«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттар партиясының Жамбыл облыстық филиалы 8 наурыз – қыз-келіншектердің халықаралық мерекесіне орай Қазақстаннан шыққан тұңғыш паралимпиада чемпионы, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында әлемдегі ең үздік 8 спортшының қатарына енген Зульфия Габидуллинаны құттықтады.
Партия филиалының төрағасы Ерболат Саурықов арнайы сыйлық тапсырып, спортшының деніне саулық, отбасына амандық тіледі. «Сіздің табандылығыңыз бен төзімділігіңіз, жеңіске деген құлшынысыңыз жастарға ғана емес, барша азаматтарға үлгі. Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алғаш алтын салған спортшы ретінде есіміңіз егемен еліміздің тарихында жазылатыны анық», деді Ерболат Саурықов.
Спорттық ғұмырында 200-ге жуық медаль алған Зульфия Габидуллина Азия ойындарының, бірнеше халықаралық ашық біріншіліктердің чемпионы, 200 метрге еркін әдіспен жүзуден әлемдік рекорд иесі. Мерекемен құттықтап, арнайы келген азаматтарға алғысын айтқан спортшы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Сонымен қатар Зульфия Габидуллина қазіргі кезде Токио қаласында өтетін паралимпиада ойындарына қызу дайындық үстінде екенін, бұйырса еліміздің туын биікке көтеріп, әнұранымызды шырқатуға бар күш-жігерін салуға еңбектенетінін жеткізді.
Жамбыл облысы