• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Наурыз, 2020

Жедел штаб бағаны тұрақтандыру тетігіне айнала ала ма?

129 рет
көрсетілді

Бүгінде мұнай бағасының төмендеуіне байланысты болып отырған әлемдік деңгейдегі қаржылық-экономикалық ахуал елімізге де өз әсерін тигізуі әбден мүмкін екендігі бегілі болып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне әлеуметтік маңызы жоғары тауарлар мен азық-түлік түрлерінің бағасы негізсіз өспеуін және тапшылығы болмауын ұдайы назарда ұстауы қажеттігін айтқаны белгілі. Президенттің осы тапсырмасын орындау және өңірдегі қаржы-экономикалық жағдайды жүйелі түрде реттеп отыру бағытында Ақтөбе облысында да жедел штаб құрылған-ды.

Бұл жаңа құрылым аймақтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал жасай ала ма? Бүгінгі мақаламызда осы басы ашық сауалға жауап іздестіріп көргенді жөн көрдік. Шынтуайтына келгенде, құрамына жергілікті мемлекеттік орган жетекшілері мен құқық қорғау органдары өкілдері енгізілген осы тектес құрылым облыста бұған дейін де іс-қимыл танытып келгенін айтқан жөн Алдағы уақытта жаңа талаптар мен міндеттерге орай оның қызметі одан әрі жетілдірілмек.

Жедел штабқа жетекшілік жасау ісі Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Аманғали Бердалинге тапсырылған. Ол «Егемен» тілшісіне штаб қызметін жаңа мазмұнмен толықтыру жөнінде бірқатар кешенді іс-шара белгіленгенін айтып берді. Оның басты арнасы әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталыпты. Бұл ретте облыстағы 19 әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарының 17-сінің бағасы республикалық орташа деңгейден төмен екені оң көрсеткіш деуге болады.

Жағымды жайт өңірдегі азық-түлік бағасының жай-күйі жөнінде ұдайы мониторингтік байқаулар жүргізу тәртібі енгізілген. Осы деректерге сайсақ, казіргі наурыз айында мұның алдындағы қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда екі-үш позиция бойынша  азық-түлік түрлері бағаларының өскенін көреміз. Атап айтқанда, бұл - қарақұмық пен ірімшік екен. Сондай-ақ облыста азық-түлік бағаларын тұрақтандырудың тағы бір ұтымды тәсілі ретінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жәрмеңкелерін ұйымдастыру көзделген. Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұловтың мәлімдеуінше, оған шығарылған өнімдер нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен деңгейде сақталмақ.

Биыл тұңғыш өткізілген жәрмеңкені 14 наурыз – Көрісу күні Хромтау ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бастағаны да сүйінішті іс. Бұл күні олар облыс орталығы тұрғындарына өз өнімдерін жоғарыда көрсетілген деңгейде ұсынды. Алдағы уақытты мұнай жәрмеңкелер аудандық және ауылдық әкімдіктерде де ұйымдастырылмақ.

Қалай дегенде де бағаның аты – баға. Оның табиғатына үнемі құбылып, өзгеріп тұру әрекеті тән. Бірақатар шара белгіленгеніне қарамастан кей кезде оның аяқастынан шарықтап шыға келу көрінісі кездесіп тұрады. Айталық, аймақ аумағындағы «Жаңа Әлжан» элеваторында өнідірілетін ұн бағасы өткен 2019 жылдың ақпан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 38 пайызға өскені, сондай-ақ, «Айс» ЖШС-да шығарылатын барлық сүт өнімдерінің бағасы 20 пайызға қымбаттағаны алдыңғы пікіріміздің айғағы. Мұның басты себебі  неде? Бүгінгі күні бұл сауалға нақты жауап айтыла қойған жоқ. Сондықтан бұған қатысты мәселенің ақ-қарасын Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департамент мамандары мен сарапшыларының түбегейлі тексеріп, оның қорытындысын тұрғындарға ашық түрде қай күні мәлімдейтіні әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

Жоғарыда айтылғандарға қоса облыстағы жедел штаб қызметінің нәтижелі жұмыс істеуіне қажетті тағы бір фактор – облыстағы ірі кәсіпорын басшыларымен меморандумдар жасау болмақ. Мұндағы басты мақсат - азық-түлік тауарларының бағасы негізсіз көтерілмеуіне бағытталған. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласында осындай 16 ірі кәсіпорынмен келісімдер жүргізілуде. Олардың қатарында «Дина», Анвар» секілді ірі сауда желілері және ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін өзге де әлеуетті кәсіпорындар бар. Жергілікті билік өкілдерімен жасалған екі жақты келісімге сәйкес, олар өз өнімдерін нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатуы тиіс.

Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру ісінде жергілікті жерде жүргізілетін өндіру мен тұтыну балансына қатысты жұмыстар да өз септігін тигізе алатынына шек келтіру қиын. Әйтсе де осынау тиімділігі мен пайдасы мол іс өз деңгейінде атқарылмай жүргені де алаңдаушылық сезімін туғызбай қоймайды. Өйткені Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына аталған іс-шараларға қатысты бір де бір ауданның нақты мәліметтері мен деректері түспепті.

- Өндіру мен тұтыну балансы Ақтөбе қаласында жасалды. Соған сәйкес облыстың әр ауданында да мұндай қабырғалы құжат жасақталып, сол өңірде тұратын халық санына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері қандай мөлшерде қажет екендігі мұқият талданып, есептелуі тиіс. Мұнсыз қолға алынған мақсатты іс алға баса алмайды, - деді бұл тұрғыда Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, өңірде құрылған жедел штабтың жетекшісі Аманғали Бердалин.

Сондай-ақ, оның айтуынша, мемлекеттен субсидия және өзге де қаржылай көмек алатын агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтары өз өнімдерін арнайы дүкендер арқылы тұрғындарға арзан бағамен ұсынуы қажет.

Бұған дейінгі жүрігізілген талдаулар мен зерттеулер облыстың кейбір аудандарында 1 килограмм картоптың бағасы 110-120 теңгеден сатылып жүргенін айғақтайды. Мұны негізсіз, қолдан жасалған баға десек, қателеспейтін шығармыз. Бұл ретте қолда бар деректерге сүйенсек, бұған дейін өңірдегі тұрақтандыру қорына 1400 тонна картоп түсірілген. Соның 1000 тоннасы әлі күнге дейін әр келісі 70 теңгеден тұрмысы төмен тұрғындарға сатылып келеді екен. Мұндай жағдайда картопты тұрақтандыру  қорынан аталған баға бойынша сатып алып, жергілікті жерде 75 теңгеден өткізуге болатыны анық.

Сонымен бірге аталған қорда пияздың әр келісі 60 және күнбағыс майының әр литрі 300 теңге көлемінде белгіленген. Жергілікті жерде ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі кезінде осы мүмкіндік назарға алынса, бұдан ешкім де ұтылмас еді. Бүгінгі таңда облыста әлеуметтік маңызы жоғары деп белгіленген 19 азық-түлік түрінің 94 пайызы өңір аумағында өндіріледі екен. Талас жоқ, мұның өзі таптыра бермейтін мүмкіндік. Бұл дерек бағаны негізсіз өсірмеуге және тауарларды делдалдар мен алыпсатарларды араластырмай, өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізіп беруге алғышарт болмақ.

Қазір облыс орталығында «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы аясында 21 шағын базар жұмыс істеп келеді екен. Осы арада А. Бердалин аталған нарықтық нүктелерге қатысты жаңа тұжырымдама әзірленіп жатқанын жеткізді. Өйткені қай кезде де базарға бас сұғушылар аз болмайды. Сондықтан да шағын базарларды тиісті инфрақұрылымдық жүйелермен қамтуды ойластырып отырмыз. Сол кезде мұнда өз тауарларын сатуға ынта-ықылас пен қызығушылық білдіретін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қатары өсе түсетініне күмән келтіре алмаймыз, - деді ол бұдан әрі.

Оның ой-пікірінен тағы бір көңілге түйген жайт, бұған дейін бұл шағын базарларда сауда жасағандардан әр ай сайын 19 мың теңге төлем алынып келген. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес алдағы уақытта аталған төлем алынып тасталмақ. Ұзын сөздің қысқасы, жоғарыда айтылған жайттар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және оның тапшылығын болдырмау жөнінде Ақтөбе облысында құрылған жедел штаб мүшелері бүгінгі күні қауырт қимыл-қарекет үстінде екенін көрсетеді. Ендеше аймақта қолға алынған әлеуметтік сипаттағы іс-шаралар алдағы уақытта тиісті нәтижесін бере алады деуге сенім мол демекпіз.

                

Ақтөбе облысы