Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Парасат» орденінің иегері, «Аты жоқ кітап», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Мың бір мысал», Па, шіркін, Пародия!», «Батпанқұйрық», «Сөйле десең, сөйлейін» атты 30-ға жуық сатиралық кітаптың авторы, белгілі сатирик Көпен ӘМІРБЕК қазақ сатирасының өткені, бүгіні һәм ертеңі туралы ой толғайды.
– Күлкі күні қарсаңында 70-ке толып жатыр екенсіз. Құтты болсын, аға! Шерхан аға Мұртаза: «Үлкен ғалым Ш. Елеукенов 70 жасқа толып, Алматыдағы Ғалымдар үйінде мерейтойы өткенде өзі айтып еді: «Жетпіс» деген екі сөзден тұрады: «Жет», «піс» деген», – деп еді. «Жет» дегені дұрыс-ақ. «Піс» дегені... Қатерлі. Пісіп тұрған жемісті әркім-ақ жеп қойғысы келеді...» деген тәмсілі ойға оралады. Өзіңізді қай жастамын деп сезінесіз?
– Жетпіске жеткен де бар, жетпеген де бар. Шүкіршілік. Күміс көмей бұлбұл әнші Роза Бағыланова апай 80 жылдық мерейтойына орай Республика сарайында концерт берді. Дастарқан басында Алтынбек Қоразбаев апайдың қол-аяғын жерге тигізбей мақтады. «Әніңіз қандай, сәніңіз қандай, бөркіңіз қандай, көркіңіз қандай!» деп желпіндіріп келді де сөзінің соңында «Сізді сексенде деп кім ойлайды?!» деді. Роза апай шырт ете қалды. «Әй, Алтынбек, – деді, – мен сексенде емес, жетпіс тоғыздамын!» Сөйтсек апайымыздың сексенге толуына әлі екі ай бар екен. Осы оқиғаны ақын ағам Қадыр Мырза Әліге айтып едім, ол кісі: «Әйелдердің солай сөйлеуі – заңдылық! – деді қысқа қайырып. – Мысалы, үш жасар қыздан «Жасың нешеде?» деп сұрашы. «Екіде» деп айтады».
Менің енді еркек атым бар ғой, алпыс тоғызда емес, жетпістемін. Ақын ағам Шөмішбай Сариев елу жасқа толған күні Мәдениет министрі болған ғұлама қайраткер Мүсілім Базарбаевқа телефон шалып, «Аға, бүгін менің туған күнім, елу жасқа толдым!» десе, жарықтық: «Елуге келсең, жетпіске қалай келгеніңді білмей қаласың» депті. Сәлден соң Академик Зейнолла Қабдоловқа қоңыраулатып: «Мен Шөмішбай шәкіртіңізбін ғой, аға. Бүгін елу жасқа келдім!» десе ұстазы: «Айналайын, Шөмішбай, сол елуіңді екі-үш күнге бере тұршы!» депті. Қайта оралмас қайран, 25 қайда? Ақын ағам Сабырхан Асанов жырлағандай: «Шіркін, біздің жастық шақ қайда қалған? Шүйгіні жапырылған сайда қалған!».
– Белгілі ақын, сықақшы Мыңбай Рәштің өзіңізге арнаған
«О, – о, – о, Көпен келе жатыр...Көпен бара жатыр!..» деген өлеңінде мынадай жолдар бар:
«– Ойхой! Әне… Көпен келе жатыр!..
Ой, көрерменін күлкіге көміп тастады-ау!
– Айтса айтқандай, Көпен дара батыр!
– Оу, ол енді қайда бара жатыр?..». Осы сұраққа не деп жауап берген болар едіңіз?
– Осыдан он жыл бұрын Шерхан Мұртаза ұстазыма кездесе кетіп: «Аға, алпысқа келдім!» деп қуана амандаспаймын ба? Ол кісі бажырая қарады да, «Не бітіріп келдің?» деді. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Шынында, не бітірдім? Елуге толған шағымда Әбіш Кекілбайұлы ағам «Көпен, қаламыңды тастама, сен қазаққа керексің!» деп еді. Сонда бір сәт ойланғанмын. Қазір былай бажайлап, өзіме өзім сын көзбен қарасам, соғыстың соңғы жылдарында жараланған жауынгердей жатып қалғанымды байқаймын. «Өмір – күрес, өмір – майдан» дейміз. Тәлім беріп, тәрбиелеген Темірбек Қожакеев ағайымыз санамызға сіңіргендей, «сатирадай қаһарлы қаруды қолдан түсірген» емеспін. Ол жағын келте қайырмай кейінірек айтармын, айналайын. Ақын Тұрсынзада Есімжанов бір сұхбатында: «Жалпы менің жазғандарым 90 том, кейінгі ұрпақ оқи жатар» дегені есімде. Мен де сол сияқтымын-ау... Тоқсан том болмаса да тоғыз томымды баспаға дайындадым.
– Мәселе кітаптың оқылуында дейсіз ғой...
– Қайраткер қазақ Бекет Тұрғараев бір кездескенімде: «Біз енді жазған-сызғанымызды жинақтап, дайындалуымыз керек. Көзіміз кетсе, мұрамызды кім іздеп, кім сұрыптайды?» деді. Өзінен гөрі маған жанашырлықпен айтты-ау, сірә? Әбділда Тәжібаев атамыз меңзегендей «кешеден бүгінге келген» ұрпақпыз. Ертеңге не деп барамыз? Қай мұрамыз халықтың аузында жүреді? Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов 5 томдық таңдамалы шығармаларын баспадан шығарғанда, сыншылар қауымы онысын қомсынды. Азсынды. «Мұхтар Әуезовтікі – 20 том, Сәбит Мұқановтікі – 12 том. Сіздікі – бес-ақ том. Бұл қалай? Болмайды, Ғабе. Құрығанда 10 томдығыңызды дайындаңыз» деп жанашырлық танытты. Міне, қызық. Екі-үш жылдан соң жарықтық Ғабең 5 томын сұрыптап 3 томға түсірді. Таңғалғандарға сөз зергері былай жауап бергенін білем: «Осы 3 томымның ішіндегі екі әңгіме жиырма жылдан соң оқыла ма, оқылмай ма? Білмеймін». «Көпен қайда бара жатыр?» дейсің. Кейінгі ұрпақ сын-сықағымды қабылдай ма, қабылдамай ма? Міне, гәп қайда?
– Біздегі қазір кемшін нәрсе не?
– Жапан даланы жаңғыртып жыр төккен ақын Тайыр Жароковтың жары Мүнира апайдың естелігіндегі тәлім алатындай тамаша оқиғаны еске түсірейін. Тайыр ағаның жалындап тұрған жас кезі. Буы кеппеген жаңа жырын редакцияға апарса, Ілияс Жансүгіров ағасы да өз өлеңдерін әкелген екен. Ағалы-інілі екеуі ойда-жоқта тоғысады. Ілекеңнің дүниесін редакция басшылары қуана қабылдайды. Сол арада Тайыр Жароков өлеңін дауыстап оқиды. Құлақ қойып мұқият тыңдаған Ілияс ағасы: «Қой, менің өлеңімді қайтып бер де, Тайырдың поэзиясын басыңдар. Менікінен гөрі Тайырдың өлеңі тәуір екен. Менің өлеңдерім тұра тұрсын, обал жасамайық» деп қояр да қоймай өзінікін қайтып алған. Қазір бізде қамқорлық жағы қара жаяу қалған-ау! Кемшілігіміз – осы. «Сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсынға» көшіп, өз арбамызды өрге сүйреуге пейілміз.
– Семсер тілдің серкесі Сейіт Кенжеахметов ағамыз: «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген екен. Қазақ қашанда күле де, күлдіре де білген халық қой. Қазір жұрт күлкіміз өзгеріп кетті деп жүр? Күлдірем деп бүлдіріп алатын сәттер көп... Қазіргі күлкінің сиқы – қиқы-жиқы. Күлкінің қуатымен шыжғыру неге жоқ?
– Сатираның дені сахнаға саяқ кетті. Үйірінен үркіп қашқан жылқыдай, жуық арада қайыру қиын. Қазақстанда қазір он сегіз әзіл-сықақ театры бар. Бәрі – жекеменшік. Қоғамдық кеселді қопарып сынауға қауқарсыз. Не болса соны күлкіге айналдыруға тырысып, тыраштанатынын қайтерсің. Көди-сөди, көр-жер, пытықы-шытықыны тілге тиек еткеннен күлкінің күні шыға қоя ма? Көңіл көтеретін көркем дүниені көже-қатыққа айналдырып алған сыңайлы. Әлемге әйгілі түрік әзілкеші Әзиз Несин Мәскеуге келгенде Юрий Никулиннің комедия кешін екі сағат көріп бір рет те езу тартпаса керек. Соның себебін сұрағанда, былай жауап қайырған: «Сіздердің қоғамдарыңыз – зиялы, тәрбиелі қоғам. Оның бойында біздің қоғамдағыдай мерез жоқ, сорақылық жоқ. Сіздер өз қоғамдарыңызға ризасыздар, оны құрметтейсіздер. Сіздер қасиетті қоғамдарыңызға лайық емес, жекелеген кісілердің теріс қылықтарын әшкерелеп күлесіздер. Ал біз өзіміздегі капиталистік қоғамның бізге, кейінгі ұрпағымызға жасап отырған зұлымдықтарын, кесапаттарын әшкерелеп күлеміз. Сіздер өз қоғамдарыңыз үшін өмір сүресіздер. Біз өз қоғамымызды жою үшін өмір сүреміз! Сіздер күлгенде – көздеріңізден жас ағады. Біз күлгенде – көзімізден қан ағады!».
Анда-санда атойлап қоятын біздің әзіл-сықақ театрымыз көзімізден қан ағызатын күлкіге бара алмай жүр. Ұсақ-түйек күлкіге мәз болатын бақытты жұртқа айналу үшін әуелі қоғамдағы қоқысты сын-сықақпен сыпырып тазартқан жөн. Опера театры бар. Балет театры бар. Драма театры бой көтеруде. Енді не жоқ? Мемлекеттік сатира театры салынса кері тартқанды бері тартып, Абай айтқандай, «толық адамдардың» тобын көбейтуге септігі тиер еді.
– «Тілінің ұшымен сөйлейтін адамдар бар, жүрегінің ішімен сөйлейтін адамдар бар» депсіз. Осының қайсысында сатира көбірек деп ойлайсыз?
– Сырт көз – сыншы. Осып сөйлесең де, көсіп сөйлесең де, бөсіп сөйлесең де ел-жұрт елегінен өткізіп байқап отырады. Жүректегі әзіл жүзіңді нұрландырады немесе сұрландырады. Ең үлкен юмор – емеурін. Емеурін танытудың өзі шындық болса шымбайына батырып шымшып алғаннан жаман. Оспағың оспадарсыз болса, ең әуелі күлкіге өзің ұшырайсың. Сын-сықақ өзегіңді өртеп, жүрегіңді тілгілегеннен кейін ғана туындайтын жанр. Тілінің ұшымен сөйлейтіндер кім? Немкеттілер. Жаны ашымайтындар. Жауапсыздар.
– Бір әңгімеңізде: «Қырыққа дейін «Көпен келе жатыр!» – фельетонның нысаны, дәуірі еді. Қазір фельетон жанры жоғалды, бүгінде сахналық сатира алға озды» дедіңіз. Сатиралық жанрларға жан бітіру үшін не істеу керек сонда?.. «Он сықақшы жабылып Оспанханның орнын толтыра алмайды» деген сөзіңіз тағы бар. Неге сатирада жастар жағы жоқтың қасы?
– Аты-жөнін атап, түрін түстеп, ауыр қылмысын айғақтап, жегенін желкесінен шығаратындай масқаралап жазатын фельетон жанрының жаназасын шығарып, жерлегелі қай заман. Сатиралық роман, повестеріңіз жан сақтау бөлімінде жатыр, жеке палатаға шығатын түрі жоқ. Пародия, эпиграммаларыңызға да «тұмау» тиген. Сырқат. Әлжуаз. Неге? Қалжыңбастар қатары сиреген, сатирада сап түзейтін сарбаз кем. Өзім көзін көріп, аралас-құралас болған сықақшылар кім еді? Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Жүсіп Алтайбаев, Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясұлы, Сейіт Кенжеахметұлы, Есенжол Домбаев, Марат Нұрқалиев, Сақтапберген Әлжіков, Таңдай Кеней, Төленді Нұрмұхамедов, Жанғали Меймандосов, Жұматай Сабыржанұлы, Бектұрсын Мәдиев... Бүгінде бәрі бақилық. Тоқсанға таяған Мыңбай Рәш, Ғаббас Қабышұлы, Табыл Құлияс, алпыстың ар жақ, бер жағындағы Толымбек Әлімбекұлы, Берік Садыр, Ермахан Шайқы, Мұхтар Шерім және жетпістің желкесіне мінген Доқтырхан Тұрлыбек, Алпысбай Боранбай, Өріс Яшүкірқызы ғана қалды. Қазақ сатирасы жұттан кейін енді-енді есін жинап жатқан ел сияқты. Лев Толстой «Орыс әдебиеті менен кейін біраз жыл демалады» деген екен. Сол сияқты қазақ сатирасы да Оспанханнан кейін демалып жатыр-ау?..
– Осы орайда Оспанхан ағамыздың «Бір ұрыны бір ұры ұрды. Бір ұры қарап тұрды» деген жаңылтпашы еске түседі. Көп жағдайда жаңылтпаш дегеніміз тілі «р»-ға келмейтін кішкентай балалар үшін ойлап табылған, сәбилердің тілін жаттықтыратын дүние десек те, екінші жағынан ересектердің өзіне езу тартқызатын өнер ғой. Жаңылтпаш айтқызудан неге байқау өткізілмейді екен?
– Рәтбек қажы айтқандай, «Өте орынды ұсыныс!» Бүгінгі балалардың тілі «р»-ға келгенмен әліппедегі қырық екі әріптің оншақтысын айта алмайды. Жаңылтпаштан жарыс ұйымдастыру керек. Бұл – Ана тіліне құрмет. Тіл сындыру оңай емес. Жас кезімізде жаттаған жаңылтпаштар есімізде.
«Тауға қайың бітеді тал аралас,
Жаңбыр жауып келеді қар аралас,
Бір топ кемпір келеді шал аралас,
Бір топ қыздар келеді бала аралас,
Бір топ сиыр келеді тана аралас,
Бір топ тұлпар келеді шаң аралас,
Бәрі аралас, Құдай-ау, бәрі аралас».
Жаңылтпаш жазуды Осағаң дамытты. «Асылғазы басын қосып еді, Асылғазының қасындағы Қасымғазы да асыға басын қасыды». Бұл – жағымпаз туралы жаңылтпаш. Кейінірек Бейсенбай ініміз дамытты. «Жағажайда Қамажай жатыр. Жағажайдағы Қамажайдың қасында қарағайдай кәрі ағай жатыр. Қарағайдай кәрі ағай Қамажайға бірдеңе деуге жарамай жатыр». Қанша әспеттесек те баяғы бабаларымыздың жаңылтпашына жетпейді. «Алпыс алты ала баспақ бақтым. Алпыс алты ала баспақтың ішінде бір тарғыл тарғақ бас ақ баспақ бар. Сол тарғыл тарғақ бас ақ баспақты мен тарғыл тарғақ бас ақ баспақ демегенде, кім тарғыл тарғақ бас ақ баспақ дейді?».
Жаңылтпашты ғана емес, баяғы замандағы бабаларымыздың отансүйгіштік рухта жазылған жауынгерлік жырларын жастардың бойына сіңіру үшін мектепте пән ретінде енгізу керек. «Оңғар оралар, Оңғар оралмаса Омар оралар, Омар оралмаса олар оралар» дегендей тіл сындыртып тірі дәстүріміздің ортаға оралуы – балалар үшін бақ-дәулеттің бірі.
– Қалтай Мұхамеджанов: «Ара» жабылғаны – қазақ сатирасының қара жамылғаны» деді. Осағаң: «Ара» – ара болады, шаққан жері жара болады» деді. «Араның» атынан баяғыда ат үркетін? Қазіргі халі қалай?
– Жолға түскен жорғадай боп келе жатқан Қазақстанның аяғына тұсау салатындарды тұқырту мақсатында айбарлы «Ара» журналын қайтадан қалпына келтіру қиын ба? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы өз Жолдауында «Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалану керек» деді. Іздегенге – сұраған. Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің ұйғарымымен қазір «Ара» республикалық «Айқын» газетінің ішінен шығып келеді. Алпамыс батырдай атағы аңызға айналған айбарлы «Араның» құндылығы қанша? Ұстазымыз Темірбек Қожакеевтің құлағымызға құйған сөзі бар: «Кімнің күлкісі басым болса – соның мысы да басым». Немесе Максим Горький айтқандай, «Юмор ақымақтарды күлдіру үшін емес, күлкіге жығып, келекелеу үшін қажет».
Әлемдегі әзілкештердің орталығына айналған Болгарияның Габрово қаласында Сатира және юмор үйі бар. Оның маңдайшасына «Әлемді сақтайтын – әзіл-сықақ» деп таңбалап қоюы тегін бе? Тегін емес. Неге? Әзіл-сықақ қоғамды қоқыстан тазартады. Сақтайды. «Егер менің ішімді жарып көрсең, жылауыңды ұмытып шошыр едің» деп Абай қамыққандай, қоғам ішіндегі адам шошырлық қоқысты тазартып сақтайтын – сатира.
– Ресейдің М.Жванецкий, М.Задорнов, Е.Петросян сияқты мықты сатириктерінің әрқайсысы бір-бір театрдың рөлін атқарады. Бізде осы мектеп неге қалыптаспаған? Мәселен, қаны қайнап тұрған қалжыңдарыңызды неге өзіңіз сахнаға шығып оқымасқа?
– «Қыз Жібек» фильмінде Бекежанның ойланып тұрып «Нартәуекел!» дейтіні бар ғой. «Нартәуекел!» деймін бе? Деймін-ау!
– «Хемингуэй тікесінен тұрып африкалық антилопаның терісі үстінде жазатын болған» дейді. Харуки Муракамидің спортпен айналысқанда шабыты оянады екен. Қазақ қаламгерлерінің де жазу машығы бір-біріне ұқсай бермейді. Сіздің ерекшелігіңіз неде?
– Әр қаламгердің жазу машығы әрқилы. Орыстың ұлы мысалшысы Крылов әзіл дүниелерін әжетханада отырып жазған екен. Пушкин ше? Кабинетінің төрт бұрышында төрт үстел тұрған. Бірақ байыз тауып оның біреуіне де отырмаған. Қырман басқан ат секілді шыркөбелек айналып жүріп өлеңінің бірінші жолын бірінші үстелге, екінші жолын екінші үстелге, үшінші жолын үшінші үстелге, төртінші жолын төртінші үстелге түсіре берген. Тікесінен тік тұрып шабытын шақырған. Әлем әдебиетінің классигі Лев Толстой терезесінің сыртында өсіп тұрған еменге қарап еміренген. Күндердің күнінде ұлы жазушы демалысқа кетеді де үйі мен ауласын тазалап қоюды жұмысшыларға тапсырады. Олар қайтеді? Терезеге жарық түсірмейді деген оймен ерте заманғы еменді тамырымен қопарып алып тастайды. Лев Николаевич қайтып келсе – емен жоқ. Орны тып-типыл. Қаламы жүрмейді. Қатты ашуланады. Еменді қайта әкеп орнына отырғызады. Содан кейін ғана Толстой құрыс-тырысынан құтылып, шабыты ояна бастапты.
«Бәйтерегім – байтақ елім» деген поэманың авторы, менің ақын құрдасым Несіпбек Айтұлы осыдан жиырма жылдай бұрын Бәйтерекке қарамаса өлең жаза алмайтын «ауруға» ұшырады. Ұлы адамдар ұқсас болады ғой. Мен ондай емеспін. Еменге де, ештеңеге де қарамаймын. Пушкин секілді төрт үстелім де жоқ. Түрт сайтаным түртіп, идея мен оспадарсыздың образы көз алдыма көрінгенде, желдеп кеткен ешкідей боламын. Ағаштың ішін аралап немесе өзен бойын өрлей жүріп сатиралық дүниемді санама түсіре беремін. Жадымда жатталып қалған жатыпатар сөздерімді үйге келгесін қас-қағым сәтте қағазға түсіре қоямын. Бітті. Көп дүниемді жатқа айтатыным да осыдан-ау? Жұрт әуелі жазады сосын жаттайды. Ал мен әуелі жадыма сақтап жаттаймын, сосын барып жазамын.
– Кімге қарыздарсыз?
– Оппо-о-о! Осы сұрақты Әнет баба өзінің шәкірті Қаз дауысты Қазыбекке қойған екен.
– Аузы дуалы айдарлы би атандың. Сен бұл дүниеде кімге қарыздарсың? – десе, шәкірті:
– Әуелі Аллаға қарыздармын! – депті.
– Сосын?
– Анама қарыздармын. Ол мені жарық дүниеге әкелді.
– Сосын?
– Әкеме. Ол мені өсірді, бақты-қақты, оқытты, тәрбиеледі.
– Сосын?
– Халқыма қарыздармын. Халқым менің қадіріме жетіп көтере білді.
– Тағы?
– Одан кейін Отаныма қарыздармын. Менің бойыма туған жерімді, елімді сүйіп ерді қадірлеу сезімін сыйлады.
– Тағы да?
– Ұстазым Әнет баба, сізге қарыздармын. Сіз менің көп нәрсеге көзімді аштыңыз.
Міне, ғибратты әңгіме. Мектеп қабырғасында жүргенде мені әдебиетке баулыған Бекболат Нәдіров ағайды ұмытпаймын. Оныншы сыныпта еркін шығарма жазып, ұстазымнан ұрыс естідім. «Ой, көксоққан, сенен әжептәуір әдебиетші шыға ма десем, мынауың не?» деп жазғанымды бетіме басты. Сөйтсем масқара-ай, «Маркс» деген сөзді тасымалдаппын. Дәптердің оң жағына «Мар» деппін де, сыймаған екі әріпті жаңа жолдан «кс» деп қонжитып қойыппын. Негізі бір буынды сөзді тасымалдауға болмайды ғой. Есіме түссе ішек-сілем қатып күлем қазір.
Буынымызды бекітіп, қабырғамызды қатайтқан ұстаздарымыз қандай, шіркін! ҚазМУ-дің ректоры Асқар Закарин, Өмірбек Жолдасбеков, журналистика факультетінің деканы Тауман Амандосов пен Темірбек Қожакеев, дәріс оқыған Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, Бейсембай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Мархабат Томанов, Абдул-Хамид Мархабаев, Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев ағаларымыздың үні құлағымыздың түбінде сайрап тұр... Елі үшін еміренетін қайраткер қазақ Амангелді Айталыны сырттай ұстаз санаймын. Сол кісінің байыпты ойымен әңгімемді аяқтайын. Үндістер мекендеген Канада деген ел бар. Канада – үндістер тілінде «еркін ел» деген мағына береді екен. Бес ғасыр бұрын испандар отарлап, халық санағын жүргізгенде үндістердің саны 14 миллионнан асқан. Қайсыбір жылы халық санын қайта есептегенде соншама жергілікті ұлттан 800 мыңы ғана қалыпты. Солардың ішіндегі бір миллиардер кәсіпкерден «Сіз байсыз. Байлық – бақыт па?» деп сұрағанда, ол «Жоқ, байлық бақыт емес. Ғұмыр бойы жинаған бар байлығымды елімнің бір күндік тәуелсіздігіне айырбастар едім!» деп жауап берген. Парасат-пайымы сол үндістей қазақтарды ұлттың ұстазы деп есептер едім. Қазақстан қаншама ұлтты бақты, мәпеледі, өсірді. Біз ең бірінші елімізге қарыздармыз.
– Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет, аға.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»