Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирусқа қарсы іс-қимылға Ақмола облысының дәрігерлері де үлес қосуда.
Елордаға үш санитарлық дәрігер мен 12 фельдшер блок-бекеттерде жұмыс істеуге жіберілді. Медициналық топқа санитарлық дәрігер Балғаным Балқанова жетекшілік етуде. Ақ халаттылар бекеттерде күндіз-түні кезекшілік етуде, әр ауысым 8 сағаттан. 20 наурыздан қызметке кіріскен мамандардың басты мақсаты коронавирустың таралуын тоқтату.
– Блок-бекеттерде 15 санитарлық дәрігер қызмет етуде. Бұл міндетті санитарлық қызмет мамандары атқаруда. Олар күндіз-түні тынымсыз еңбектенуде. Оларға тамақтану, тұратын жер мен өзге де жағдайлар жасалған,–дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Сүлен Ілиясов.
Дәрігерлермен бірге полиция қызметкерлері де қалтқысыз қызмет атқаруда.
– Блок-бекеттер 22 наурыздан бері Астанадан 30 шақырым радиустарда жұмыс істеп тұр. Біз арнайы рұқсаты бар көлік иелерін ғана өткіземіз,–дейді патрульдік полиция ротасының аға инспекторы Мақсат Жаманбаев.
Құқық қорғаушылар сауда жүйелері мен азық-түлік дүкендерінің үзіліссіз жұмыс істеп тұруын да қадағалайды.
– Пост-бекеттерде 100-ден аса полиция қызметкерлері еңбек етуде. Олар көлік жүргізушілеріне карантин режиміндегі талаптарды түсіндіруде. Полицейлер Елордаға азық-түлік пен дәрі-дәрмек тасымалдайтын көліктерді бақылап, өткізуде,–дейді Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Бұл уақытша іс-шаралар азаматтардың қауіпсіздігі мен қауіпті вирустың өзге қалалар мен елдімекендеріне таралмауын қамтамасыз етеді.