• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Наурыз, 2020

Тарихтың әр тәмсілі өрнек болса...

474 рет
көрсетілді

Дүние жаратылғалы адамзат баласы дәуірлердің қайғысын арқалап, тағдырдың тауқыметін тартып келеді.

Талай тағдырлы сәттерге тарих куә. Адам ата ұрпағы тағдырмен тайталасып жүріп, әрі сол тағдырға иман етіп, жалғанның жарығында мың сан қиындықты еңсеруде. Бүгінде әлем халқын алаңдатып отырған коронавирус індеті де адамзаттың басындағы ауыр хал. Көптеген елдерде талайдың шырағын сөндірген, өмірін қиған кесел. Өкінішке қарай, бұл қазақ даласына да келді. Еліміздегі сақтық шаралары, алдын алу жұмыстары бұл індетті де жеңуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – ұлттық негіз, берік сенім бойымызда бар кезде бұл қиындықтың да еңсерілетініне сенім мол. Көне тарихқа жүгінсек, мұндай індеттің адамзат тарихында ертеден-ақ пайда болғанын көреміз.

 Омар халифаның кезінде һижраның он сегізінші жылы Шам аймағында оба ауруының тарағаны белгілі. Бұл індет 25-30 мың адамның өмірін қиған деседі. Аты жаман дерттен Әбу Убайда ибн Жаррах, Мұғаз ибн Жабал, Сухайл ибн Амр және өзге де атақты сахабалар көз жұмған. Тарихи деректер бойынша, бұл хабар қасиетті Мәдина қаласына жеткенде Омар халифаның Шам аймағына сапары жоспарланған екен. Абдулла ибн Аббастың жеткізуінше, бұл кезде Омар патша Шам аймағына сапарға шығып қойған. Ол Сарғ елдімекеніне жетіп қалғанда, Шам қаласының қолбасшысы Әбу Убайда Шам жерінде оба ауруының тарағанын хабарлайды. Осы кезде Омар халифа кеңес құрады. Алайда, бір тарап халифаның Шам аймағына барғанын дұрыс десе, екінші тарап кері қайтқанын мақұл көреді. Сөйтіп келісімге келе алмайды. Омар халифа ертең кері қайтатынын айтып, жұртқа хабар берілуін бұйырғанда, Әбу Убайда «Алланың тағдырынан қашып барасыз ба?» дейді. Сонда Омар «Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына бара жатырмын», деген екен. Бұл тәмсілден «Сақтансаң – сақтайды» қағидасын көруге болады. Тәртіптің қай кезде де маңыздылығы еске түседі. Сонымен қатар, Мұхаммед пайғамбар да адамзатқа «Бір жерден оба шықты деп естісеңдер, онда барушы болмаңдар. Ал егер сендер тұрған жерден шықса, обадан қашып ол жерден шықпаңдар», деп өсиет еткен. Бұл да адамзат тарихындағы төтенше жағдайдың, карантиннің нағыз үлгісі.

 Әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының иегері Альбер Камю «Оба» романында адамзаттың тағдырына төнген індет туралы суреттейді. Адамдардың жан арпалысын қара сөзбен өрген қаламгер «Рождество мейрамына дейін оба жайлаған қаланың өмірі өз ырғағымен жылжи берді», дейді. Яғни бос қалған, қараңғы дүкендер, трамвайдағы түнерген жүздер... сол арқылы кеселмен күрескен адамдардың ішкі әлемін, сол қаланың көрінісін ашып көрсетеді. «...әркім алдымен өзін-өзі бақылап ауру жұқтырмас үшін біреудің бетіне қарап түшкірмеуі керек. Өйткені микроб дегеніміз – табиғи нәрсе. Қалғандарының бәрі: денсаулық, тұрақтылық, тіпті тазалықтың өзі – бәр-бәрі ерік-күштің жемісі, сондықтан ерік-күш өзіне ешқашан дамыл-тыныштық бермеуі керек. Ешкімге ауру жұқтырмайтын адал, таза кісі ешқашан босаңсуға, осалдыққа жол бермейді», дейді жазушы. Камю өз шығармасында дәрігер Риэ, есеп-қисап иесі Гран, табанды Тарру, Рамбер бейнелерін шебер суреткерлікпен мүсіндеп шыққан. Романда карантиндегі қала, мейрамхана, дүкендердің ашылуын сабыла күткен жұрт, кеселмен күрескен ел, бәрі де нанымды бейнеленген. Ұлы жазушылардың кейбірін адамзат үшін жіберілген ескертуші екенін байыптасақ, Камю шығармасынан да сол нышанды сезуге болады. Оба – адамзат тарихында бар індет, алайда жазушы оны дәл бүгінгідей суреттейді. Кеселден сақтанудың жолдары, адам мен адамның арақатынасы, ең бастысы адам өмірінің қымбат екені, сол қымбат дүниені сақтау көп жағдайда адамның өзінің қолында екені айтылады.

 Философтар адамзат тарихындағы кейбір құбылыстардың қайталанып тұратынын айтады. Камюдің «Оба» шығармасында «Дәл осы қатерден өзіміз үшін игілік табуымыз шарт» деген сөз бар. Баба танымына салсақ, «Әрбір істің бір қайыры бар». Бұл да өмірдің сабақтары болып тарих қойнауында қала береді. Індет те, басқа да Тәңірдің сынағы, тағдырдың салғаны. Тарихтың әрбір тарауында адамзат үшін өрнек көп. Әлімсақтан мұсылман қазақ, «Құдайсыз қурай сынбайды» деп сенген ұлт бұл сынақты да жеңе алады. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Адамдардың қауіпсіздігі үшін тиісті шаралар қабылдануда. Дегенмен, кейбіреулердің қиын кезде қарпып қалғысы келіп, көлденең пайда табуға ұмтылып жатқандары да көңілге кірбің салады. Бірақ, осындай ниетте медициналық масканы қымбат бағаға сатқандардың да, тауар бағаларын заңсыз көтергендердің де, енгізілген төтенше жағдайға қарамастан той өткізуге рұқсат бергендердің де немесе шектеу қойылған уақыттан асырып мейрамханаларда жұмыс істегендердің де әрекеттері әшкере болуда. Қазіргі кезде тәртіп пен сабырдың маңызы зор. Пайда да емес, басқа да емес, бастың амандығы бірінші орында болуы керек. Тарихтағы түрлі тәмсілдер, тағдырлы оқиғалардың бәрі де адам баласы үшін өрнек, сабақ болса...

 

Жамбыл облысы