Қарағанды қаласындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев кеншілер астанасына Минск қаласынан ұшып келген екі жолаушыдан коронавирус ауруының белгісі табылғанын растады.
Айта кететін бір жайт, бортында 67 жолаушы болған аталған ұшақ Нұр-Сұлтан қаласына қонуы тиіс болатын. Алайда, бас қаладағы карантиндік режим бойынша туындаған қиындықтарға байланысты ұшақ Қарағанды әуежайына қондырылған еді.
– Нұр-Сұлтан-Минск авиарейсіменен ұшып келген екі жолаушының коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ресми түрде анықталды. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Жолаушыларды қарсы алу кезінде қажетті қауіпсіздік іс-шараларының бәрі сақталды. Автобус ұшақ баспалдағына дейін барып, жолаушылардың әуежай ғимаратына кіру жолы кесіліп, олар бірден көлікке отырғызылды. Азаматтар ұшақ ішінде тексеріліп, одан кейін барып карантиндік госпитальдерге жеткізілді. Жолаушылар бөлімшелерге бөлек жатқызылды. Қазіргі таңда, инфекция жұқтырған екі адамның дер кезінде оқшауландырылғанын ескере отырып, облыс төңірегінде карантин жариялауға негіз жоқ, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Сондай-ақ, Ержан Нұрлыбаев коронавирус жұқтырған екі жолаушының Қарағанды облысының тұрғындары еместігін атап өтті.
Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров қазіргі таңда Қарағанды облысында алты санитарлық бекет жұмысы ұйымдастырылған хабарлады. Мұнда тәулік бойы кезекшілік ететін арнайы бригада азаматтардың дене қызуын тексеріп, басқа да санитарлық алдын алу іс-шараларын жүзеге асырады.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева өңірде азық-түлік бағаларының бақылауда екенін жеткізді. Оның айтуынша, Ресей және Беларусь елдерінен әкелінетіндіктен, қанттың ғана бағасы қымбаттаған. Сондай-ақ, ол ірі сауда орындары жұмысын уақытша тоқтатқан кезде жалға алушылардан ақы алмайтынын жеткізді. Бұл турасында облыс кәсіпкерлерімен келісімге қол жеткізілгенін атап өтті ол.
Брифингтің соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев уақытпен санаспай жұмыс істеп жүрген медциналық қызметкерлерге алғыс айтып және облыс тұрғындарын сабырлы болуға шақырды.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жаңатай Сембеков жалған қауесеттерге сенбей, тек қана мемлекеттік органдардың ресми сайттарындағы ақпараттарға жүгінуге үндеді және әлеуметтік желілерде жалған және үрей тудыратын хабар таратқандардың заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Еске салар болсақ, бортында коронавирус жұқтырған екі жолаушы болған ұшақ Қарағанды әуежайына 18 наурыз күні Минск қаласынан ұшып келген болатын.
Қарағанды облысы