• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Наурыз, 2020

Базарда баға тұрақталды

336 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мамандары Орал қаласындағы сауда орындарын аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қадағалауға кірісті.

- Елімізде коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай жарияланысымен Орал қаласы шартты түрде 20 округке бөлініп, әр округте арнайы мониторингтік топтар құрылған болатын. Ол топтарды арнайы штаб басқарады. Орал қаласында төтенше жағдай режиміне бағынатын 1446 кәсіпкерлік нысаны бар, олар – сауда орталықтары, азық-түлік және шаруашылық дүкендері, кафе-мейрамханалар. Бұлардың барлығы тұрақты бақылауда. Әрине, тұрғындарды алдымен алаңдататын нәрсе – азық-түлік тауарларының бағасы. Төтенше жағдайдың алғашқы күндері шекара жабылуына орай кейбір әлеуметтік маңызы бар тауарлар, мысалы қант пен картоп бағасы көтерілген фактілері болды. Біз екі күн бойы көтерме сауда нүктелерімен жұмыс істедік, алғашқы күні-ақ Ресейден 40 тоннаға жуық картоп кіргізіп, бағаны тұрақтандыруға қол жеткіздік. Қазіргі таңда барлық көтерме сауда нүктелерінде картоп бағасы килограмына 100 теңгеден, бөлшек саудада 115-120 теңгеден тұрақтанды. Дәл бүгін Орал қаласының барлық сауда нүктелерінде халық жиі тұтынатын 19 түрлі азық-түлік толығымен қолжетімді бағада, қажетті мөлшерде сатылып жатыр. Рас, алғашқы күні қант бағасы күрт көтерілді. Оның себебі, қант бізде өндірілмейді, тек қана импорттан келеді. Дәл қазір 70 тонна құмшекер жолда келе жатыр, тағы 70 тоннаға тапсырыс берілді. Одан бөлік оралдық кәсіпкерлер Алматы қант зауытымен 400 тоннаға жуық қант жеткізуге тапсырыс беріп қойды, - дейді бізге Оралдың орталық базарынан кездескен қала әкімі Абат Шыныбеков.

Заң бойынша азық-түлік бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерге 100 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салынады. Бірақ Оралда әзірге ондай жазаға ешкім тартылмаған. Кәсіпкерлерге заң тәртібі түсіндіріліп, ескерту жасалып жатыр екен.

- Кеше 1 кило картоптың бағасы Орал сауда нүктелерінде орташа есеппен 160-170 теңге болса, бүгін ол 120 теңгеге түсті. Қант бағасы орташа 200 теңгеден. Наурыздың соңы, сәуірдің басына қарай Оралға 720 тонна қант жеткізіледі. 5000 тонна картоп келеді. Қызылордадан күріш, Павлодардан картоп әкелу туралы келісімдер бар. Бүгінгі күні өзімізді өзіміз қажетті азық-түлікпен толық қамти аламыз, - дейді Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетов.

Мамандардың айтуынша, кейбір азық-түлік бағасының күрт өсуіне ел ішіндегі алыпқашпа әңгіме, ажиотаж да әсер еткен. Мәселен, ақпан айында Орал сауда нүктелерінде 400 тонна картоп, 200 тоннадан сәл артық қант сатылған екен. Ал соңғы екі күнде Оралдың базарларынан 1-1,5 айлық азық-түлік сатылып кеткен! Әрине, мұндай күрт сұраныс бағаның өсуін тудыруы – нарықтың заңы ғой.

Батыс Қазақстан