Кеше елордадағы Конгресс-холл сарайында «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыты» деген тақырыпта Астана қаласы ұстаздарының дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.
Кеше елордадағы Конгресс-холл сарайында «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыты» деген тақырыпта Астана қаласы ұстаздарының дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.
Тамыз конференциясын мұғалімдердің елеңдеп күтетіні даусыз. Жыл сайын нақ осы жиында олардың алдына үлкен міндеттер мен жауапкершіліктер жүктеледі. Биылғы басқосудың да мұғалімдерге ой салатын тұстары аз болған жоқ. Оған жиын барысында сөз алған баяндамашылардың ой-пікірлері дәлел.
Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Әсима Бимендина өзінің баяндамасында алдымен білім саласындағы соңғы жылдардың жетістіктерін шолып шықты. Астанада жан санының көбеюі, көптеген жастардың өз тағдырын осы қаламен байланыстырғысы келетін ниетінің балабақшалар мен мектептерге де сәулесін түсіргені, соның есебінен тек қана балабақшаға баратын балалардың саны 2000 жылғы 8 мыңнан биыл 32 мың 575 балаға көбейгені аталды. «Соңғы он бес жылда елімізде білім саласының дамуы үшін көптеген игі шаралар атқарылды. Одан Астана қаласының білім басқармасы да қалыс қалған емес. Елордадағы білім беру ұйымдары көбейіп, 280 нысанға, ал мұнда білім беретін мұғалімдердің саны 11 142-ге жетті. 2000-шы жылдардағы жағдаймен салыстырғанда, білім саласын қаржыландыру тоғыз есе өсіп отыр. Бүгінде оған бөлінетін қаражат 19 млрд. теңгеге жетіп отыр. Мұғалімдердің айлық жалақысы үш есе өсті. Біліктілік деңгейі бар мұғалімдердің жалақысына үстеме қосылуда. Үш деңгейлі біліктілікті бағалау жүйесі бойынша сыннан өткен мұғалімдердің айлық жалақысына 30 пайыздан 70 пайызға дейін, ал қала әкімінің грантын иеленген мұғалімдердің айлық жалақысына елу пайыз үстеме қосылды. Мысалы қазіргі таңда Астана қаласында қала әкімінің грантын 50 мұғалім иеленіп отыр. 2010 жылдан бастап қаладағы бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етіп келеміз. Ол мақсатқа қазынадан 4 млрд. 520 миллион теңге жұмсалды», – деді Әсима Бимендина.
Конференцияда сөз алған білім ұйымдарының басшылары қазіргі таңда кезегін күтіп тұрған өзекті мәселелерге назар аударды. Мысалы, Астана қаласындағы Оқушылар сарайы директорының инновациялық технологиялар жөніндегі орынбасары Даниел Оразбеков Оқушылар сарайында мультимедиялық экспонаттармен жабдықталған ұлттық интерактивті парк ашылатынын, бұл орайда оқушы балаларды қызықтыратын бірнеше жобалардың қамтылатынын мәлімдеп, бірақ оған мол қаражаттың да керек екендігін жеткізді. Әрине, ашылғанына әлі екі жыл тола қоймаған Оқушылар сарайының атқарар істері әлі алда. Десе де, мұндағы 137 үйірмеге 9 мыңнан аса баланың жазылып, осы уақытта мекемеде 160-тан аса іс-шаралардың ұйымдастырылғаны жағымды жайт. Ал, Астана экономика лицейінің директоры Бақыт Сыздықова өзінің білім сапасын көтеруге қатысты ойларымен бөлісті. Қазіргі жаңа әлемде баласын ақылы білім беретін мектептерге апаратын ата-аналар ең алдымен сапалы білімді талап ететінін, сол үшін ғана ақша төлейтінін ашық айтты. Сондай-ақ, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ең көп пайдаланатын да ақылы мектептер екенін баяндады. «Мысалы біздің мектептің 24 кабинетінде интерактивті тақта мен заманауи компьютерлер жұмыс істейді. Соңғы жылдары ақылы мектепте оқитын балалар саны төрт есе көбейді. Бірақ, мектептер саны сол бұрынғы он екімен шектеліп тұр», деген лицей директоры бұған жалға алған ғимараттарда мектеп ашуға рұқсаттың жоқтығы қолбайлау болып отырғанын айтып, Білім және ғылым министрлігінен осы мәселені шешуге көмектесуді сұрады. Бұл орайда жиында баяндама жасаған Дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің директоры Қайрат Таймағамбетовтің де ұсынысын айта кету орынды сияқты. Ол Астанада білім алғысы келетін, бірақ оған мүмкіндігі жоқ, ауылдық жерлерде, не аудандар мен басқа қалаларда тұратын дарынды балалар үшін Алматыдағы Жәутіков атындағы физика-математика мектеп-интернаты сынды Астана қаласынан да дарынды балалардың мектеп-интернатын ашу туралы ұсынысын ортаға салды.
Конференцияда Астана қаласының әкімі И