Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында төтенше жағдай уақытындағы мемлекеттік қызметкерлердің және жекеменшік кәсіпорындардың еңбек мәселесі туралы баспасөз мәслихаты өтті.
Жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мемлекеттік аппаратқа халық тыныс-тіршілігінің барлық саласының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша үлкен жауапкершілік жүктелгенін жеткізді.
«Қазіргі уақытта қызметтерді электронды форматқа көшіру бойынша мемлекеттік органдардың белсенді қызметінің арқасында азаматтар үйден шықпай-ақ электронды түрде 80 пайыздан астам мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте азаматтардың мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуы, соның ішінде өтініштерді мемлекеттік органдардың Call-орталықтары және онлайн арқылы қабылдау үшін ақпараттық жүйелер мен порталдардың үздіксіз жұмыс істеуіне ерекше назар аудару қажет», деді А.Жайылғанова.
Сонымен бірге ол ағымдағы жағдайға қарамастан, өз міндеттерін күнделікті және адал орындап жүрген мемлекеттік қызметшілерге үндеу жолдады.
«Осы кезеңде біздің отандастарымыздың жайлылығы мемлекеттік органдарға байланысты. Алайда қазір мемлекеттік мекемелердің үздіксіз жұмыс істеуі үшін мемлекеттік қызметшілердің денсаулығын сақтауға көңіл бөлу де өте маңызды. Осыған байланысты ағымдағы жағдайға қарамастан, өз міндеттерін күнделікті және адал орындап жүрген мемлекеттік қызметшілерге үндеу жолдағым келіп отыр. Сіздерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа коронавирустық инфекциясының алдын алу жөніндегі талаптарын қатаң ұстауға шақырамын. Осыған байланысты мемлекеттік орган басшыларын мемлекеттік қызметшілердің денсаулығын және күнделікті қызметтерді толық орындау қабілетін барынша сақтауға мүмкіндік беретін жағдай жасауға шақырамыз», деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ немесе жұмысшыларына ақысы төленетін еңбек демалысын бере алмаған шағын кәсіпкерлер қызметкерлерін қысқартуы мүмкін екенін атап өтті.
«Бұл жағдайда біздің ескертетініміз, еңбек заңнамасы бойынша егерде жұмыс беруші өзінің жұмысшысын қысқартатын болса, ол туралы жұмысшыға бір ай бұрын ескертуі керек және де оған бір айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуі қажет. Жалпы, жұмыс істеп жүрген азаматтардың назарына мынаны айтқым келеді. Егер сіздер осындай жағдайда жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болсаңыз, елімізде Мемлекеттік сақтандыру қоры жұмыс істейді. Әлеуметтік сақтандыру заңына сәйкес жұмыс істеп жүрген азаматтар жұмыстан шығып қалса, оның шыққан себебіне қарамастан, сол қордан алты ай бойы жұмысын жоғалтқанына қатысты әлеуметтік төлем алуға мүмкіндігі бар. Оның мөлшері сол жоғалтқан жалақының 40 пайызын құрайды. Бұл үшін жұмыстан айырылып қалған азамат Жұмыспен қамту орталығына барып жұмыссыз ретінде тіркелуі керек», деді министр.