• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2013

Назарда – астық тасымалы

343 рет
көрсетілді

Солтүстік қазақстандық диқандар биыл кемінде 4,5 миллион тонна астық жинап, Отан қамбасына жөнелтуді межелеп отыр. Бұл орайда бітік егінді дер кезінде бастырып, шашаусыз жинап алудың маңызы зор. Астық тасымалына теміржолшылар да белсене араласып, зор үлес қосып келеді.

Солтүстік қазақстандық диқандар биыл кемінде 4,5 миллион тонна астық жинап, Отан қамбасына жөнелтуді межелеп отыр. Бұл орайда бітік егінді дер кезінде бастырып, шашаусыз жинап алудың маңызы зор. Астық тасымалына теміржолшылар да белсене араласып, зор үлес қосып келеді.Облыс жыл сайын 2 миллион тонна бидайды алыс-жақын шетелдерге жөнелтетінін ескерсек, астық тасу ісін кідіріссіз ұйымдастырудың рөлі айтпаса да түсінікті. Елеулі қиындықтардың бірі орақ науқанының қызған шағында жүк вагондарының жетіспеушілігіне тірелетін. Республика темір жол компаниялары басшылары мен жергілікті агрофирмалар кездесуінде Қызылжар өңірінің сапалы астығын экспорттау, ел ішінде сатуды жүзеге асыру, ол үшін темір жол қатынасын тиімді пайдалану, жауапты салалардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.

«Қазақстан темір жолы» АҚ-тың вице-президенті Қанат Алпысбаев жыл өткен сайын отандық ауылшаруашылық өнімдерін өткізу, сату рыногы көзінің кеңейіп келе жатқанын, облыстың Ресей, Әзербайжан, Орталық Азия елдерімен экспорттық байланысының арта түскенін, сол себепті басым бағыттарды анықтап алудың, тасымал қызметінің тариф саясатын күні бұрын белгілеудің тиімділігін атап көрсетіп, ауылшаруашылық тауар өндірушілермен тікелей жұмыс жасайтын темір жол қатынасы бөлімшесінің құрылатынын жеткізді. «Қазтеміртранс» АҚ президенті Қанат Әлмағамбетов бүгінгі таңда 58 мың жүк вагоны барын, астық тасымалдауға 6,5 мың вагон шығарылатынын, былтыр 1260 вагон сатып алынғанын, қауырт жағдай туындай қалса «Русагротранс» компаниясынан 30 мың астық тасымалдайтын вагон тартылатынын мәлімдеді.

Жаңа астықты қабылдау жұмысымен 54 элеватор мен 273 астық кептіргіш айналысады. Жалпы сыйымдылық 6,1 миллион тоннаға жетеғабыл. Ақмола темір жол бөлімшесі филиалының директоры Рамазан Айғайбековтің айтуынша, 7 айда Солтүстік Қазақстан облысы экспортқа 970461 тонна, ішкі қажеттілікке 264951 тонна астық шығарған. Ол 8 элеваторда ілкімді темір жол тораптарының жетіспейтінін, алыс аудандардың егіншілері фитосанитарлық рұқсат алу үшін облыс орталығына сабылатынын мәселе ретінде көтерді. Аймақ басшысы Самат Ескендіров дереу тиісті орындарға тапсырма беріп, нақты шаралар қолдануды жүктеді.

Ауыл шаруашылығы саласының өкілдері тасымал тарифін нақты белгілеу, делдалдық қызметтерді азайту, жүк вагондарының қолжетімділігін күшейту жайттарын ортаға салып, проблемаларды бірлесе шешудің нақты жолдары белгіленді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар