«Egemen Qazaqstan» газетінің 24 ақпан күнгі санында «Жылу қуатының тапшылығы өңір дамуына кедергі» деген мақала жарияланған еді. Көтерілген мәселе назарға алынды ма, жоқ па, бірақ дәл осы жылу тапшылығы мәселесі облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімхановтың мәлімдеуінше, биылғы жылыту маусымында тұрғындардан жылудың жеткіліксіздігіне байланысты 814 шағым түскен. Жылыту маусымында жылумен қамтитын кәсіпорындарда көмір қорының нақты мөлшері белгіленбеуіне байланысты жылу тапшылығы орын алған. Екіншіден, облыс орталығына жылу беретін кәсіпорындарда қазандықтардағы жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілуіне орай, технологиялық шағын апаттар жиілеп кеткен.
Жиында алдағы уақытта технологиялық шағын апаттарға талдау жасалатыны айтылды. Инфрақұрылымның техникалық жағдайына аудит жүргізілмек. Өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жылу желілері жөнделеді. Шығынның 70 пайызы республикалық, 15 пайызы жергілікті бюджеттерден, қалған 15 пайызы кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы есебінен өтелмек.
Мысалы, екібастұздық МАЭС-2 стансасында күрделі жөндеуден өткен энергия блогы тоқтатылған. Өйткені қатты жел тұрып, боран соқса, электр желілері үзіледі. Стансадағы жылу желілерінде де ақаулар аз емес.
Жиында облыс әкімі Ә.Сқақов желілердің зақымдалу көрсеткішінің көбейіп кету себебін сұрады. «Павлодар жылу желілері» ЖШС басшысы Марат Иманаевтың айтуынша, жылу құбырлары әбден ескіріп, пайдалану уақыты өткен. Яғни кәсіпорын жыл сайын 18 шақырым құбыр ауыстыруы тиіс.
Сондай-ақ облыс орталығындағы екінші Павлодар аумағында жерасты құбырларының жағдайы ойлантуда. Енді бұл құбырларды жердің бетіне шығару жоспарлануда. Өйткені бұл аумақта жерасты суларының мөлшері көп. Жеке үйлер су астында қалуы мүмкін.
– Кәсіпорындардың инвестициялық жобалары жергілікті әкімдіктермен үйлестірілмегені байқалды. Жылу тапшылығын болдырмау үшін осы салаға жауапты басқарманың өзіндік міндеттері бар, – деді облыс әкімі.
Жиында облыс орталығында, өңірде жылу мәселесі тапшылығын саралауда нақты ақпараттың болмағаны үшін тұрғын үй-коммуналдық нысандар мен жергілікті әкімдіктің арасында үйлесімді жұмыс пен басқарушылық шешім шығара алмаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықовқа сөгіс жарияланды.
Павлодар облысы