• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Наурыз, 2020

Батыс Қазақстанда қозғалыс шектеледі

895 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері М.Арыспаевтың қаулысымен облыс аумағында коронавирус індетінің келуі мен таралуының алдын алу шаралары күшейтілді.

Бүгін Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев шұғыл брифинг өткізіп, өңірде індеттің алдын алу үшін шектеу шаралары күшейтілетінін хабарлады.

Атап айтқанда, төтенше жағдай кезінде қызметіне рұқсат етілген сауда нысандарының жұмыс уақыты 09.00-ден 21.00-ге дейін шектеліп, келушілердің арасы 1 метрден жақындамау, кезекте 5 адамнан артық тұрмау, тамақ өнімдері қапталған-қорапталған күйінде болуы тапсырылды. Қоғамдық тамақтану нысандары сағат 10.00-ден 18.00 арасында ғана келушілерді қабылдап, оның санын 50 адамнан асырмауы, үстелдердің арасы 2 метрден кем болмауы тиіс. Ал сағат 18.00-ден 22.00-ге дейін тамақты үйге жеткізуге немесе алып кетуге рұқсат етіледі. Барлық жерде санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтіледі.

Облыстың бас санитарлық дәрігері Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті, қала және аудандардың әкімдеріне наурыздың 30-ынан бастап жолаушы тасымалы қызметін шектеуді тапсырды. Яғни емделуге бара жатқан сырқаттардан басқа адамға жеке көлігімен, тіркелмеген таксимен облыстар мен аудандар арасында да жолаушы тасымалдауға тыйым салынды. Шекарадан дипломатиялық қызмет персоналынан бөлек, транзиттік және облысқа қажетті азық-түлік тауарлары бар жүк көліктері ғана дезинфекциялық режимді қатаң сақтап өте алады. Ресей Федерациясына емделуге жіберілген тұлғалардан басқа азаматтар Батыс Қазақстан облысы аумағынан шығарылмайды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы аумағына басқа өңір тұрғындарына кіруге тыйым салынады. Облыс тұрғындары енді емделуге арнайы рұқсаты болмаса, Атырау және Ақтөбе облыстары бағыты бойынша жеке көлігімен жүре алмайды.

Шыңғырлау мен Ақжайық аудандарындағы санитарлық блок бекеттерінде және Ресей Федерациясымен шекарадағы автоөтпелерде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтіледі.

Қаулы талаптарын, сондай-ақ төтенше жағдай режимін бұзған тұлғалар тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 

Батыс Қазақстан