• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Сәуір, 2020

14 күндік карантинді сақтамай, қамауға алынды

385 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында коронавирус індетін жұқтыру қаупі жоғары аймақтан келіп, бірақ 14 күндік оқшаулау тәртібін сақтамаған азаматтар қамауға алынды.

Подстепное ауылының У. есімді тұрғыны 2020 жылдың 26 наурызы күні Мәскеу қаласынан келген. Мемлекеттік шекарадан өтіп келе жатқан кезде барлық жолаушы секілді оны да «коронавирусқа» қатысты лабораториялық анализ тапсыруға жіберген. Азамат анализін тапсырған соң нәтижесін күтпей, өз еркімен медициналық мекемеден кетіп қалған. Осы әрекеті үшін ісі сотта қаралып, әкімшілік айыппұл жазасына тартылған.

Бұл азамат соттан кейін дәрігерге қайта бармай, 14 күн карантинде болу міндетін білмеген. Тіпті 29 наурыз күні тексергенде, тұрғылықты мекен-жайында да болмаған. Осылайша төтенше жағдай режимін өрескел бұзған.

Теректі аудандық соты оқиғаға қатысты барлық мән-жайды тексере келіп, У-ды кінәлі деп тапты. Сөйтіп, оны 10 тәулік мерзімге қамаққа алу жөнінде шешім шығарды.

Осыған ұқсас оқиға Теректі ауданының Ақжайық ауылында да болды. 26 наурыз күні Ақмола облысынан келген азаматқа аудандық аурухана қызметкерлері арнайы жолығып, COVID-19 ауруын жұқтыру қаупі жоғары аймақтан келген тұлға ретінде оған карантин тәртібі мен ережелерін сақтауды түсіндірген. Алайда ол бұл талаптарды сақтамай, 29 наурыз күні өзінің тұрғын жайын тастап, басқа ауданға кетіп қалған. Теректі ауданының №2 соты әкімшілік құқық бұзушылық істі қарап, төтенше жағдай режимін бұзған тұрғынды 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.

Коронавирус індетін одан әрі таратпай, ауыздықтау үшін әлем елдерімен бірге Қазақстан да республика бойынша төтенше жағдай жариялап, кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. Мемлекет қазынасынан миллиардтаған теңге жұмсалып, сап-сау адамдардың өзі үйден шықпай, оқшауланып отырған уақытта, індет қаупі жоғары аймақтан келген жерлестеріміздің салғырттығы мен жауапсыздығын кешіруге болмайды.

 

Батыс Қазақстан