• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Наурыз, 2020

Түркістан: Көктемгі егістік жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде

240 рет
көрсетілді

Түркістан облысының әр ауыл округінен ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып,  жылына бірнеше рет өнім алатын тауар өндірушілер тізімі бекітілген.

Мысалы, Сайрам ауданында бүгінде 100-ден астам шаруашылық 145,8 гектарға  картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз, сарымсақ, нохат, қияр мен тәтті бұрыш еккен. Ауданда 100-ден астам шағын және ірі  жылыжай жұмыс істейді. Яғни, елімізде жарияланған төтенше жағдай диқандар жұмысына кедергі келтірген жоқ.

Сайрам ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев диқандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Облыс басшысымен жүздескен шаруа қожалықтары мен жылыжайлардың иелері өз мәселесін ортаға салды. Өмірзақ Естайұлы диқандарды өтпелі кезеңнің қиындықтарына төтеп беріп, алаңдамауға шақырды. Керісінше, жұмысты күшейтуді тапсырды.

- Шаруалар назардан тыс қалмайды. Елдегі төтенше жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы саласының ақсауына жол берілмейді. Керісінше, қайта жұмысты күшейту қажет. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Қосымша қажеттіліктер туындап жатса, қарастырылады, - деді облыс әкімі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында шаруа қожалық иелері егістік жерден екі-үш рет өнім алуды тоқтатпаймыз деп отыр. Аудандағы бірнеше шаруа қожалықтардың жұмысымен танысқан облыс әкімі Қолкент ауыл округіндегі инженерлік - коммуникациялық жүйелерінің құрылысы нысанында болды. Мекеме ауыз су, электр желісі, су құбыры жобаларын іске асырады. Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев аудандағы құрамажем шығаратын зауыттың ұжымымен кездесті. Осыған дейін Өзбекстан, Ауғанстан, Иран елдеріне экспорт жасайтын өндіріс орны жоспарға сәйкес жұмыс істеуде.

 

Түркістан облысы