Бүгін Астанада «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдылығы»
атты республикалық педагогикалық тамыз кеңесі басталады.
Бүгін Астанада «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдылығы»
атты республикалық педагогикалық тамыз кеңесі басталады.
Табыс өздігінен келмейді
Жаңа оқу жылы да жақындап келеді. Дәл қазір ұстаздар қауымының алды еңбек демалыстарынан оралып, мектеп тіршілігі енді-енді қызып жатыр. Біз Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбековке жолығып, осы білім саласындағы істің жайы туралы сұраған едік.
– Сәкен Әсембекұлы, әңгімемізді облыстағы білімнің сапасы, яғни білім беру саласының жетістіктері, жақсы жаңалықтарынан бастасақ. Биылғы ҰБТ қорытындысы, ол сында қандай білім ошақтары жақсы жағынан танылды?
– Оқушыларымыздың биылғы оқу жылында жеткен жетістіктері баршылық. Ең үлкен білім сайысы саналатын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада екі жыл қатарынан жоғары нәтижеге қол жеткізіп, республикада ІІІ орынды жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын алды.
Республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен оқушылардың мұғалімдерін ынталандыру мақсатында және өзге оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін мектеп мұғалімдеріне 50 мың теңге сыйақы, ал, оқушыларға Айпад (iPad) планшетнигі беріледі. Бұл шара жыл сайын дәстүрлі жалғасын табатын болады.
Биылғы жылғы ҰБТ қорытындысына тоқталатын болсақ, облыстың орта баллы 72,5-ті құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6-ға артып отыр. Сонымен қатар, ҰБТ-ның қорытындысы бойынша екі жылдық нәтижеге талдау жүргізе келе жұмысы төмен, ешқандай ілгерілеушілігі жоқ мектеп басшыларының қызметке сәйкестігін қарап отырмыз.
Биылғы жылы «Алтын белгіден» үміткер 1143 түлектің 336-ы, яғни 29,4 пайызы өз білімдерін дәлелдеді. Бұл өткен жылдан 98 «Алтын белгіге» артық. Оның ішінде, Мақтаарал ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясынан 29, М. Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған №8 гимназиясынан – 15, Н.Оңдасынов атындағы Түркістан аймақтық «Дарын» мектеп-интернатынан 10 «Алтын белгі» иегерлері шығып отырғанын атап өткеніміз жөн болар.
– Өткен жылы облыста небәрі үш ауысымда оқитын 4-ақ мектеп бар екені айтылған еді. Жақында бұл сан 36-ға жетіпті. Мұның себебі неде?
– Иә, өткен жылы облыста үш ауысымда оқитын 4 мектеп болған болса, оның 2-уінің мәселесі шешілген болатын. Облыс әкімінің тапсырмасымен облыстың әлеуметтік картасын жасау барысында облыстағы үш ауысымда оқитын мектептер мен апаттық жағдайдағы мектептерді нақты анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні облыста 48 апаттық жағдайдағы, 35 үш ауысымда оқитын мектептер бар екені анықталып отыр. Ендігі жерде кезең-кезеңімен жыл сайын 150 орынға дейінгі мектептер мәселесі аудандық бюджет есебінен, 300 орынға дейін облыстық бюджет есебінен, ал 300 орыннан жоғары мектептер республикалық бюджет есебінен шешілетін болады.
– Жалпы, демографиялық дүмпуі күшті Оңтүстікте әлі қанша мектеп салынуы тиіс, қаншасының құрылысы жоспарланып, басталып қойды? Облыс бойынша қанша мектеп бар? Мектеп салу ісіне атсалысып жатқан демеушілер бар ма?
– Облыста 1019 мектеп жұмыс істейді. Оның 582-і типтік, 436-ы ыңғайластырылған ғимаратта, саманнан салынған, апатты және бұрынғы кеңсе, балабақша, мақта терімшілеріне арналып салынған ғимараттар. Бөлмелері тар, спорт, акт залдары, физика, химия, биология, мультимедиа кабинеттері және шеберхана т.б. жоқ. Сондықтан бұл мектептерге қосымша құрылыс немесе жаңа мектеп салуды қажет етеді. Облыс әкімінің қолдауымен осы күрделі мәселелер өз шешімін табуда. Бұған дәлел, соңғы 3 жылда 119 мектеп және 15 мектепке қосымша құрылыстар салынып берілді. Ал 2013 жылы 83 білім нысанының құрылысы салынуда, оның ішінде 55 мектеп, 12 балабақша, 7 қосымша құрылыс, 7 мектептің ғимаратын қайта құру, 2 кәсіптік мектеп бар. Құрылыс салуға атсалысып жатқан демеушілер де бар. 2009-2012 жыл аралығында олардың көмегімен 4 мектеп салынса, 1 мектептің ғимаратын қайта құру жұмыстары жүргізілді.
– Облыс білім беру мекемелерін ің қысқа дайындығы қалай? Қандай түйіткілді мәселелер бар бұл салада?
– Жаңа оқу жылына 126474,2 тонна көмір жоспарланса, бүгінгі күнге дейін оның 40 пайызы мектептерге жеткізілді. Ал кіші қазандықпен жылытылатын мекемелерге қажетті жанар-жағармайдың 53 пайызы дайындалды. Қалған қатты отындарды тамыз айының ішінде толық тасымалдау жоспарланған. Жанар-жағармайды келісімшарт бойынша ыдыстың сыйымдылығына қарай тасымалдаушы мекеме жеткізіп тұрады.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Лебіз
Білім мен білікті ұштастыру маңызды
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Елмен елді, халықпен халықты теңестіретін білім» деген екен. Білмегеніңді үйрену, тәжірибесімен бөлісу, өзге жұрттың озық үлгілерін меңгеру қашанда маңызды. Осы ретте Назарбаев зияткерлік мектептері білім беру саласында республикамыздың қай аймағында болмасын педагог мамандардың жаңа буынын қалыптастыру керектігін аңғартты. Қоғамда сұраныс пайда болған соң, мемлекет оған оңтайлы жағдай жасады. Соның арқасында Кембридж университетімен өзара ынтымақтастық жасалып, білім-білігімізді арттырып қайттық. Осы жылдың 1-12 шілде күндері Ұлыбританияда «Мектеп басқарудағы көшбасшылық» тақырыбында мазмұнды дәрістер тыңдадық. Ағылшынның белді ғалымдары «Көшбасшылық және командалық топтардың тиімділігін арттыру жолдары», «Топтық жұмыстағы көшбасшылық», «Тиімді жоспарлаудың шарттары», «Мектептің даму жоспарын жасаудың ерешеліктері» тақырыбында мазмұнды баяндамалар жасады. Сараптамалық жұмыстарға негізделген тренингтер жүргізді. Ұлыбританияда оқушылар 24 шілдеге дейін оқиды ғой. Осы жағдайдың арқасында мектептерде өтетін сабақтарда болып, көптеген қызықты кездесулерге қатысып қайттық.
Ондағы мектеп ғимараттарының көлемі мен материалдық-техникалық деңгейі ерекше әсер етті. Дегенмен, соңғы жылдары елімізде пайдалануға беріліп жатқан жаңа үлгідегі білім ордаларының ағылшын мектептерінен еш кем түспейтініне де көзіміз жетті.
Ағылшын мектептерінің құрылымдарына келер болсақ, бастауыш сынып мектебі, негізгі мектеп және жоғары сыныптардан тұратын орта мектеп болып жас ерекшеліктеріне байланысты бөлек-бөлек оқытылады екен. Тұрмысы төмен оқушыларға әлеуметтік қызметкерлер бекітілген. Сондай-ақ, баланың жеке құқығын қорғауда талап күшті және қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің алдын алу мақсатында көп қаржы бөлінеді. Ағылшын мұғалімдері ұстаз мәртебесіне сай жұмыс істеуді басты өмір қағидасына айналдырғаны байқалады. Бұл елдегі білім жүйесі үш негізгі принциптерге бағынады: жоғары деңгейде толеранттылық, білім беру үрдісі жеке тұлғалық болмысты дамытуға бағытталған мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне жауапкершілік қатаң талап етіледі.
Елбасының сындарлы саясатының арқасында білім беру саласында үлкен жұмыстар атқарылды. Сондықтан Ұлыбританиядағы білім беру стандарттары біздің елде де жақын болашақта орын алатынына сенемін. Алдағы республикалық «тамыз кеңесінде» шет жұртта көргенімді, ойға түйгенімді ортаға салып, баяндама жасамақпын.
Гүлжан АЙДАРОВА,
№3 мектеп-лицейінің
директоры.
ҚЫЗЫЛОРДА.
Уақыт талабы
Ұстаздық жолды қалап, білім беру саласында еңбек етіп келе жатқаныма ширек ғасырға жуықтағанмен жаңа оқу жылы алдында қашанда толқулы боламын. Жас адам тез жетілмей ме?! Жазғы демалыстарында оқушыларымыздың ой мен бой жағынан да есейіп келуі, оқыту үрдісіне әрдайым биіктеп отырған талап, қаладағы жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық кәсіби бағыттарда білім беретін танымал оқу орнының мәртебесін көтере түсудегі міндет толқытады.
Бәлкім, сырт көзге байқала қоймас, оқыту мен тәрбие ісінде мектептердегі жылдан-жылға жаңарулар жетіп артылады. Заман талап-талғамына сай білім алуға жағдай жасаушы интерактивті тақта, компьютерлер, электронды көрнекі құралдар, мультимедиа кабинеттері қазір ешкімге таңсық емес. Өзім жетекшілік ететін оқу ұясы да сондайлығымен ерекшеленеді. Гимназиядағы білім беру жүйесіне экспериментальды 12 жылдық білім беру, республикалық электронды оқыту «e-learning» жүйесі бойынша қанатқақты жобалар, ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқыту енгізілді. Оқытушыларымыздың 85 пайызы жоғары санаттағы ұстаздар саналады.
Шәкірттерімізге осы заманғы білім негіздерін сапалы меңгертумен бірге азаматтық, адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін дамытуға, ұлттық үлгілі салт-дәстүрлерді жүректеріне сіңіруіне баса назар аударылады. Бұған дейін де бұл басты мәселе тұтылса, еліміздің беделі мен абыройы асқақтай түсуінде өзектілігі одан сайын өте зор екені соны міндеттер жүктеп отыр.
Педагогтардың республикалық тамыз кеңесінен көкейге көп ойлар түйілетіні сөзсіз. Ұстаздар қауымы қызметіне жаңа серпін беруін тілеймін.
Айман МУСИНА,
Қарағанды қаласындағы
№ 92 гимназияның директоры.
ҚАРАҒАНДЫ.
*Үйренетін үрдіс
Мұғалімге арналған ультрабук
Астанада Бiлiм және ғылым министрлiгi баспасөз өкілдерін жаңа оқу жылының қарсаңында жүзеге асып отырған «Мұғалiмге арналған ультрабук» атты бағдарламасымен таныстырды. Қазақстандық ұстаздар қазіргі заманғы бұл мобильдi компьютерлерді пайдалану арқылы білім беру барысында көптеген артықшылықтарға қол жеткізе алады екен. Заманауи құрал арқылы педагогикалық соңғы жетістіктермен таныс болып, өз тәжірибелерін де көпшілікке ұсына алады. «Мұғалiмге арналған ультрабук» жобасы ҚР БҒМ-нiң 2011 жылы қабылданған «Электронды оқыту жүйесi» бағдарламасын қолдауға бағытталған.
– Жоба бастапқыда Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында енгiзiледi. Кейiн бұл игi шараны Қазақстанның барлық өңiрлерiнде де тарату жоспарлануда», – дейдi жоба жетекшiсi, Бiлiм және ғылым министрлiгi Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар департаментi бастығының орынбасары Гүл Жүсiпова.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».
Астана.