• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Наурыз, 2020

Қарағанды облысының әкімі өңір тұрғындарына үндеу жариялады

643 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек тікелей эфирге шығып, өңір тұрғындарына үндеу жариялады. Айта кететін бір жайт, облыс басшысының бұл қадамын Арқа жұрты жылы қабылдады. Нақты деректерге сүйенген жүйелі һәм жігерлі сөз облыс тұрғындарының сенімін күшейтіп, алаң көңілдердегі үміт отын үрледі.

Өңір басшысы өз сөзінде облыста коронавирус індетіне қарсы күрестің қалай жүргізіліп жатқанын жіліктеп айтып берді.

– Қарағанды облысында 540 медицина қызметкері вахталық жұмыс режимімен госпитальдерге ауыстырылды. Қорғаныс маскалары мен дезинфекциялау құралдарының жергілікті өндірісі жолға қойылды. Бірақ қазіргі жағдайда медициналық маскалармен  бірінші кезекте медицина және полиция саласының қызметкерлерін, арнайы қызмет мамандарын қамтамасыз ету керек. Сондықтан мен бұл жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын.

Облыстық бюджеттен материалдық-техникалық жабдықтауға қаржы бөлінді. Осыған дейін медицина қызметкерлерін жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігінің резервтік қоры есебінен костюмдер мен маскалар сатып алынған болатын.

Алдағы уақытта 677 бірлік медициналық техника сатылып алынады. Сондай-ақ, жақын арада тепловизорлардың жаңа партиясының жеткізілуін күтіп отырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы коронавирус жұқтырып, Қарағандыда емделіп жатқан төрт адамның Минск - Нұр-Сұлтан рейсімен 18 наурызда ұшып келгенін, сол сәттен бастап олардың карантинге алынғанын айтып өтті.

«Рейстің басқа жолаушыларында коронавирус белгілері анықталған жоқ. Медициналық персонал санитарлық қауіпсіздіктің барлық шараларын және қажетті хаттаманы ұстануда», деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек 1А санатындағы елдерден қазақстандықтарды қабылдап алуға қатысты кейбір азаматтардың қорқыныштары мен наразы пікірлеріне де жауап бере кетті.

– Қиын жағдайға тап болған отандастарымызға адамгершілігімізді білдіруіміз аса маңызды. Біз барлығымыз бір елдің азаматтарымыз, бұл ұшақтармен ұшып келген жандар бізге бөтен емес. Бізде науқастарды қабылдау, диагностикалау және оқшаулау үшін барлық ресурстар бар, – деп атап өтті облыс әкімі.

Бұдан бөлек, Жеңіс Қасымбек облыстың бас санитарлық дәрігерінің 65 жастан асқан азаматтардың көшелерде жүріп-тұруын шектеу туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

– Аталған санатқа енетін азаматтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмектер жеткізіліп тұратын болады. 28 наурыздан бастап ерекше өкім шығарылғанға дейін алаңы 2000 шаршы метрден асатын барлық сауда орталықтары жабылатын болады. Аталған нысандарда орналасқан тамақ өнімдерін, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сататын орындар әдеттегі режимде жұмыс істейді. Барлық сауда нысандарына тауарлар мен қызметтерді сатуды онлайн-режимге ауыстыру ұсынылды. Ол үшін қарағандылық IT-мамандар жеке онлайн-платформа әзірледі. Сондай-ақ, ауданының көлеміне қарамастан, азық-түліктік емес сауда базарларының қызметі уақытша тоқтатылатын болады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс басшысы өңірде азық-түлік жеткізу жағдайының тұрақты екенін мәлімдеді. Облыстық бюджеттен тұрақтандыру қорын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру үшін қосымша 1 млрд теңге бөлініпті. Яғни, азық-түлік тапшылығына жол берілмейді.

Сонымен қатар, өңір басшысы төтенше жағдайдағы оқшаулану тәртібіне қарамастан, кейбір адамдардың азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіре отырып, шектеу шараларын саналы түрде сақтамай жүргеніне қынжылыс білдірді. Мәселен, ол азық-түлік дүкендерінде санитарлық нормаларды бұзу, жалдамалы үй-жайларда жасырын жаппай іс-шараларды өткізу фактілерінің  анықталғанын мысалға келтірді.

Облыс әкімі қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласына заңсыз жолмен жолаушылар тасымалдап жүрген автокөлік иелерімен полицияның жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

– Төтенше жағдай тәртібін бұзушылар заңның барлық талаптары бойынша жауапқа тартылатынын ескертемін. Бұл ретте ешқандай жеңілдіктер жасалмайды, – деп шегелеп айтты ол.

Сөзінің соңында өңір басшысы облыс тұрғындарын санитариялық қауіпсіздіктің барлық шараларын сақтап, мүмкіндігінше үйде отыруға шақырды. «Біздің ортақ мақсатымыз – инфекцияның таралуына жол бермей, үйреншікті тұрмыс салтына жылдам оралу»,  деп түйіндеді өзінің тұрғындарға арналған үндеуін Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысы