1 сәуір – Күлкі күні
ЖЕҢЕШЕҢЕ ДӘЛЕЛДЕ!
Бірде жазушы Әлібек Асқаров пен талантты журналист, жас ғалым Бейбіт Сапаралин ұзақ-сонар әңгімеге кетіп, өмірдің мәні, тірліктің құны дегендей, біраз жерге дейін “тереңдеп” барып қалады. Қызып сөйлеп отырған Бейбіт:
– Әлеке, сіз енді баяғыдай бір отбасының ғана меншігінде емессіз, сіз елдің, халықтың адамысыз, – дейді ғой аспандаған көңілін баса алмай.
Сонда Әлібек қаламдас інісіне жымия қарап:
– Бейбітжан, менің бір ғана адамның меншігі емес екендігімді сен маған емес, үйдегі жеңешеңе дәлелдеп берсең, құба-құп болар еді, – деген екен.
Өтіп кетті
Елуінші жылдары қазақ ақыны Қуандық Шаңғытбаев қырғыз ақыны Темір Үмбетәлиевке әзілдеп:
– Темке, қыз-келіншек тақырыбына қалам тартып жүрсіз бе? – депті.
Сонда Темір:
– Өтіп кетті жасшылық,
Өтіп кетті састырып.
Қыздар өпкен бетімді
Қыл сақалға бастырып, – деген екен.
Еркін НҰРАЗХАН, Алматы.
САН ТАРАПТЫ «САЗГЕРЛЕР»
“Сазгер” ұжымына керней аспабында ойнай алатын жоғары дәрежелі кернейші керек” деген хабарландыру бойынша келген Синяев сәл-пәл өнерін көрсетіп еді, қабылдаушы Крюков: “Ғажап! Өнеріңіз бабында екен. Бізге керегі де осы!” деп шаттаныс білдірді.
Синяев тек тұрмай:
– Консерватория бітіргенмін, – деп міңгірлеп қалды.
– Не дейді! Консерватория да бітіріп пе едің! Қай класын? – деп жатыр Крюков.
– Міне, мынаның, – деп Синяев кернейін шұқып көрсетті.
– Содан соң қайда ойнап едің?
– Филармонияда.
– Содан?
– Ресторан оркестрінде, – деп Синяев қипақтаған болды.
– Содан соң ше? – деп Крюков риза кейпін жасырмады.
– Жерлеу рәсімдерінде... – деп Синяев күмілжіп, – Бас кернейде ойнадым, – деп басып айтты.
– Бәрекелді! Трубаның неше түрінде ойнапсың, нағыз маманы екенсің, – деп Крюков риза болды.
– Он бес жыл осы кернейді дүрілдетіп келемін, – деп қосып қойды Синяев.
– Трубаның майталманы екенсің, сені сазгерлер ұжымына сантехник етіп жұмысқа қабылдаймын, – деп Крюков қолын қойып та жіберді.
– Сантехнигі несі!? Сіздер сазгерлер ұжымына кернейші керек деп жарнама бермеп пе едіңіздер?! – деп, Синяев аң-таң...
Крюков бұған мырс етіп күліп алды да:
– Дәл өзі, біздер нағыз кәсіби мамандарды қабылдаймыз. Мәселен, мына Ермишкин электрогитарада ойнаған. Қазір таптырмас электригіміз. Ал ана Козликов скрипкада жиырма жыл ойнапты, қазір біздің нағыз ағаш шеберіміз. Бұрынғы дирижер Потапскийдің қабырғаны сырлағанын көрсең... Пианист Ерденов кірпіш қалағанда қаз-қатар тұрған пианино нүктелері жайына қалады... Бұрынғы барабаншы Шубиннің балғаны қазыққа ұрғаны тіпті тамаша, – деп өз құрылыс бригадасының мүшелерімен таныстырып өтті.
Синяев жиналған сан тарапты “сазгерлерді” бір шолып алды да:
– Сіз, өзіңіз қай аспапта ойнап едіңіз? – деді Крюковқа.
– Өз басым еш аспапта ойнаған емеспін, мен бұрынғы әншімін. Сөйлей білетін, негізі айғайы басым дауысы бар бригадирмін... – деп Крюков өзін де таныстырып өтті.
Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.
ӨЛЕРМЕН ӨЗІМ
Аталас болып келетін ағайынға келе жатырмын. Туылғаннан тірлігіне мығым болып өсті. Кеңес кезінің өзінде-ақ аттың үстінде болды. Өзі бауырмал да... Кеңес кезінде ауданның бірінші басшысы болып тұрғанында әйда келіп ағайындарын қылтиған қызметке тағайындап тайраңдағаны бар. Онысынан көресесін көрсе де қоймағанын тағы білеміз. Мені де сүйрелеп, бірер жыл мектеп басқарғаным соның арқасы. “Қызмет қолдың кірі, бірде бар, бірде жоқ, мен отырғанда істеп қалыңдар” деп ағынан жарылушы еді.
Несін айтайын, қайда жүрсе де, әйтеуір ат үстінде жүргенде қарайласпаған ағайыны жоқ, ру-аталас тұрмақ, жиен-нағашыға дейін жарылқап шиырлады емес пе...
Мына заманда мемлекеттік қызметте емес, жеке кәсіпкер, кәсіпкердің кәнігісі, дөй шаруаны дөңгелетеді деп естігенмін.
Қызмет орнына табан тіреп, кідіріп жатыр, күте тұрыңыз деген соң, қарап отырғанша деп басқарып отырған тірлігін аралаған болдым. Ондағым – көзі таныс, ағайынның қаншасын кезіктірер екенмін деп... Ойпырай, кілең басқа ұлт. Телміре сүзіп шықсам да ағайын тұрмақ өзі де, көзі де танысты ілуде ұшырата алмадым...
Алдында отырып ардың-гүрдің әңгіме бітті-ау деген мезетте: “Қызметіңнен ағайын көре алмадым?..” – деп кідіріп едім:
– Е, ол заман өткен, – деп менің нені меңзегенімді дөп басып ағыл-тегіл ағытылсын. – Құрдас, өзіңе шынымды айтайын, бір кезде мемлекеттің құзырында жүріп ағайынға қызметті шүлен таратқандай үлестіргенім рас... Жеке кәсіп ашып, ағайынды тағы да жарылқағаным бар... Мынау заманда ағайынмен алысқа бара алмайды екенсің... Жауапсыздық та, жалқаулық та, кері кетіп кердеңдеу де солардан болды. Ағайынмен істесем деп екі-үш рет банкрот та болдым... – деп, осы төңіректе көзін аларта отырып біраз жерге барып тоқтады да, – Ақылымның жеткені, ағайынмен алыстан сыйласу екен... Әрине, білімді, өз ісінің шебері ағайынды кет әрі демеймін, бірақ олардан қара үзіп қалғалы қашан, – деп ақырғы сөзін айтты.
Пәлекет балама қызмет сұрап келгенімді айтқызбай-ақ ұғып, қолымдағы “Қағазға” көз жүгіртіп өтті де:
– Алар-ақ едім, ағайындыққа басады – бас ауырады, балтыр сыздайды, ыңқыл-сыңқылмен кері кетіп кергиді-ай келіп. Білемін, “өйтпейді деп талай өмірем қаптырған!.. – деп өкіреңдеп барады... Су сіміріп, оған да су сіміртіп сабасына түсіріп барып кете бардым.
...Ойлап көрсем, оныкі жөн! Қызметте жүргенінде ағайынын ұмытпай өлермен өзім болды... Қазіргісі де, жеке кәсібіндегі ағайыннан алыс кеткен өзімшілдігі де жөн.
...Біраз уақыт өткен, әлгі сабаз телефонмен іздеп тауып: “Құрдас, өткенде өтінішіңді орындай алмадым. Реті келді, әлгі бала қайда, өзің де бос шығарсың, маған жедел “резюмелеріңді” жібер, қызметке міндетті түрде орналасасыңдар дейді...
...Сөйтсек, ол мемлекеттік қызметтің біріне басшы болып тағайындалыпты...
Кенже ЕРКІН. Алматы облысы.
ҚОМАҒАЙ ҚҰРСАҚ
Ындын дегенде тығын жоқ,
Тойдым дейтін ұғым жоқ.
Тау жұтса да талғамайды,
Қақалам деп болжамайды.
Есі шыққанда олжаға,
Ертеңін де ойламайды.
Вагондатып арақ ішкен құрсақ,
Көл жұтарға шығады ұқсап.
Құрсақ қуысы толмағасын,
Миллиондап ұрласын,
Заңсыздықты белден басып,
Бедел, бағы қорғасын.
Қомағайдың түрін көріп жүрміз,
Байлықпен озған “жорғасын”.
ТАРТЫНБАЙДЫ
Өсекші де – өтірікші,
Өтірікші де – өсекші,
Әр сөзі өрт, оқ болғандай,
Құдайдың қарғысына тап болғандай,
Гуілдектер арамызда жетіп жатыр,
Жалған сөзі сүйектен өтіп жатыр,
Шайтанның сағымындай тақылдайды,
Өліп кетейін, шындық деп бақылдайды.
Өтіріктің қашанда арты қайғы,
Ауызы күйсе де тартынбайды.
Табыл ҚҰЛЫЯС, Астана.
“СЕНІКІ РӘСУӘ БОЛАТЫН БОЛДЫ-АУ”
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақарық ауылының айтқышының бірі Иманқұл үйіне жақын келсе, көршісі Науқанбай ақ тер, көк тер болып көшет отырғызып жатыр екен. Көре тұра әдейілеп:
– Иә, Науқанбай, күн қызбай бақшалығыңа шығып кетіпсің, не істеп жатырсың? – деп сұрайды.
– Иеке, несін айтасыз, – дейді Науқанбай, – неше түрлі жеміс ағаштарының көшеттерін көптеп қолға түсірдім. Соның 20-30 түбін мына Тұрмахан, соншасын Қайырбек көршілеріме бердім. Құдай қаласа, енді үш жылда біздің қорадан талай жемістің дәмін тататын боларсыз әлі.
Лепіріңкіреп тұрған інісіне кенет салмақты түрмен қарай қалған Иманқұл сонда:
– Е, мұның жөн болған екен, Тұрмаханның ғой үйінде бала-шаға біраз, жеп тауысады. Қайырбектің үйіндегі келін кентті жердің қызы (Уфаның башқұрты екен), қайнатып алса да, бірдеме қылар. Науқанбай шырағым, сенікі төгіліп, текке рәсуә болатын болды-ау, соны уайымдап тұрмын, – деп кәдімгідей қапа болған адамның кейпін көрсетіпті.
Тойға тоғыз рет шақыру
Ағайындарының бір тойына Келдібай Әмзеевті шақырушы етіп белгілейді. Ол ертемен жұмысқа кетіп бара жатып өздеріне жиен болып келетін орталық көшедегі Әбекең деген кісіні тойға шақырып, уақытын айтып кетеді. Түстен кейін егістік жақтан құбатөбелдеу қайтқан Келдекең бағанағы айтқаны есінен шығып кетіп, сол Әбекеңді тойға тағы шақырады ғой.
Осы жерде нағашысын іліп қалғысы келген жиен:
– Ау, осымен үш шақырдың ғой, құрақтарда (Тама руының бір тармағы) бұрын болмаған бір той болайын деп жатыр ма? – дейді.
Ұйқылы-ояу жүретініне қарай ауылдағылар Әбекеңді “мәңгі” деп қылжақтайды екен. Сонда қателесіп кеткенін аңғарған Келдібай:
– Мәңгісі бар ауылда тойға тоғыз шақырса да артық етпейді, – деп сарт еткізіпті.
Асқар КІРЕБАЙҰЛЫ, Қызылорда.
ЕЛДІ АЛДАУҒА БОЛА МА ЕКЕН
– Әй, Гүппән,
Анау күні адырда
Кетіп бара жатыр едім,
“Жарлысайдың” тұсынан
Өтіп бара жатыр едім,
Кенет,
Сай табанынан сау етіп
Қою бу шықты.
Артынша лау етіп,
Бір ыстық су шықты.
Ішіп едім –
Денемдегі қотырларым
Дуылдап түсті.
Шекемдегі шотырларым
Шуылдап түсті.
Буылған буын, шайқалма қарным
Былқылдап билеп кетті.
Тұз сіңді болған майтабандарым,
“Алғалап” сүйреп кетті.
Ауру деген азап екен...
Ал мынау су
соны емдейтін ғажап екен!
Содан бері жиырма бестегі жігіттеймін!
Өзіңді де сол суға түс деп үгіттеймін.
***
Барса бақа түсер батпақ,
Құрт-құмырсқа мекендеп жатқан екен.
Ем іздеген жұртқа,
Не айтса да нанады екен!
Мейірбек АҚЫНБЕКҰЛЫ, Оңтүстік Қазақстан облысы.
ШЫМШЫМАЛАР
Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы.
Тантықтар тарихты өзінен бастайды.
***
Қараудың қарны қашан да аш.
***
Тілінің ұстарасы бар, жынының ұстамасы бар.
***
Тыртыңбай құны да жоқ қылқандай.
***
Ысырапшыл – тесік шылапшын.
***
Ақталу да мақтанудың бір түрі.
***
Іштарлық – өзіне-өзі дұшпандық.