Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров қарағандылықтарды Наурыз мейрамын отбасы-ошақ қасында атап өтуге шақырды. Сонымен қатар, ол төтенше жағдай тұсында алыс сапарлардан бас тарта тұруға кеңес берді.
– Сіздерді Наурыз мерекесін туған-туыстар мен жақындарыңыздың ортасында өткізуге, адамдар көп шоғырланатын орындарға бармауға, облыстан тыс жерлерге алыс сапарларды жоспарламауға шақырамын, – деді Қанат Асқаров.
Сонымен қатар, ол коронавируспен ауырғандар арасында туристік арзан турларға қызығып, инфекциялық жағдайы қолайсыз елдерге барғандардың бар екенін еске салды. «Төмен бағаға қызықпаңыздар. Арзан турлар сіздің жақындарыңыздың денсаулығы мен өмірінен артық емес», деді облыстың бас санитар дәрігері.
Сондай-ақ, Қанат Асқаров коронавирус жұқтырған екі науқастың облыс орталығындағы медициналық мекемелердің бірінде толыққанды ем алып жатқанын, бүгінгі күнде олардың денсаулық жағдайы қанағаттанарлық екенін хабарлады.
Брифинг барысында облыстағы балабақшалардың жабылуы мүмкін екендігі белгілі болды. Бұл турасында облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев мәлімдеді.
– Біздің балаларымыздың денсаулығы мен амандығы басты байлығымыз. Статистикаға сүйенсек, қазір ата-аналардың 20%-ы балаларды балабақшаларға әкеледі. Өз еркімен келуден бас тартқан адамдар үшін ондағы орындар сақталады. Балалардың аз келуі қызметкерлердің еңбекақысына әсер етпейді. Егер біз балабақшалардың қызметін тоқтататын болсақ, бұл қауіпсіздікті күшейтеді деп ойлаймын, – деді ол.
Сәуірдің 6-сынан бастап мектеп оқушыларының кезектен тыс демалысы аяқталады. Осы уақытқа қарай жағдайға байланысты қалай әрекет ету керектігі ойластырылуда екендігін жеткізді басқарма басшысы. Ал колледж студенттері 16 наурыздан бастап қашықтан білім алуға көшкен.
Брифингте Қарағанды облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Любарская қашықтан жұмыс істеуге көшкен ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлеріне ақы төлеу жүйесінің қалай жүзеге асатынын түсіндірді. Атап айтқанда, ол мұндай жағдайға ұшыраған азаматтардың қолдаусыз және қамқорлықсыз қалмайтынын мәлімдеді.
Брифинг жұмысының соңында спикерлер облыс тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады.
Қарағанды облысы