• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Наурыз, 2020

Төтенше жағдай: Жұмыс кестесі өзгерген жұмысшыға еңбекақы қалай төленеді?

998 рет
көрсетілді

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 16 наурыздан бастап ел аумағында төтенше жағдай жарияланды. Эпидемияның алдын алу мен күресу шаралары кезінде аймақтардағы кәсіпорындар қысқарған жұмыс уақытына көшіп, жұмысшыларды кезектен тыс еңбек демалысына жіберуді бастады. Сондай-ақ облыстағы жұмыс берушілер қызметкерлердің қашықтан жұмыс істеуін қамтамасыз етіп жатыр.

Осы орайда қызметкерлер мен жұмысшылар тарапынан туындаған маңызды сұрақтарға Алматы облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Бауыржан Байғазыұлы жауап берген еді. Жалпы, еңбек испекторлары жұмыс берушілерді өз жұмыскерлері алдында әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, еңбек заңнамасы талаптарын сақтауға шақырып отыр.

- Біріншіден, аймақтағы жұмыс берушілер жұмыскерлерді қашықтан жұмыс істеу процесіне көшіруге құқылы. Бұл жағдайдағы еңбек қатынасы «Еңбек» кодексінің 138-бабымен реттеледі. Қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен уақытта жұмыс беруші жұмыскерлерге барлық қажетті жағдай жасауға міндетті болады. Яғни, жұмысшының айлық жалақысы өзгермейді,- дейді мемлекеттік еңбек инспекторы.

Сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты  кәсіпорындар мен мекемелерде штат көлемі шектелген жағдайда,  жұмыс беруші өзінің бұйрығыменен жұмыскерлерге  қысқартылған жұмыс уақытының  режимін қолдануға құқылы екен. Яғни, аптадағы жұмыс күнінің  санын азайтуға немесе күнделікті жұмыс уақытын қысқартуға құқылы. Бұл жағдай жұмыскерлерге жалақы нақты  атқарған жұмысының уақытына, сағатына қарай есептелетін болады.

- Жұмыс берушінің толық емес жұмыс уақытын енгізуінен туындаған еңбек қатынасы еліміздің «Еңбек» кодексінде қарастырылған. Заңның 70-бабында бұл жазылған. Сонымен қатар кодекстің 68-бабының 2-тармағына сәйкес еңбек шартында жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы үшін төленетіндей  төлемақы  азырақ жұмыс уақытына байланысты азайтылуы да мүмкін. Яғни жұмыс берушілер өздерінің қаржылық мүмкіндіктеріне қарай отырып, еңбек шартында көрсете отырып, жұмыс уақыты үшін төленетін  жалақы мөлшерін сақтап,  толық емес жұмыс уақытын еңгізуге құқылы, - дейді өз кеңесінде Бауыржан Байғазыұлы.

Ал мекемелер мен кәсіпорындар жұмысы тоқтаған жағдайда жұмыс берушілер «Еңбек» кодексінің 312-бабын басшылыққа алып,  жұмыскерлерге төменгі мөлшерде жалақы төлеуі тиіс екен. Қазір еліміздегі ең төмен жалақы мөлшері 42500 теңге көлемінде. Сондай-ақ жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісім бойынша жұмыскер жылына бір рет ақылы демалысқа  шығуға құқылы.