «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ осы тектес шараларға қолдау жасауға дайын», деді Асқар Умаров.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстандағы Tika өкілі Эврен Рутбиль семинарлар мен тренингтер Түркияда жалғасын табатынын айтты.
«Биыл оқыту шаралары Қазақстанда басталды, енді оның жалғасы Түркияда өтеді. «Qazaqstan» және «Хабар» телеарналары, «ҚазАқпарат» агенттігі секілді маңызды бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен жобалар маңызды. Осы орайда «ҚазАқпарат» біздің басты серіктестеріміздің бірі екенін атап өткен жөн. 2020 жылы және алдағы жылдары да осы сияқты жобалар жалғасатын болады», деді Эврен Рутбиль.