• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Наурыз, 2020

Мектеп-лицейдің бағындырған белестері көп

1216 рет
көрсетілді

1992 жылы қыркүйек айында ашылған. 

 Бүгінде елімізде білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Осы ретте Аягөз қалалық қазақ мектеп лицейінің жұмысына тоқталғым келеді.

Мектеп-лицейі 1992 жылы қыркүйек айында ашылған. 2006 жылдың 11 қазанында мектептің  статусы «Аягөз қазақ мектеп-лицейі»,  2012 жылы «Қалалық қазақ мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілген. 2014 жылы білім ордасы «Жылдың мемлекеттік мекемесі – 2014» атанған.

Аягөз қалалық қазақ мектеп-лицейі – еліміздің Тәуелсіздігімен қатар ашылған жаңа тұрпатты мектеп ретінде соңғы 20 жылда Аягөз ауданының білім саласына елеулі үлес қосып келе жатқан, бала дарындылығын дамыту орталығы болып танылып жүрген білім беру мекемесі. Мектепте білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Техникалық жағы да әбден жасақталған. Ал білім беруші ұстаздардың саны мен сапасы да жыл сайын артуда. Жоғары санаттағы ұстаздар саны – 24, бірінші санатта – 18, екінші санатта – 19, санаты жоқ, жас мамандар саны – 14.

Білім мен біліктілікті, тәрбие мен өнер жолында жұмыла қызмет ететін мектепте білім алушылар саны да жетерлік. Бүгінгі күні 640 білім алушылары бар лицейде білім сапасы жылдан-жылға жоғарылап келеді. Соңғы үш жылдық көрсеткіштің өзі біздің сөзімізге дәлел бола алады. ҰБТ көрсеткіші бойынша лицей соңғы 10 жылда аудан рейтингісі бойынша 1 орында келеді.

Соңғы бес жылдағы «Алтын белгі» иегерлері – 53 болса, «Үздік аттестат» иегерлері – 23. Ал 2018-2019 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша облыстағы ең жоғары 137 баллды мектеп түлегі әрі «Алтын белгі» иегері Ахметжан Мұхаммед-Әлі алған. Сонымен қатар биылғы мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ нәтижесі бойынша орташа баллы – 113,7. Осыған қарап мектептегі білім сапасының қаншалықты жоғары екенін көре аламыз. Бұл – білім беру бағытында лицей ұжымы төккен маңдай тердің ақталғаны.

Кемел білімге жету жолында мектепте ауқымды міндеттер алға қойылған. Бүгінде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған бағдарламасы аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыра отырып, жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жұмыстары атқарылуда. Облыстық, республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар, өнер байқаулары мен интеллектуалдық, спорт сайыстарындағы оқушылар мен ұстаздардың нәтижелерін дамыту назардан тыс қалған емес. Оған әр жылдардағы Болгария, Санкт-Петербург, Алматы қалаларында өткен халықаралық ғылыми жоба байқауында математика және пәні бойынша жеңіске жеткен А.Қанаев, Л.Садырбаева, Ғ.Тлеукенова және биология бойынша Е.Биболов сияқты түлектеріміздің  3 орын иегері атануы дәлел. Лицей түлектері өз білімдерін Ұлыбритания, Румыния, АҚШ, Қытай, Түркия, Ресей, Швейцария сияқты  елдерде жалғастырып, қазіргі таңда егемен еліміздің көркеюі жолында түрлі салаларда еңбек етуде.

Сонымен бірге педагогикалық ұжының кәсіби білімін жетілдіру арқылы әлемдік білім беру деңгейіне жету де көзделген. Осы арқылы лицей түлектерінің білім сапасын жоғары деңгейге жеткізіп, бәсекеге қабілетті, өмір бойы білімін жетілдіруге дайын, шығармашыл ойлай алатын, діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұра алатын құқықтық сауатты, ұлттық құндылық пен отбасылық тәрбие құндылығын жоғары қоятын, патриоттық рухы берік «Мәңгілік ел» тұлғасын тәрбиелеу – мектептің басты мақсаттарының бірі. Қазақстанның болашақ дамуына өзіндік үлес қосатын тамаша, талантты шәкірттер тәрбиелеп отырған Аягөз «Қалалық қазақ мектеп-лицейі» КММ  2002, 2012, 2016 жылдары Білім және ғылым министрлігінің ҰБТ қорытындысы бойынша республикадағы ең көп грант иегерлерін анықтау рейтингісінде үш рет «Ең көп грант иеленген 100 мектеп» қатарына енген.

2012-2013 оқу жылы қорытындысы бойынша Аягөз қазақ мектеп-лицейі облыс мектептері арасында өткен «Үздік орта білім беру мекемесі» сайысында  «Жыл мектебі» атанып, сол кездегі облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қолынан тамыз мәслихатында 14  миллион 928 мың теңге грант жеңіп алған. Сонымен бірге 2014 жылы Ұлттық статистика орталығының жылдық сараптамасы бойынша үздік 50 мектеп қатарына еніп, «2014 жылдың мемлекеттік мекемесі» атанса, 2015-2016 оқу жылында өткізілген облыстық пәндік олимпиада қорытындысы бойынша 10 лицей оқушыларыны жүлделі орын иеленуі нәтижесінде «Үздік ауыл мектебі - 2016» номинациясын алған.

Өзінің педагогтік шеберлігін үздіксіз жетілдіріп отыратын, ұшқыр ойлы ұстаздар педагогикалық олимпиадалар мен сайыстар, ғылыми конференцияларға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Соңғы бес жылда 20-ға жуық мұғалім халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, баяндамалары конференция материалдары жинағына енсе, 40 мұғалім аудандық педагогикалық олимпиада мен кәсіби байқауларда жүлделі орындарды иеленген.

Аягөз қазақ мектеп-лицейі ашылғаннан бастап баланың жеке бас ерекшеліктерінің дамуына жол ашу, шығармашылық тұлға қалыптастыруы, жаңа заманға бейімделген жасөспірімді,  өз жұмысын шығармашылықпен ұйымдастыра білетін мұғалімдерді дайындау, жаңа типті мектептің үлгісін құру мақсатын алдына қойды. Дарынды балаларды қолдау және дамыту мақсатында лицейде 2002 жылы «Дарын» ғылыми-практикалық кабинеті ашылған болатын, 2013 жылы күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай қайтадан жабдықталды. Кабинетте оқушылардың жеткен жетістіктерінің фото көрмесі мен марапаттаулары, жүлдеге ие болған ғылыми-зерттеу жүмыстары жинақталған. «XXI ғасыр көшбасшысы», «Таңғажайып алаң», «Ата жұрт», «Білім биржасы», т.б. сияқты интеллектуалдық ойындар, дебат жүргізуге жағдай жасалған.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дарындылықты іздестіру, ең әуелі адамның кәсіби дамуына бағытталған. Өйткені, мектеп қабырғасындағы әрбір дарынды бала – болашақта жас маман өз елінің экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай  үлес қосатын тұлға. Осы орайда лицейдің негізгі ерекшеліктерінің бірі – жоғары оқу орындарымен байланыс. Семей Қазақ қаржы-экономикалық академиясынан, Семей мемлекеттік медициналық университетінен, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті,  С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дан келген оқытушылар экономика, медицина, ақпараттық технологиялар саласы қызықтыратын жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар бойынша арнайы курс жүргізуімен қатар оқушылардың және ұстаздарымыздың ғылыми-зерттеу жұмыстарына да жетекшілік етеді.

Білім бар жерде тәрбиенің де қатар жүретіні анық. Мектеп қабырғасында тәрбие мен білімге қатты назар аударылады. Тәрбие жұмысының басты міндеттерінің бірі – еліміздің болашағының біртұтас іргетасын және жалпы адамзаттық біріктіруші мақсат жүйесінің негізін құрайтын «Мәңгілік ел» патриоттық идеясы мен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мемлекеттік маңызы бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, инновациялық экономика жағдайында  табысты еңбек ететін, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімі жоғары, қоғамның белсенді мүшелерін тәрбиелеу болып табылады. Осы орайда әр оқушының жеке тұлға болып қалыптасуы үшін жүргізілетін түрлі үйірмелер мен спорт секцияларының маңыздылығы зор. Әрі денсаулықты сақтауға, оны нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекеттерімен танылып жүрген, спортты өзіне серік еткен оқушылар аз емес. Мектеп-лицей оқушылары өнерден де құр алақан емес. Олар өз шеберліктерін түрлі аймақтық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстарда танытып жүр.

Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін оқу жылы барысындағы демалыс уақыттарына арнайы іс-шаралар жоспары жасалынып, «Туған өлке қойнауында» айдарымен саяхаттау қолға алынған. Мәселен, Жидебайдағы Абай мұражайы, Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесі, Ақшатаудағы Д.Бабатайұлы мұражайы, Қасабай баба кесенесі, Ырғызбай әулие мен Ақтайлақ, Байғара билердің басына барып тәу ету – лицей оқушыларының бұлжымас дәстүріне айналған.

Сонымен бірге республикалық «Мектепке жол», облыс бойынша «Жүректен жүрекке» акцияларына белсенді түрде қатысып, мектеп-лицей ұстаздарының және ықтимал демеушілердің көмегімен әлеуметтік жағынан аз қорғалған, ата-анасының бірінен айырылған, көп балалы отбасынан шыққан оқушыларға қолдау көрсету дәстүрлі шараларға жатады. Әрине, аталған қайырымдылық акциялары «Қамқоршылық» кеңесінің жұмыс нәтижесі болып табылады. Сондай-ақ, лицей түлектері де өзі түлеп ұшқан алтын ұяларынан қол үзбей, мерейлі басқосуларда қомақты көмек көрсетіп, мектеп-лицейдің заманауи безендірілуіне, жабдықталуына үлестерін қосып келеді.

Міне, жоғарыда аталған жетістіктер нәтижесінде ұжымның еңбегі ақталды деуге толық негіз бар. Себебі, 2018 жылдың қыркүйегінде 600 орындық заманауи жаңа ғимарат салынды. Ел игілігіне берілген мектеп-лицей ғимараты «Туған жер» жобасының аясында бой көтерген маңызды кешен. Қазіргі таңда 228 орындық акт залы, сәнді асхана, кең сарайдай спорт залы, шеберхана, кітапхана, IT кабинет, заманауи жабдықталған химия, физика, биология, информатика, т.б. кабинеттер оқушылардың алаңсыз білім алуына жұмыс істеуде.

Мектебіміз өте жылы, таза, халықтың көңілінен шығып, ата-аналар мен ұстаздарды, оқушыларды қуанышқа бөлеуде. Осы орайда еліміздің келешегі саналатын жас ұрпақтың қамын ойлап, мектепті салу барысында шынайы ықыласымен нағыз патриоттық танытқан Сәуле Жұмашқызы мен ол басқаратын «Азия» ЖШС-нің жұмысшыларына мектеп-лицей оқушыларының ата-аналары атынан білдірер алғысымыз шексіз. Себебі қай уақытта болмасын жердің шалғайлығына, яғни, Семей мен Аягөздің арасы 360 шақырым екендігіне де, күннің қапырық ыстық я аяз екендігіне де қарамай, айтылған өтінішті қанағаттандырып, бірнеше кабинеттердің линолеумын, химия кабинетінің парталарын ауыстырып, қабырғаларды тегістеп, кафельдерді жөндеп, есік алдының асфальтын жайып, өз істеріне соншалық жауапкершілікпен қарағандары бұл кісілердің өз істерінің нағыз мамандары, еңбексүйгіш, ұлтжанды екенін танытса керек. Бастаған істі соңына дейін тиянақты орындап, өздерінің жағдайларын емес, ел баласының жағдайын ойлап, халық үшін тер төгіп жүрген бейбіт заманның майталмандары десе де болады деп ойлаймын.  

           Сөзімді қорытындылай келе бұл жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Ұстаздықтың ұлы жолында өзімнің бар күш жігерімді салып, еліме пайдамды тигізіп жатсам, бұл ғаламда одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.

А.Қасымжанов,

 Аягөз қалалық қазақ мектеп-лицейінің директоры,

    «Құрмет» орденінің  иегері,

Шығыс Қазақстан облысы.