• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Сәуір, 2020

Гүл нарығы да найқалып жатыр...

481 рет
көрсетілді

Жыл сайын 12 млрд дана гүл сататын елдің гүл-гүл жайнап тұрған өмірін өте ауыр көңілсіздік жайлағаны сезіліп-ақ тұр.

Әлемді әбігерге салған індет қай саланың болсын қарыштап дамуына құрсау болып тұр. Оның ішінде кәсіпкерлердің тірлігі кәдімгідей тұралап қалғаны біздің өзімізге білінуде.

Кеше ғаламтор бетінен Нидерландыдағы гүл нарығының құлағанын көзіміз шалып қалды. Шынымен бүгінде «Байтал түгіл бас қайғы» демекші, сүйіктісіне гүл сыйлауға ешкімнің зауқы жоқ сияқты.

Аталған ақпаратты оқып отырсақ, гүл сатумен айналысатын ірі компаниялар карантин салдарынан сатылымның күрт төмендеуіне байланысты флоралық өнім мен гүл сату кәсібін тастауға мәжбүр.

«Коронавирус – бұл голландтық гүл өнеркәсібі үшін апат болды... Біздің нарықтағы табысымыздың 85% пайызы жоғалды», дейді Royal Flora Holland компаниясының баспасөз қызметкері Мишель Ван Ши. Жыл сайын 12 млрд дана гүл сататын елдің гүл-гүл жайнап тұрған өмірін өте ауыр көңілсіздік жайлағаны сезіліп-ақ тұр.

Мақалада сондай-ақ кейбір голландиялық гүл өсірушілер медицина қызметкерлерінің жұмысын қолдау есебінде ризашылық білдіріп, тегін қызғалдақ таратуға жүгінгендері айтылған.

Оны оқып отырған онлайн-оқырмандар қарап қалмай салы суға кеткен саудагерлерге тегін «ақылдарын» әлеуметтік желінің бетінде төпелеп жатыр. Бір білгіш «бізге де тегін таратып бере салсын» десе, екіншісі кәсіпкерлерге жандары ашығанын айтып «Обал болыпты, ол гүлдерді не сата алмайсың, не жей алмайсың» деп соңын әзілге сүйеген.

Осы кезде жыпырлаған жазбалардың ішінен бізді жымитқан әрі ойландырып тастаған бір пікір шыға келді. Осы қысылтаяң шақтың өзінде гүл саудасын гүлдендіріп отырған отандастарымыз бар екен. Байқауымызша әлгі жеке кәсіпкерлер гүлді үйіңізге дейін жеткізіп берумен белсенді айналысып жатқанға ұқсайды. Инстаграмдағы парақшасына кіріп қарайтын болсаңыз, шынымен де құшақ-құшақ гүл шоқтарын үй-үйге жеткізіп беріп жатқан қыз-жігіттерді көресіз...

Әрине, мынау көңілсіздік жайлаған жер бетін сұлулық, сәл ғана мейірім құтқаратыны сөзсіз. Дегенмен қадам басқан сайын қатердің жақындай беретінін әсте есімізден шығармағанымыз абзал ғой.

Мирас АСАН,

«Egemen Qazastan»