Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 36 мыңнан астам кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болған. 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл жөнінде кеше Үкімет отырысында айтылды. Кешегі отырыста сондай-ақ, ана мен бала өлімін азайту жайы да талқыланды.
Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 36 мыңнан астам кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болған. 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл жөнінде кеше Үкімет отырысында айтылды. Кешегі отырыста сондай-ақ, ана мен бала өлімін азайту жайы да талқыланды.
«Бөлінген қаржыны дұрыс игеру керек»
Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу жайы талқыланған болатын. Отырысты ашып берген С.Ахметов «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын қаржыландыру, оның тетіктері мен құралдарын одан әрі жетілдіру мәселелерінің маңыздылығына тоқтала келе, кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін аталмыш бағдарлама Мемлекет басшысының айрықша назарында отырғанын атап өтті. Одан әрі бағдарламаның орындалу барысы жайында Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады.
Қ.Өскенбаевтың айтуынша, экономикадағы әрбір 5 жаңа жұмыс орны бағдарлама шеңберінде құрылған. Индустрияландыру картасының әрбір 4 жобасы бағдарлама қолдауына ие болып, оның үлесі шағын және орта бизнеске бөлінген барлық несиелердің 11,6 пайызын құраған. Сондай-ақ, 56 млрд. теңге салық төленіп отыр.
Соңғы екі жылда бағдарламаға 3 өзгерістер пакеті енгізілген, таяу арада кезекті төртінші өзгерістер пакетін енгізу жоспарлануда. Олардың аясында кәсіпкерлікті қолдау және оларға қызмет көрсету орталықтарын, бизнес-инкубаторлар құру мен оларды жұмыс істеткізу тетіктері, сондай-ақ индустриялық аймақтарды дамыту бойынша, жаңа бастағандар үшін «Бизнес кеңесші-1», жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін «Бизнес кеңесші-2» бағдарламаларын құрудың негізгі әдістері мен шаралары анықталады.
Қ.Өскенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өзгерістердің төртінші пакетінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тетіктері арқылы агроөнеркәсіп кешені жобаларын қолдау бойынша шаралардың қарастырылатынын айтты.
«Үстіміздегі жылдың қазанында Үкіметке енгізілмекші ұсынылып отырған өзгерістер қазақстандық кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін жағдай туғызады», деген сенім білдірді Қ.Өскенбаев.
Талқыланған мәселе бойынша сондай-ақ «Даму» қоры басқармасының төрайымы Л.Ибрагимова, Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов, Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаев сөз сөйледі.
Қаралған мәселені қорытындылай келе, Үкімет басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруда белгілі дәрежедегі нәтижелердің бар екенін айта келіп, оны орындауда сапаны арттырудың қажеттігін, бұл үшін бағдарламаның барлық әлеуетін қолдану керектігін атап көрсетті. Осыған орай, С.Ахметов Өңірлік даму министрлігіне облыстармен өзара іс қимылды үйлестіруге айрықша көңіл бөлуді, ал өңірлерге жобаларды сапалы іріктеу мен бөлінген қаржыны дұрыс игеруді тапсырды.
«Ана мен бала өлімі төтенше жағдай
дәрежесінде қаралуы тиіс»
Кешегі Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе бүгінде қоғам үшін аса маңызды мәселелердің бірі – ана мен бала өлімін азайту іс-шараларына арналды. Ана мен бала өлімін азайту бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру барысы туралы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баяндады. Министрдің айтуынша, шаралар қатарына халықаралық тиімді технологияларды енгізу, ана қауіпсіздігі бағдарламасын жүзеге асыру, балалар сырқаттарын кешенді емдеу сияқты жүйелі шаралар қабылдаудың арқасында ана мен бала өлімі көрсеткішін түсіруге қол жеткізілген.
Соңғы 3 жылда тиімді технологияларды енгізуді үйлестіру республикалық орталығы жұмыс істейді. Әр аймақта перинаталды орталықтар мен балалар ауруханалары базасында жүкті, босанған аналар мен сәбилерге, балаларға медициналық көмек көрсететін медицина қызметкерлерін үздіксіз кәсіби жетілдіру бойынша оқу орталықтары жұмыс істеп келеді. Перзентханалар мен балалар ұйымдары медицина қызметкерлерінің 80 пайыздан астамы ха лықаралық стандарттар бойынша білім алып, нәтижесінде ана мен балаға шұғыл көмек көрсету елеулі түрде жақсарды. Олардың білімі мен тәжірибелік машықтарын бағалау үшін Астана мен Алматы қалаларында республикалық орталықтар ашылып, жұмыс істеуде.
Ана мен бала өлімін азайту жөнінде сондай-ақ БҰҰ-ның балалар қоры ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Джун Кукита сөз сөйледі.
Үкімет басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары атқарылған жұмыстар аз емес. Кардиохирургия, трансплантология, көлік медицинасы дамып, Ұлттық скринингтік бағдарламасы енгізілді, кепілді тегін, оның ішінде балаларға арналған медициналық көмектер тізбесі кеңеюде. Сонымен қатар, С.Ахметов министрлікке ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, БАҚ арқылы салаға енгізіліп жатқан жаңашылдықтар, тұтастай алғанда, отандық медицинаның жетістіктері туралы хабарлап отыру қажеттігін атап көрсетті.
Премьер-Министр ана мен бала өлімі төтенше жағдай дәрежесінде қаралуы тиіс, ал Денсаулық сақтау министрлігі өңірлермен бірлесіп бұл салада сапалы талдау жүргізуі керек, деп түйіндеді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».