• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Наурыз, 2020

Кеген ауданында төрт түлік мал басы көбейді

691 рет
көрсетілді

Алматы облысы – ауыл шаруашылығына арқа сүйеген аймақ. Тұрғындардың 80 пайызы ауылдық өңірді мекен етеді. Яғни, ел-жұрт несібесін төрт түлік мал мен шұрайлы жерден теріп отыр. Содан болар облыстың аграрлық саладағы табысы жыл сайын өсіп келеді. Мысалға, өткен жылы аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімінің ақшалай көлемі 852 миллиард теңгеге жетіп, нәтижесі 3,4 пайызға көбейді.

Облыстағы өрісі малға толы өңірдің бірі – Кеген ауданы. Осыдан екі жыл бұрын Райымбек ауданына енші беріп, өз алдына жеке дара қалған Кегенде келелі іс жалғасып жатыр екен. Бізді төрт түлік тұяғының көбейгені қуантты. Мәселен, өткен жылы аудандағы ірі қара малы 50 894 басқа, жылқы саны 28 468 басқа және қой мен ешкі үлесі 199 869 басқа жетіпті.

Мал басы өскен жерде одан алынатын өнім көлемі де көбейетіні түсінікті. Әсіресе, нарыққа табиғи сапасы жоғары ет өнімін шығару сұранысқа сай екен. Дерекке көз салсақ, былтыр кегендік шаруалар салмағы 15 800 тонна болатын мал базарлапты. Жиналған сүттің көлемі 25 010 тоннаға жеткен. Кеген даласындағы шөпті жеп өскен төрт түліктің еті ішкі нарықтан асып, шетелге шыға бастаған. Өңірдегі «M.P.S.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Иранға 80 тонна және Қытайға 280 тонна ірі қара етін экспорттапты. Сөйтіп, экспорт жоспары 180 пайызға  орындалған.

Қазір малдың басын көбейте берудің маңызы аз. Неғұрлым асыл тұқымды, ет пен сүтті молынан беретін мал басын көбейткен абзал. Шаруалар да мұны жақсы түсінеді. Аудандағы «Казмясо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  былтыр Австралия мемлекетінен 1,4 миллиард теңгеге 1 500 бас асыл тұқымды «Абердин Ангус» сиырын сатып әкелді.

-  Мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандыру ісі жалғастыра береміз. Бұл бізге аудандағы ет, сүт өндірісін өркендетуге жол ашады. Биыл «Талас» ауылшаруашылығы кооперативі 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын ашады. Осы мақсатт  Чехиядан 60 бас етті –сүтті бағыттағы «Сименталь» асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Бұған 51 миллион теңге жұмсады. Жақында Жылысай ауылдық округінде 1500 бас қойға арналған мал бордақылау алаңы өз жұмысын бастады. Мал басын көбейту де басты назарда.  Шаруа қожалықтары «Сыбаға» ,«Игілік» бағдарламасы аясында  жалпы құны 83 230 000 теңге болатын  4 161 бас қой сатып алды. Және 33 миллион теңгеге 167 бас ірі қара, 34 миллион теңгеге 115 бас жылқы әкеліп, өрістерін кеңейтіп отыр, - дейді Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов.

 

Алматы облысы