• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Наурыз, 2020

Кәріз суы ма, жер асты суы ма?

695 рет
көрсетілді

Маңғыстауда Каспий теңізі мен су айдынына қатысты алуан мәселе оқтын-оқтын бой көрсетіп келеді. Ақпан айында суы қызыл түске еніп тұрғындарды бір дүрліктірген теңіз жағалауында көктемде тағы бір мәселе «бас көтерді». Бұл – жағалаудағы ғимараттар маңайын су басуы. Мұны тұрғындар теңіздің суы емес, кәсіпорын, мекемелердің кәріз суы деп қабылдады.

Артынша Ақтау қаласы­ның тұрғыны Каспий теңізіне кәріз суы төгіліп жатыр деген ақпаратты ұялы телефоны­на түсіріп, тарап кеткен болатын. Жағдайға түсінік бер­­­ген Маңғыстау облысы эко­­­логия департаменті бұл ақ­­паратты «расталмаған» деп түсіндірді. Яғни аталған де­партамент өкілдері шу шық­қан орынға – Ақтау қаласы 1-шағын ауда­­нын­да орналасқан «Теннис орта­лығы» ғимараты маңына ба­рып, теңіз жаға­лауына кә­­різ суының емес, жер­ас­ты суының төгілгенін анық­та­ған.

– Теңізге кәріз суын төгіп жатқан мекемелер анық­тал­ған жоқ. Те­ңізге жақын ор­наласқан қамыстардың ара­сынан жерасты суы жер бе­тіне шыққан. Нәтижесінде, «Теннис орта­лы­ғы» ғима­ра­тының арты суға толып қал­ған. Алайда сол тұс­тағы «Ма­нила» және «Нұр плаза» демалыс орындарының дәл ортасындағы жер учаскесі кімге тиесілі екені әзірге бел­гісіз, – дейді облыстық экология департаментінің бөлім бас­шысы Ержан Жұмашев.

Аталған жер учаскесіне «Теннис орталығы» мекеме­сінің өкілдері де келген болатын. Олардың айтуынша, бұған дейін ғимаратты жиі су алып кететін және бұл мәселені спортшылардың ата-аналары жиі көтеріп, мекеме әкімшілігі нақты бір шешімге келген-ді. Арнайы техниканың көмегімен құбыр жүргізіліп, бүгінде аумақ жерасты суынан құтылған. Алайда өсіп тұрған қамыстар біраз қиындық туғызып отыр.

Мәселеге орай «Қазгидро­мет» рес­публикалық мемле­кеттік кәсіпорны Маң­ғыс­тау филиалының өкілдері де те­ңіз және жерасты суларынан сынама алған. Аталған ме­кеменің инженер-химигі Гүлнара Әділбаеваның ай­­туын­ша, 10 күн сайын Кас­пий те­ңізі жағалауында орын тепкен демалыс орын­да­рының төрт нүктесі тексе­ріліп отырады. Яғни судың құрамында 29 компонент анық­­талады. Ал талдау қо­ры­­тындысы 5 күннен соң да­йын болады.

Облыстық экология де­пар­таменті өкілдерінің ай­туынша, алдымен теңіз жаға­лауындағы «Манила» және «Нұр плаза» демалыс орын­дарының ортасындағы бос жат­қан жер учаскесінің қо­жайынын анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Әйтпесе бұл жағдайдың қай­талана беруі мүмкін.

 

Маңғыстау облысы