Карантин кезінде тек азық-түлкі дүкендері мен супермаркеттер жұмыс істейді. Қалалық кәсіпкерлік бөлімі, прокуратура, әкімдік пен жергілікті полицейлер сауда орындарындағы төтенше режимді қадағалады. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау облысы әкімінің нұсқауы бойынша Ақтау қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторлары қалалық әкімдік және прокуратура өкілдерімен бірлесіп базарлардың, сауда орталықтарының, қоғамдық орындардың жұмысына тексеру жүргізді.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен адамдар көп жиналатын объектілердің қызметі шектелген, әртүрлі іс-шаралар өткізуге тыйым салынған.
Төтенше жағдайға байланысты Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Амангелді Халмұрадов жеке құрам арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нақты нұсқау берді. Жұмыс топтары құрылды, онда олардың әрқайсысы жұмыс ереже нормаларын бұзуды анықтау бойынша объектілерді тексереді.
Сондай-ақ, бұл шара Жаңаөзен қаласында да өтті.Адам көп шоғырланатын аумағы 2 мың шаршы метрден асатын Жаңаөзендегі барлық сауда орындарының жұмыс уақыты шектеулі. Тексеру барысында, Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулыларымен төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 476-бабының 6) тармағымен 4 тұлға (әр қайсысы) 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, ал 1 тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.Мұндай жұмыс күн сайын жалғасады.
Маңғыстау облысы