Сара Назарбаева балалардың үлкен досы екендігі белгілі. Жыл сайын Сара Алпысқызының бастамасымен медициналық мекемелерде емделіп жатқан өкпе және қатерлі ісік ауруларымен ауыратын жеткіншектер, сондай-ақ жетім және ата-ана қамқорлығынан тыс қалған балалар шипалы бал алып тұрады. Бұл — балғын ағзаның жан-жақты жетілуі және денсаулықты жақсарту үшін өте-мөте қажет нәрсе.
Биыл республикадағы 228 медициналық һәм әлеуметтік мекемелердегі 17329 балаға 10 мың килограмм бал бөлініп отыр. Демек, әрбір балаға шаққанда 577 грамнан келеді деген сөз.
Балаларға бал сыйлау құрметіне “ЛЭУ фирмасы” ЖШС демеушілік компаниясы ие болды. Шипалы өнім Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығында тексерістен өткізіліп, “таза бал” санатындағы жоғары бағаға әбден сәйкестігі атап көрсетілді. Осынау бірегей табиғи бал ағзаның түрлі аурулармен күресуіне көмектесетін, зат алмасуды жақсартып, өмірлік сергектікті арттыратын дәрумендер мен микроэлементтерге аса бай.
Алматы қаласындағы шипажайларда, ғылыми орталықтарда, ауруханаларда, шипажай үлгісіндегі мектепке дейінгі мекемелерде, балалар үйлері мен мектеп-интернаттарда, Үміт үйінде, SOS балалар ауылында, барлығы 23 медициналық балалар мекемесінде қазіргі уақытта 2493 бала тәрбиеленуде және емделуде. Оларға 1500 килограмға жуық шипалы бал апарып берілді. Балдың тасымалданып табыс етілуін Алматы қаласының балалар құқықтарын қорғау жөніндегі департаменті ұйымдастырғанын айтқан жөн.
Аталмыш департамент Қазақ мемлекеттік циркімен тығыз байланыс жасайды. Өнер иелері әртүрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жөніндегі өтініштерге әрдайым ықыласпен құлақ асады. Айталық, күні кеше өзінің гематология бөлімшелерінде 73 бала емдеуден өтіп жатқан республикалық Балалар аурулары ғылыми-орталығында қайырымдылық шарасы өтті. Цирктің бір топ әртістері жас жеткіншектерге көңілді ойын-сауық қойып берді. Қойылым соңында әрбір бала Сара Алпысқызының сәлемдемесін – “Бөбек” белгісімен өрнектелген пластикті бал қорапшаларын сыйлыққа алды. Жанашыр қамқорлығы мен ақпейілді ықыласы үшін оған балалар мен ата-аналар алғыс жаудырды. Олардың сауығып кетуге деген үміттері арта түсті.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.