• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Наурыз, 2020

Шаһар шырайын сәулеттік жобалар ашады

212 рет
көрсетілді

Шырайлы шаһар үшін биыл жаңалықтарға толы бол­мақ. Алда Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызда «ТМД ел­дерінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашы­лу рәсімі өтеді. Осыған орай көктем ерте келетін Шым­кент қаласында дайын­дық шаралары қызу жүр­гізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бас­тамасымен қысқа уақыт ішінде зерттеу-зерделеу жүргізіліп, бірінші кезекте қаланың орталық аудандарының сәулеттік келбетін ретке келтіру қолға алынды. Одан соң қала аумағындағы жаңа шағын аудандардағы құрылыс жұмыстарының сапасы тексеріле бас­тады. Сондай-ақ әлеуметтік мәселесі күйіп-жанып тұрған елді мекендер мен шағын аудандардың инфрақұрылым жұмыстарының нақты жобалық кестесі жасақтала түсті. Әуелі туристер үшін ретті, таза, сәулетті, мәдениетті қала­ның келбетін қалыптастырудағы сәтті қадам деуге болады. Әрі шетел­­дік инвесторлардың жаңадан тұр­ғызыл­ған шағын аудандарға деген қызы­ғушылығын арттыру болмақ.

 

Ғимараттардың сыртқы қасбеті – қаланың сәулеттік келбеті

Қаланың сәулеттік келбетіне баса мән берген қала әкімі Мұрат Әйтенов көпқабатты тұрғын үй­лердің сыртқы қасбетін әрлеуді жүктеді. Бүгінде жөн­делуі қажет 71 үйдің тізімі жасалып, 2 кезең бойынша жұмыс жүр­гізілуде. Шаһардың көлік ағыны көп Республика және Тәуке хан даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің сыртқы келбеті шынымен сын көтермейді. Олай дейтініміз, 1960-1961 жылдары салынған баспаналардың шатыры тозып, қабырғалары оңа бастаған. Бұл нысандар қаланың ажарына елеулі нұқсан келтіреді. Осы үйлердің қасбетін ретке келтіру мақсатында 41 нысан анықталған. Жалпы 41 үйдің сыртын әрлеуге шымкенттік меценаттар үлес қосып, оған 13 мердігер мекеме тартылған. Мердігер мекемелер мен басқарма мамандары үйлердің жағ­дайын зерделеп, жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ал жөндеу жұмыстары Нау­рыз мерекесі қарсаңында аяқталады. Абай ауданы бойынша жалпы аумағы 18 мың шаршы метрлік 17 тұрғын үйдің сыртын әрлеуге 5 мердігер мекеме және 133 құрылысшы жұмылдырылды. Қазіргі таңда 4 мың шаршы метр құрылыс сатылары құрылып, 6 мың текше метр құрылыс материалдары жеткізілген. Бүгінде аталған ауданда 12 тұрғын үйдің қасбеті ретке келтірілуде. Ал әл-Фараби ауданында 24 тұрғын үйдің сырты жаңартылады. Оған 8 мер­дігер мекеме мен 128 құрылысшы тартылған. Қазір бұл ауданда 14 үйдің қасбетін ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Екінші кезекте, Темірлан тасжолы, Бейбітшілік және Жібек жолы көшесі бойындағы көпқабатты 30 үйдің қасбеті жөнделеді. Аталған көшелердің бойындағы тұрғындар бұл игілікті іске қолдау көрсеткен жергілікті билікке алғысы шексіз. Себебі бірнеше жыл бұрын үйле­рінің сыртқы келбетін жөн­деген­мен, құрылыс жұмыстары көңіл­дерінен шықпаған.  Тіпті соған жұмсалған қаражат құнын әліге дейін бөліп төлеп келе жат­қанын алға тартады.

 Инфрақұрылым мәселесі рет-ретімен шешіліп келеді

Шымкент қаласы үшін ең бір ше­шуі кезек күттірмейтін мә­селе – инфра­құрылым жүйелері. Қа­­ла­ға жаңадан қосыл­ған ел­ді мекен­дердің ин­фра­құры­лым мәсе­лесі кезең-кезеңімен шеші­ліп ке­леді.

Бірқатар шағын ауданда әлі де өзекті мәселелер бар. Қала әкімінің есебінде «Тұран» шағын ауданының тұрғындары инфрақұрылым жүйелері бойынша шағымдарын жеткізген еді. Сол шағымдарға орай қала әкімі Мұрат Әйтенов шағын аудан тұрғындарымен кездес­кен болатын. Тұрғындарды сол бұ­рыннан келе жатқан газ, су, жа­рық жүйелерінің құрылысы алаңдатады.

Дегенмен, тұрғындардың мә­се­лесін кезең-кезеңмен ретке кел­­тірудің нәти­жесінде бүгінде «Тұранда» 1200 орын­дық мектеп және жол құрылысы жүр­гізіліп, орталық көшемен қоғамдық көлік те қатынай бастады.

Алайда елді мекен тұрғыны Яхия Қалходжаевтың айтуынша, бір­шама тұрғын әлі де құжаттарын заң­дастыра алмай жүр. Бүгінде электр жарығы, газ жекенің қолында. Мем­лекеттік меншікке қашан өтетініне алаң­даулы.

Қалалық энергетика және ком­му­нал­дық-шаруа­шылық бас­қар­масы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз қазіргі жұмыс барысынан хабардар етті. Яғни, «Тұран» шағын ауданын ауыз сумен қамтамасыз ететін екі жоба жасалған. Бірінші жоба бо­йынша сатып алу конкурсы өткізілді. 2019 жылдан бастап құ­рылыс жұ­мыстары жүруде. Биылғы ат­қа­рылатын ша­руаларға қосымша қар­жы бөлінді. Екінші кезең бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

Жағдаймен танысқан шаһар басшысы бұл жұмыстардың бәрі жос­пар бо­йынша жүргізіліп жатқанын айтты.

«Үш жылдық жоспар жасалды. Кәріз жүйесінен басқа атал­ған ин­фра­құрылым жүйелер құ­рылысы 2021 жы­лы толық аяқ­талады. Енді әр аудан­дағы өзекті деген инфрақұрылым мәсе­ле­лерімен танысып шығамын», деді қала әкімі.

«Тассай» шағын ауданы тұр­ғында­рының да мұң-мұқтажы шаш-етектен. Ондағы тұрғындар қала әкіміне қалдық суларды кетіріп, жол салып, жарық орнатып беруді сұрады. Мұрат Әйтенов жыл соңына дейін инфрақұрылым жүйелері ретке келтірілетінін айтып, осы мақсатта салалық бас­­қар­малар арқылы жұмыс ке­зең-кезеңімен қолға алынып жат­қа­нын түсіндірді.

Бәсі бағасына сай болуы керек

Жыл өткен сайын Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің саны арта түсуде. Отандық жә­не шетелдік белді құрылыс ком­­паниялары тұр­ғындардың таң­дауына сай түрлі үл­гідегі баспа­налар тұрғызып жатыр. Ен­дігі мақсат осы баспаналардың сапасы мен баға қолжетімділігін ба­қылауға алу. Осыған орай қала әкі­мі Мұрат Әйтенов шаһарда құ­рылысы қарқын алған бірқатар нысанды аралады.

Мердігер компания өкіл­де­рімен кездескен қала басшысы қол­ға алған жұмысты жауап­кер­шілікпен атқаруды міндеттеді.

Ең әуелі Мұрат Дүйсенбекұлы «Нұрсәт» шағын ауданында 21,5 гектар аумақта салынып жат­қан үйлер­дің құрылысын аралап көрді. Мұн­дағы 8 үйдің ірге­тасынан бастап тұр­ғызылуына жауап­ты мердігер мекеме – «Арт Құрылыс» компаниясы. Басшысы Бекжігіт Төлендиевтің айтуын­ша, құрылысы 2018 жылы бас­талған нысан биыл маусым айында пайдалануға берілмек. Әр­бір үйдің іші-сыртын мұқият көрген қала әкі­мі құрылысты өз мерзімінде тап­сыруды және сапалы атқаруды ескертті.

«Бірінші кезекте сапаға мән бе­ріңіздер. Тұр­ғындардан сапаға қатыс­ты шағым көп. Ең бас­ты талап – осы. Біз тұрғын үй са­лу­шыларға әрдайым қолдау көр­сетеміз. Әрине құрылыс жұмыс­тарының қала экономикасына қосар үлесі мол. Қалаға келетін инвесторлар да алдымен құ­рылыс барысына мән береді», деді қала әкімі.

Онан соң шаһар басшысы­ «Тұран» шағын ауданында «Shymkent» ӘКК» тапсырысымен салынып жатқан 8 үйдің құры­лысын да аралап көрді. Мұн­да мер­дігер «Бек Строй Сервис» ЖШС жоспар бойынша жұмыс жүр­гізуде. Құрылысы 2018 жылы бас­­талған үйлер сәуір және маусым айын­да пайдалануға берілмек.

«Тұран» шағын ауданында құры­лы­сы аяқталған 1200 орынды білім оша­ғы төртінші тоқсанға балаларды қа­был­дауға дайын. Жалпы, Шымкент қала­сында биыл 77 үйдің құрылысын жүр­гізу жоспарланған. Жұмыстар кестеге сай жүргізілуі тиіс.

Қалалық құрылыс басқарма­сының басшысы Ербол Ахметов­тің айтуынша, құрылысы биылға жос­парланған 77 үйдің 24-і – кре­диттік, 8-і – арендалық. Ал «Тұран» шағын ауданында 41 үй­дің құрылысы жүргізіледі. Мем­л­екеттік сатып алу конкурсы жария­ланған.

«Құрылыс жұмыстары жос­парға сәйкес іске асуда. Жұмыс барысы 2 кезектен тұрады. Бі­рінші кезекте 2 үй тұр. Оны сәуір айында тапсырамыз. Екінші кезекте – 6 үй. Ал біз барлық 8 үйдің құрылысын сәуір айында толық аяқ­тамақпыз», дейді құрылыс ком­паниясының қызметкерлері.