Көлденең табысқа құныққандардың айла-шарғысы тереңдеп бара жатқандығы соншалық, онымен отбасылық топтар да айнала бастағаны қоғамды алаңдатып отыр. Осындай жағымсыз оқиға Көкшетауда да тіркеліп, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес департаменті тарапынан әшкереленді.
Көлденең табысқа құныққандардың айла-шарғысы тереңдеп бара жатқандығы соншалық, онымен отбасылық топтар да айнала бастағаны қоғамды алаңдатып отыр. Осындай жағымсыз оқиға Көкшетауда да тіркеліп, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес департаменті тарапынан әшкереленді.
Бір қызығы, Б.Қасымов жетекшілік еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамындағы С.Қасымова және Б.Аманов өз құдығына түкіргісі келмегендей, Көкшетауды айналып өтіп, республикамыздың өзге өңірлеріндегі беделді мекемелерге қармақ тастап отырыпты. Ең өкініштісі, сол абыройлы ұжымдардың барлығы қитұрқылық құрбаны болып қалғандарын енді байқап отыр. Б.Қасымовтың тобы 2012 жылдың мамыры мен 2013 жылдың ақпаны аралығында «Казводхоз» РМК Қ.Сәтбаев атындағы каналдың, Семейдегі «Консультативті-диагностикалық орталығының», Павлодардағы «Мемлекеттік ведомстводан тыс жобалар сараптамасы» кәсіпорнының, Оралдағы «Информациялық технологиялар колледжінің», Қостанайдағы «Сарыкөл орталық ауруханасының», Ақтөбедегі «Шалқар аудандық емханасының» және бизнестің майын шағып отырған Алматы қаласының үш мемлекеттік мекемесінің 11134700 теңгесін еш қиналмай майлы қоржынға сала салған.
Алдын ала тергеу, сот сараптамасы, куәлер мен күдіктілердің жауаптары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың жалған кәсіпкерлік арқылы мемлекеттік сатып алу тендерлеріне қатысқандығы анықталып, жасалған қылмыс толық мойындарына ілінді.
Көкшетау қалалық сотының үстіміздегі жылғы 16 тамыздағы үкімімен Б.Қасымов пен Б.Амановтың әрқайсысы 7 жыл 6 айға, С.Қасымова 6 жылға бас бостандығынан айырылып, жазаларын жалпы режімдегі колонияда өтейтін болды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.