• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2013

Шымкентте бүйректі ауыстыру операциясы жасалды

553 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкент - республикадағы үшінші қала болуы тиіс деген тапсырмасын жүзеге асыру барысында экономикалық, өндірістік және әлеуметтік секторларды қарқынды дамытуда Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен АНАМ Корей университетінің госпиталі (Сеул қаласы, Оңтүстік Корея) екі жақты бірлескен меморандумға қол қойды. Меморандумда көрсетілгендей, медицинадағы түрлі салалар бойынша, оның ішінде бүйрек ауыстыруда Оңтүстік Кореяның жетекші мамандары жергілікті кадрларды оқыту мен кеңес беру, тәжірибе алмасу қарастырылған. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазір облыста 300 науқас созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің ақырғы стадиясы бойынша диализ бағдарламасында тұр, әрі олардың саны жыл сайын көбейіп, төмендейтін түрі жоқ. Оңтүстік Қазақстанда алыс-жақын шетелдерде донорлық бүйрек ауыстыру операциясы жасалған 40 науқас есепте тұрады. Олар өмір бойы құны қымбат иммуносупрессивті дәрі-дәрмектерді тегін алып, оңалтудан өтеді. Денсаулық сақтау басқармасы бұл науқастар үшін облыстық қан орталығында қандағы иммуноспрессивтің концентрациясын тегін анықтауға жағдай жасап қойған. Бұрын олар осы зерттеуге бола Өзбекстан, Алматы, Қытайға барып келуге мәжбүр еді», - делінген хабарламада..

Денсаулық сақтау министрлігінде бүйрек ауыстыруға кезекте 21 оңтүстікқазақстандық тұр. Өңірде трансплантациялық қызметті құруда денсаулық сақтау басқармасы ауқымды жұмыстар атқарып, қазір ағза мүшелерін трансплантациялауға, яғни, ауыстыруға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Биылғы жылдың ақпан айында біздің мамандар трансплантология бойынша АНАМ Корей университеті госпиталінің ( Сеул қаласы, Оңтүстік Корея) базасында және №9 Минск қалалық ауруханасы (Беларусь Республикасы) базасында оқып келді. Қажетті барлық дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдар сатып алынды, донорлар мен реципиенттер дайындалды.

АНАМ госпиталімен бірлескен меморандум аясында биылғы жылдың наурыз айында алғаш рет Қазақстанда бүйрек ауыстыру өңірлік деңгейде – Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында корейлік әріптестердің қатысуымен төрт пациентке сәтті операция жасалды. Қазіргі уақытта барлық олардың барлығы күнделікті өмір салтын ұстануда.

Медицинадағы осы бір аса қажетті бағытты дамытуға Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен Мәслихаты, зор ықпал етуде, солардың қолдауымен 2013 жылы жергілікті бюджеттен 18 млн. тенге бүйрек ауыстыру бойынша мастер-класстарды ұйымдастыруға және өткізуге бөлінді.

Ал 24-31 тамыз аралығында аталмыш жобаны жүзеге асыруда Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында АНАМ Корей университеті госпиталінің (Сеул қаласы, Оңтүстік Корея) мамандарымен бірлескен бүйрек ауыстыру бойынша мастер класстар болуда. Бұл мастер-класстар трансплантациялық қызметке қатысты - нефролог, уролог, хирург, анестезиолог-реаниматолог, трансфузиолог сияқты 28 маманға арнайы ұйымдастырылуда. Іс-шара бағдарламасы бойынша туысқан донордан 7 бүйрек ауыстыру және АНАМ Корей университеті медициналық орталығының трансплантология және қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, профессор Пак Кван Тэ (Park Kwan Tae) лекциялық курстар өткізуде.

Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласында жоғары технологияның белсенді трансферті жергілікті кадрлардың біліктілігін көтеруге, әлемдік деңгейге жақындатуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде біздің өңірімізде тұрғындарға медициналық көмектің жоғары деңгейде көрсетілуіне мүмкіндік береді.

Мұрат Айтқожа.

Соңғы жаңалықтар