Қазір көшелерге көз жүгіртсеңіз, жол-патрульдік полициясы көліктерін жиі көресіз. Бұл, бір жағынан, көңілге кәдімгідей үлкен демеу беретіні рас. Өйткені, жол-патрульдік полициясына тек жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау секілді маңызды міндеттер жүктелгенін ұмытпаған жөн.
Мұндай полиция бөлімшелері 2013 жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын. Әрине, арада көп жыл өте қойған жоқ. Бірақ, ең басты мәселе, жол-патрульдік полициясын құру нәтижесі бұл істің өзін-өзі ақтайтындығын көрсетті. Ал бұлардың саны бұрынғы бір-бірінің ісін қайталайтын бірқатар қызметтердің басын қосу арқылы арттырылған болатын. Сөйтіп, кезекшілікке шығатын полиция жасағы да көбейе түсті. Енді жұртшылықтың бір байқағаны, олар осы қимыл-әрекеттері арқылы кез келген құқық бұзушылықтарға байланысты түскен дабылдарға орай тез қимылдап, көптеген қылмыстың ізін суытпай ашуға септесін болады екен. Соның нәтижесінде, дер кезінде ашылған қылмыс саны 6,9 пайызға артса, жол қозғалысы ережесін бұзушыларды анықтау 7,7 пайызға өсіп отырған көрінеді.
Әрине, мұндай үлгілі үрдіс біздің ел тәжірибесіне соңғы жылдары ғана еніп отырғаны белгілі. Мұндай озық қызмет түрі өркениетті елдердің бірқатарында баяғыдан бері жүзеге асырылып келеді. Сондықтан, олардың көп жылғы жұмысында жеткен жетістіктеріне сай оны үлгі етіп алу көше тәртібін қадағалауда белгілі бір тиімді нәтижелерге нақты қол жеткізуге деген ұмтылыстан туындағаны түсінікті. Мәселен, оған дәлел, өткен жылы қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар саны 3,2 пайызға азайса, соның ішінде көшеде орын алатын құқық бұзушылықтар 4,1 пайызға төмендеген. Сол сияқты, қазіргі кезде елімізде көлік саны жыл сайын емес, ай сайын көбейіп отыр. Бәрін айтпағанда, осы соңғы төрт жылда елімізде түрлі көлік түрінің қарасы айтарлықтай артқанына қарамастан, керісінше, жол апаты азая түскені де байқалды. Міне, мұны да көліктердің ортасында жүріп, жүргізушілердің жол ережелерін бұзбауын мұқият қадағалау арқасында жеткен жетістік дейміз. Қоғамға нақты керегі де осы емес пе?
Жоғарыда жол-патрульдік полициясы 2013 жылы ғана пайда болды дедік. Ал осы жылға дейін жол-көлік оқиғалары (ЖКО) 65 пайызға өскен екен. Соның ішінде жол апаты салдарынан опат болғандар саны 0,5 пайызға, жарақаттанғандар саны 71 пайызға артып кеткен еді. Жол-патрульдік полициясы қызметі өз міндетін орындауға кіріссімен, яғни 2014 жылдың қорытындысына көз салсақ, ЖКО 13 пайызға қысқарған. Апат салдарынан қаза болғандар саны 15 пайызға азайса, жарақаттанғандар саны да 13 пайызға төмендеген. Сол сияқты, былтыр жол апатынан қазаға ұшырағандар саны 3 245-тен 2 390-ға дейін кеміпті. Демек, жол-көлік оқиғаларының біртіндеп болса да азаюы – күшейтіле түскен бақылау нәтижесі екені анық.
Міне, енді сол 2013 жылдан бері қарайғы біздің еліміздегі жоғарыда айтылған тәжірибе нәтижесін ескере келе, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап жол қозғалысын қадағалау түгелдей автопатрульдеу тәсіліне көшті. Оған қоса, тағы бір жаңалық, құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркеу жүйесі енгізілді. Ал бұған дейін осы жүйе арқылы тек жол қозғалысы ережесін бұзғандар ғана анықталатын.
Мұндай бақылау мен ізгілендіру ісінің жақсылығы ұштаса келе, полиция қызметкерлері ала таяқты да ұстамайтын болды. Жүргізушілердің жүйкесіне тиетін ала таяқтың орнына басқа тәсілдердің қолданылуы да өркениеттіліктің бір көрінісі екені анық. Осы арқылы жүргізушілердің де өзара бір-біріне деген сыйластығы, тәртіпке, заңға деген құрметі арта түседі деп ойлаймыз. Сол секілді, көлік құралдарын тоқтату патрульдік автокөліктегі арнайы дыбыс және жарық көмегімен де іске асырылады. Ал кейбір жағдайларда көлік құралдары қолмен белгі беру кезінде бір мезгілде ысқырық үнімен де тоқтатылады. Демек, енді жол полициясы қол көтергенде оны жамандықтың емес, жақсылықтың белгісі деп ұғайық, ағайын!
Александр
ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»