Былтыр «Zhersu» инвестициялық-өндірістік корпорациясы Алматы облысының Алакөл ауданың аумағынан асыл тұқымды жылқы фермасын ашқан болатын. Өңірдегі қылқұйрықтың санын арттырып, тұқымын жандандыруға орай басталған іс нәтижелі жүріп жатыр. Қазір қыстан шыққан 10 000 бас жылқы жайылымда жүр.
«Алакөл Асыл жылқысы» серіктестігінің жұмысы заманға сай технология жетістіктерімен жабдықталған екен. Әуелі фермадағы тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. 56 адам жұмыс істейді екен. Тұрғын үй, жатақхана бар. Мұнда монша, дүкен, асхана сияқты қажетті нысандардан бөлек мәдени көпшілік демалыс шарасын өткізуге болады. Яғни, құрылтацйшылар жылқышылар үшін кинотеатр мен кітапхана ашып беріпті.
Фермада мал бағудың да жаңаша тәсілі жүзеге асып отыр. Ендігі жылқыны бұынғыдай құрыққа сүйеніп, ізінен аңдып бағатын кезең келмеске кетіпті. Қазір Қамбар ата баласының жүріс-тұрысын, жайылымдағы жүрісін монитордан бақылап отыруға мүмкіндік бар. Мұндағы асыл тұқымды әр басқа GPS байланған. Яғни, жылқыны құрық ұстаған жылқышы емес, жұдырықтай құрылғы бағады.
- Ферма өткен жылдың қараша айында іске қосылды. Бұл жобаны жылқы тұқымын асылдандыру мақсатындағы қолға алып, 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция салдық. Қазір мақсатымыздың бірінші кезеңін аяқтадық деуге болады. Әзірге асыл тұқымды жылқы санын 10 000 басқа жеткіздік. Биыл, бұйырса, тағы 10 000 бас жылқы әкелсек деген жоспар бар. Қылқұйрықты Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан сатып алдық. Ресейден әкелінгені де бар. Жылқыға қосымша түйе шаруашлығын дамытуды қолға алудамыз, - дейді «Zhersu» инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов.
Айтпақшы, бұл «Zhersu» корпорациясының Алакөл ауданындағы жалғыз мал фермасы емес. Біраз жыл бұрын іске қосылған «Қайыңды» мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу зауыты қазір нарықтағы өз орынын тапқан кәсіпорын санатына кіреді. 5 000 басқа арналған бордақылау алаңы бар. Жемдеудегі сиырдың дені асыл тұқымды екен. Әу баста герефорд және ангус тұқымды 4500 бас сиыр әкелініпті. Ал зауыттың мал сою цехында күніне 60 басқа дейін мал сойылады. Ал «Қайыңдының» шұжық цехында жасалған өнім қазір Қазақстан нарығын жаулап алған. Цех тәулігіне 6 тоннаға дейін дайын өнім шығарады. Нарыққа 18 түрлі шұжық жөнелтіп отыр.
Жалпы, салыстырмалы түрде алғанда Алматы облысында мал басының өсуі мен өнімі орта есеппен 4,5 пайызға өскен екен. Аймақта 102 асыл тұқымды мал бордақылау алаңы құрылған. Алыс-жақын шетелден 10 мың басқа жуық ірі қара әкелініпті. Жүйелі жұмыстың нәтижесі тұтас агроөнеркәсіп кешеннің дамуына Алматы облысының қосқан үлесін арттырып отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 20 пайызға жетті. Биыл да қазан ауызы жоғары деп отырмыз. Өйткені, өңірдегі 1 миллионнан бас ірі қара малы мен 4 миллионнан астам ұсақ мал басы бар. Мұнда агроөнеркәсіп кешенінің келешегін анықтайтын салмақ жатыр...
Алматы облысы