Кезінде ауылдағы орта мектепті бітірген түлектер қазір әр салада еңбек етіп, қызмет атқаруда. Туған ауылдарын, білім алған мектептерін ұмытпай, қолдау көрсетуде. Мақсат – ауыл шырайын келтіріп тұрған шағын мектептің жабылмауына үлес қосу.
Әр жылдары оқыған түлектер бірлесіп, оқушыларға қажетті жаңа заманға сай жабдықтар, құрылғылар алып беруде. Жуырда өздері оқыған мектепке жаңа модификациялық үлгідегі «Teacher office» кабинетін сыйға тартты.
– Қазір мұғалімдер жаңа модификациялық кабинет жабдықтарымен танысып, жұмыс істеу әдістемесін меңгеруде, оны сабақ жоспарларына сай құрап, зерттеу жұмыстарын өткізуде. Әрбір мұғалім коммуникация мен ақпараттың заманауи желілік технологияларын меңгеруі тиіс, – дейді мектеп директоры Анар Жетібаева.
Әрине бұл шалғайдағы ауыл мұғалімдері үшін қуаныш. Бұл күндері Малайсары батыр атындағы ауыл мектебінде 113 оқушы оқиды. Ал ауылдағы шағын мектепке ерекше кабинетті Қаршыға Қасенов, Тимур Жаңатаев, Жанарбек Төлеуов, Еркін Әділбаев, Ардақ Жақсымбеков, Берік Әбдіраманов, Қайыркелді Шакарғалиев және басқа да түлектер бірлесіп сыйға тартты.
Бұған дейін де мектеп түлектері информатика, шахмат, тоғызқұмалақ, домбыра кабинеттерінің ашылуына үлес қосыпты. Оқушылар сабақтан соңғы бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында түрлі үйірмелерге қатысады. Мысалы, ауылға келген жас музыка маманы Гүлнәз Болатханқызы жүргізетін «Домбыра-дастан» үйірмесі, Мырзабек Жабағиннің жетекшілігімен өтетін «Шахмат», «Жас информатик» үйірмелері бар.
– Біздің әр оқушы белсенді. Интеллектуалдық ойлары жақсы. Мұғалімнің міндеті – мәдениетті, шығармашыл, әлеуметтік бейімделген тұлға қалыптастыру. Ауыл мектебі оқушыларының қабілеттерін жан-жақты дамытып, шығармашылығын ұштай білу үшін мұғалім өзі шығармашыл болуы тиіс, – дейді Анар Жетібаева.
Ал бір кездері өздері оқыған мектептеріне демеушілік көмек көрсетіп жүрген ауылдарын ұмытпаған түлектерге тұрғындар риза. Ауылда оқып ержеткен Бекен Жұмабеков, Серік Шахажанов, Манарбек Абдрахманов, Нұржан Омаров, Қуаныш Сарсекеев сияқты қазір кәсіпорындар басқарып, жоғары қызмет атқаратын түлектерімен ауыл халқы мақтанады.
Алдағы уақытта мектеп түлектері бірлесіп, Малайсары батырдың 320 жылдығына орай ауылда ескерткіш-бюст орнатпақ.
Павлодар облысы,
Май ауданы,
Малайсары ауылы