• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Наурыз, 2020

Әкімдер азық-түлік бағасының өсуін тоқтата ала ма?

249 рет
көрсетілді

Бұдан былай Алматы облысының аумағындағы әлеуметтік дүкендерде 1 кг ұнның бағасы 130 теңгеден сатылады. Және алып сатарлықтың алдын алу мақсатында қатаң бақылау жасалып, әр сатып алушыға бір қаптан артық босатылмайды.

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің төрағалығымен өткен аудан, қала әкімдерінің селекторлық жиынында айтылды. Жиында азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Ендігі жерде әкімдіктер ұн шығаратын «Азия Агро-фуд» компаниясымен ынтымақтаса жұмыс істейтін болады. Соның нәтижесінде Алматы облысының тұрғындары ұнның бір келісін 130 теңгеден сатып алуға қол жеткізбек. Алыпсатарлықтың алдын алу мақсатында әр адамға ұн тек бір қаптан сатылады.

Өкінішке қарай, төтенше жағдай жарияланғалы бері аймақта азық-түлік бағасы күрт қымбаттап кеткен. Жүргізілген мониторинг барысында кейбір аудандарда қант, күріш, картоп пен сүттің бағасы өскені байқалған. Осыған байланысты әкім орынбасары жауапты адамдарға азық-түлік бағасын жіті бақылауды тапсырды.

- Кейінгі кезде базарда, дүкендерде қолдан жасалған дүрлігу орын алды. Осыны пайдаланып, кейбір жауапсыз саудагерлер бағаны өсірген. Бүгінгі күні өңірде әлеуметтік маңызды тауарлар жеткілікті, алаңдауға негіз жоқ. Азық-түлік бағасының өсуіне әр әкім дербес жауап беретін болады, сондықтан бұл мәселені ерекше назарда ұстауды тапсырамын. Аудандар бір-бірімен ынтымақтаса жұмыс істеуі керек. Мысалы, Райымбек ауданында картоптың, Балқаш ауданында күріштің, Қаратал ауданында пияздың қоры бар. Неге өзара тауар алмасып, бағаны тұрақтандырудың жолын қарастырмасқа?, - деді облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.