• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Сәуір, 2020

Маңғыстау: Білім беру ісінде цифрлық ресурстар жұмысы жедел жетілдірілуде

346 рет
көрсетілді

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты 16 наурыздан бастап мектеп оқушылары каникулға шығып,  колледж бен ЖОО студенттері қашықтықтан оқытуды бастады, музыкалық мектептер, қосымша білім беру, арнайы білім беру  ұйымдарының жұмыстары тоқтатылған болатын. Ал, балабақшалар өз жұмыстарын штаттық режимде жалғастырып, оларға ата-аналардың еркімен бару құқығы берілді.

Бастапқы кезде облыс көлемінде балабақшаларға жалпы балабақша контингентінің 48% қатысса, бүгінгі күні олардың 11,0% (4429) қатысып отыр.

Ұстаздар 16 наурыздан бастап олар үй жағдайында қашықтықтан жұмыс жасауда. Қазіргі кезде біз олардың цифрлық ресурстамен жұмыс жасауын жетілдіру бағытында жұмыстар атқарудамыз, деді Маңғыстау облысы Білім басқармасының басшысы А.Сейдалиев.

Мектептерге қарағанда колледждер мен ЖОО қашықтықтан оқытуға дайындық деңгейі жоғары, себебі оларда бұрыннан да қашықтықтан оқыту түрі қолданылады. Дей тұрғанмен, олардағы сабақтардың уақытылы кестеге сәйкес өтуіне басқарма тарапынан күнделікті мониторинг жүргізілуде.

Күндізгі бөлімде оқитын 12404 студент қашықтықтан оқытылады. 30 наурыздан бастап оқу процесіне сырттай бөлім студенттері қосылды.

Оның ішінде, 23 колледж  EDUS платформасы, «Мейірбике» колледжі MEIRBIKE платформасы және Ш. Есенов атындағы университеті жанындағы көп салалы колледжі «Lessons.yu.edu.kz» арқылы оқытуда және оларға 1157 педагог тартылған.

Алыстағы ауылдық жерлерде 54 студент тұрады, оның ішінде, 31 студент, интернет желісі жоқ ауылдарда тұрады, 23 студенттің электронды құрылғылары жоқ. Интернет желісінің болмауына байланысты олар аптасына 3 рет туысқандарының үйіне барып үй тапсырмаларын орындайды.

Ал, бүгінгі күнге дейін орта білім беруде қашықтықтан оқыту еліміз бойынша болмаған және бұл мәселе «Білім туралы» Заңда да қарастырылмаған.  Сондықтан, бүгінгі таңда орта білім берудегі қашықтықтан оқыту мәселесі ең күрделі мәселе болып отыр.

Қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша 850 миллионға жуық оқушы қашықтықтан оқыту форматына көшті, осындай шара қабылдауға барлық ел мәжбүр болып отыр. Білім басқармасының басшысы бұл ұстаздарға, ата-аналарға, барлық білім беру ұйымдарына үлкен сынақ деп бағалап отыр, өңірде жағдайға орай тиісті дайындық жұмыстары ұйымдастырылмақ.